21 Ақпан, 2015

Жасампаздық жұмыстардың жалғасқаны жақсы

320 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
ERA_9639 Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу туралы ұсынысын қолдаушылар қатары күннен-күнге артып келеді. Кеше осы мәселеге орай Ұлттық академиялық кітапханада бас қосқан «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері өз үндеулерін қабылдады. Ұсынылған мәтін жобасын Қоғамдық бірлестік төрайымы Бибігүл Жексенбай жария етті. Аталған үндеу «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі Қазақстан медиа-қоғамдастығы өкілдерінің атынан Қазақстан Республикасы Президентін мерзімінен бұрын сайлауды қолдайтындарын білдіреді, деп басталған. Бастама ел мүддесінен және халықаралық экономикалық жағдайдың тұрақсыздығынан туындап отырғандығы ерекше аталып, президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізу қоғамды ауқымды мақсаттарға жету жолында ынтымаққа шақыра алатынына сенім білдіріліпті. Үндеу «Алдағы уақытта мем­­­лекеттік аппарат пен барша қа­зақстандықтардың күш-жігері экономикадағы дағдарыс тренді­нің салдарын азайтуға бағытта­луы тиіс. Бүгінгі күн­де Қазақ­стан әлеуметтік-эконо­ми­калық даму­дың табысты көрсеткішін, сондай-ақ, еліміздің бірлігі мен гүлденуінің бейбіт­шілік қорғаны екенін көрсетіп отыр», делінген үндеуде. Осыған орай, Қазақстан халқы Ассамблеясы мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізуді ұсынғаны құптарлық жәйт. Елімізде медиа сала мен азаматтық қоғам институттары қарқынды түрде дамуда, олар өздерінің жобаларын қоғамның әртүрлі әлеуметтік саласында тиімді пайдалануда. Дамыған 30 елдің қатарына кіру идеясын құптау мақсатында барлық қазақстандықтарды, барлық бұқаралық ақпарат құралдарын және үкіметтік емес ұйымдарды Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің ұсынысын қолдауға шақырамыз, деп аяқталған. Үндеуді қолдайтындықтарын білдірген Қоғамдық бірлестік мүшелері өз ойларын ортаға салды. Алдымен сөз алған «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов қазір бүкіл халық бір идеяның, соның ішінде бір ұсыныстың төңірегіне жұмылып отыр деп айтудың ешқандай артықтығы жоқ екендігін тілге тиек ете кетті. «Барлық буын мен топ өкілдері Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің ұсынысын көкейге әбден қонымды деп есептейді. Оның үстіне, бұл ұсынысты саяси күштер қолдауда. Барлық бұқаралық ақпарат құралдары бетінде толық қолдау тауып келеді. Қай жағынан қарағанда да бұл өте орынды», деді С.Абдрахманов. Ол, сонымен қатар, сайлауды мерзімінен бұрын өткізуді екі жағдайға негіздеді. «Біріншіден, екі сайлауды бір жылда өткізу Конституцияға қайшы екендігін айтудың өзі жеткілікті. Екіншіден, қазіргі әлемде қалыптасып отырған жағдай біз өзіміздің мемлекетіміз үшін тағдыршешті мәселені осы кезде өзіміз шешіп, жасампаздық жолымызды жалғастыруымызға мүмкіндік алу керек екенімізді көрсетеді. Сондықтан бұл ұсынысты біз толық қолдаймыз», деді. Осы тұрғыдан келгенде, «Егемен Қазақстан» газетінде күн сайын мол материалдар басылуда. Барлық басылымдар мен арналар да осы мәселені көтеріп келеді. Олай болса, «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің ұсынысы қай жағынан болса да қолдауға лайық. Бұдан кейін сөз алған «Казах­­­станская правда» газетінің бас редакторы Татьяна Костина бұл журналистер қауымы үшін маңызды оқиға болғандығын, сондықтан да газет ұжымы Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысын қол­дағандықтарын алға тартты. «Бұл ұсыныс дер кезінде қабылданған дұрыс шешім болды. Өзім де Ассамблея Кеңесінің отырысына қатысып, Кеңес мүшелерінің дәйекті сөздерін естіген едім. Сондықтан да салмақты шешім болғанына еш күмәнім жоқ. Газетімізге толассыз келіп жатқан қолдау хаттардың көптігі де осы шешімімізге оң ықпал еткенін айта кету керек», деді бас редактор. Сондай-ақ, отырыста сөз алған «Украіньскі новини» рес­публикалық газетінің бас редакторы Тарас Чернега елорданың әлем таныған қалаға айналып, ал еліміздің халықаралық дәрежеде мойындалғаны Пре­зидент Н.Ә.Назарбаевтың арқа­сында мүмкін болғандығын ерек­ше атады. Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы қоғам тарапынан қызу қолдауға ие екенін алға тартқан Т.Чернега этностық басылымның бірі ретінде өзі басқарып отырған газет ұжымы да аталған ұсынысты қолдайтындығын жеткізді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан». АСТАНА.