13 Қаңтар, 2017

Салауаты – өліге, сауабы – тіріге

2063 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Газетіміздің өткен жылғы 11 қа­рашадағы санында «Жаназа асы жиналысқа айналмаса етті» де­­­ген тақырыппен жария­лан­ған ав­торлық баға­ны­мызға қа­лың оқыр­ман тарапынан бір­ша­­ма қы­зығушылық бол­ға­нын бай­қа­дық. Әрине, адам­ның адам­шы­лы­ғы, ар-иманы, мұсыл­ман­дық па­рыз бен ата жолына адал­­ды­ғы сынға түсер осындай өзек­­­ті мә­се­ле­де көп­шіліктің бей­жай қал­май, бел­сеніп шығуы құп­тар­лық. Мұ­ны «Өлі разы болмай, тірі байы­май­ды» дейтін қазақтың өткен аруақ­тарға бата оқыр, жаназа, ас бе­ру сықылды өлік жөнелтудің рә­сім-жоралғыларына деген риясыз құр­­меті деп түсінсек керек-ті.

Салауаты – өліге, сауабы – тіріге

Осы орайдағы орынсыздықтар, әлбетте, аруақ пен ата салтын сыйлайтын, көкірек көзі ашық әрбір адамды толғандырып, жанына батары күмәнсіз. «Біздің қазақ тойды да, жаназаны да, садақаны да – бәрін-бәрін шоуға айналдырып жіберді, – деп жазыпты газет көтерген тақырыпқа үн қосқан атыраулық Боранбай Ғалиев деген азамат. – Бұған, бір қызығы, естісі де, есері де, көлденең көк аттысы да ештеңе демейді. Осындай жерлерде жөн сөз сөйлеп, дұрыс бағыт көрсетіп жіберетін молдаларымыздың уахабист, зиялыларымыздың «артист» болып кеткенін несін жасырамыз?! Тіпті, басалқы айтады дейтін ақсақал сана­тын­дағылар ешкімге жеккөрінішті болғысы келмей, ақиқаттан бойларын аулақ салып, тасада қалып, тыныш жан бағудың қамында жүргені қынжылтады»… Иә, ащы дауыстың ашынғаннан шыққаны анық.

Екібастұздан Сайлау Байбосын мақа­ла­да көрсетілген келеңсіздіктерді екі күн­нің бі­рінде көздері көріп жүргенін айта келе: «…Тағы бір байқағанымыз, атақ-абы­ройы бар адамның жаназасын басқаруды кейбіреулер, тіпті, сұрап алады. Сондағы пасық мақсаты – жаназаны шын көңі­лімен жүргізу емес, керісінше, «Пәлен­байдың жаназасын пәленшекең жүргі­зіпті!» деген атақ үшін. Ниет таза болма­ғасын аузына не келсе, соны айтады. Тыңдап отырып өзің ұяласың» деп назаланады.

«Пенде» деген бүркеншік атпен түс­кен пікір жаназа асын өткізуге байланыс­ты біраз жайдың бетін ашқан екен: «Осы ойтүрткі мен азаматтардың пікірлері менің біраз уақыттан бергі көке­йімде жүрген жайттарды оятқандай болды. Құдай өзі бетін аулақ қылсын, осы сияқты топырақ салу немесе қырқына, иә болмаса жылдық астарға көптің бірі ретінде қатысып жү­реміз. Кейінгі кезде осындай жиындарды басқарушылардың, құдды бір той асабасындай желпілдеп, айтқан кейбір сөздерін естігенде қынжылып-ақ қаласың. Сол жиынға себепкер болған марқұм жөнінде небір артық, әсіре сөздер айтылып, жер-көкке сыйғызбай мақтаудың неше атасына бөлеп жібереді-ау, шіркіндер. Қайтқан рухқа оның өзеуреген көлгір сөзінің еш пайдасы жоқ, бос былшыл сияқты болып көрінеді маған. Және бізде біреу дүниеден өтсе, ана молданы емес, мына молданы әкел деп арнайы тағайындап қойылғандай, әлдебіреуді алалап іздестіріп жатады. Нақ сол айтқаны болмаса, имансыз қалатындай көрінеді. Сонымен бірге, жаназа кезінде біздің қайсыбір молдекеңдердің де көпшілікке қаратып айтқан кейбір сөздері көңілге қонбайды-ақ. Мысалы, «Көрмеген көшесінен жарылқасын» дейді. Сонда о дүниеде көше бар ма екен? Менің ойымша, марқұмның рухына ешқандай мипаз мақтаулар мен күміс қаптаулар қажет емес сияқты. Тек арнайы шын ықылас­пен барып, бір уыс топырақ салып, көп­тің қата­рында мұсылман қауымының барша аруақ­тарына дұға оқылып, бата жасалғанда қалтқысыз ниетпен бет сипау нағыз мұ­сыл­манның міндет-парызы деп санаймын. Және де «Сен де мендей болғансың, мен де сендей болармын, аруа­ғыңның алдында, пендешілікпен біліп-білмей істелген күнәлі іс, ғайбат сөзде­рім болса, ғафу-рахман, бауырым, сенің рухың таза, бақұл бол» деген ойға келсек болмас па».

Ойлы оқырманның «Егемен» сайтын­дағы пікірі осындай екен. Шынында да, о дүниенің шегінен аттағаннан кейін аруаққа мақтау да, мадақ та керек емес. Оның рухы тек дұға дәметеді. Себебі, о дүниеде оған тек иман байлығы ғана жолдас бола алады. Абай ғақлиясына зейін қойсақ, сөздің басы, әуелі аят, хадис болуы керек. Жиналыс емес. Әйтпесе, кейбір ғылым докторы, академик ағалардың жаназа, басқа астары ғылыми конференцияға айналып кеткенін көзіміз көріп, көңіліміз жасып жүр. Бұл арада имам, молдалар тізгінді өз қолына алып, Алла құлшылығы, аруақ разылығы үшін мұсылмандық уағызға, имандылық сөзіне көбірек ұйытқаны дұрыс па дейміз. «Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген сөз қазір ескірген. Өлік жөнелтудің, қимас жақындарымызға соңғы қош-қошымызды айтудың өнегелі жақтарына ұмтылайық. Сөйтсек, оның салауаты – өліге, сауабы – тіріге жазылары хақ.

Қорғанбек АМАНЖОЛ,

«Егемен Қазақстан»