21 Ақпан, 2015

Жездемнің басты ерлігі

491 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
фото-7Жас асқан сайын сенің жылы сөзіңді, арқадан қаққан ағалық ықыласыңды күтетіндер көбейе береді екен де, кейде солардың ортасында отырып, өзің де біреуге еркелегің, айналып-толғанған мейірімін естігің келіп тұратыны бар. Сондай айрықша бір сағынышымды туғызатын адам – қайтқанына алдағы наурызда жыл толатын жездем Құлахмет Қалменов еді. Марқұм ақжарқын, ақкөңіл болатын. Қай кезде көрсең де, қай кезде телефон арқылы хабарлассаң да әдемі әзілі, жарасымды қалжыңы әзір тұратын. «Әй, сен көрінбей кеттің ғой, бір келіп әпкеңнің жүзін жадыратып кетсеңші. Әпкеңнің жүзі жадырап тұрса, ішкен асым бойыма жақсы сіңеді», дейтін. Екі мыңыншы жылдардың басында үйге келді, қасында әпкем Күмісжан және інісі Әбдіжәлел Бәкір бар екен. – Қызметтегі адамсың ғой, қолың тие бермес. Бірақ соңғы жылдардың өзінде Шымкентте үш рет болдың, үш ретінде де мына әпкең қазанын көтеріп, балалары мен келіндеріне айтып, күтіп отырды. Дайын тамақ рәсуа болмасын деп, көрші-қолаңды шақырып, қызығын мен көрдім, – деп мәз бола күліп алды. – Әпкеңнің алдында айтшы, өкпең болса, көтеріп алуға дайынмын. ...Қайдан өкпе болсын, біз жете танымайтын адамдар сырттай қамқорлық жасап, бауырмалдық танытса, ризашылықтан өзге не болсын. Әкеміз қайтқанда, үлкеніміз он екіде – үш бала, әкеміздің қырқын өткізісімен шешеміз төсек тартып ауырды. Сондай жағдайда жүргенде, аққұба өңді жап-жас келіншек егіл-тегіл жылап келіпті. Біздің кішкентай кезіміз, оны біле бермейміз. Бірақ шешеміз жазылып, тұрмысымыз түзелген соң апам ылғи бізді құлағдар ететін: «Сол әпкелеріңді іздемедіңдер ғой, артынан барсаңдар, қыз бала қуанып қалар еді», деп отыратын. Толғауы тоқсан тіршілік қашан жөн беруші еді, бір реті келмей-ақ қойды. Апам қайтқанда әпкем қырқы өткен соң келді. «Хабар бермедіңдер ғой», деген ренішін айтты. Көкем қойда еді де, демалысқа келген мен және ортаншы ағайым әйелімен болдық. Біраз отырып, жұбату сөздерін айтып, қайтып кетті. Кейін көкем бізге ұрысты: «Тұратын жерін, телефонын неге алып қалмадыңдар?» дейді. Содан көкем қайтыс болғанда келгенінде әпкемізбен жөн сұрасқанбыз. Тәуіп болған әкеміз төстен – Талғар, Есікті, Түргеннен тартып, табандағы ескі Ілеге дейінгі аралықтағы ауылдарды есек арбамен аралап жүреді екен. Сұраған адамдарға ем-домын жасайтын сондай сапарларының бірінде аталас қарындасын тауып, кейін үзбей қатынасып тұрады. Әпкемнің айтуына қарағанда, бірде кездейсоқ келіп: «Түнімен ұйықтай алмадым, Күмісжан ауырып қалған екен», дейді. Шынында да, бойжеткен қыз қатты ауырып жатыпты. Әкеміз дәрісін беріп, бір күн қасында болып, кетерінде: «Қызың жазылады және бұл аурумен енді қайта ауырмайды», депті. Әпкем содан қайтіп жұтқыншағының ауырмауын ағасының емінен деп біледі. Өз анасының әкемізді құрметтеуі қызына да жұғысты болып, туыстығымыз бүгінге дейін созылып келеді. Бірде зайыбым екеуміз Шым­кенттегі үйлерінде болдық. Біздің келетінімізді естіп, құдаларын, достарын, көршілерін шақырып, кішігірім той дастарқанын жайып қарсы алды. Бізді өзінен жоғары шығарып отырғызды да, үй иесінің ықыласына қарай, өзгелер де қошемет көрсетті. Сол жолы біраз әңгімесін айтқан. Тілектің кезегі маған келгенде Мәскеуде оқығанын, үш облыстың ішкі істер басқармаларын басқарғанын, қатардағы қазақтың баласы ішкі істер генерал-майоры дәрежесіне дейін көтерілгенін, үш баланың әкесі болғанын айтып, осылардың бәрі бір-бір ерлікке баланады деп келе жатқанда, әпкемнің ас үйге шыққанын көріп, мені тоқтатып қойды. – Осы жерден бастап, әпкең келгенде айтарсың, – деді де, «бірақ басты ерлігім сенің әпкеңе үйленгенімде, қолымды жеткізгенімде» дегенді ақырын қосты. – Бұл сөзді неге ақырын айттыңыз, әпкем естіп қоймасын дегеніңіз бе? – дедім. – Әпкең оны естімесе де сезеді, – деп отырғандарды мәз қылған. Әпкеміздің өз бойына шақталған тәкаппарлығы да, ашушаңдығы да бар екенін білгендіктен кезінде әпкеміздің артынан көп жүгірген екен деп түйгенмін. Кейін жездемнің өмірбаянын қарап отырсам, Мәскеуден оқып келуі мен үйленуінің арасында бір-ақ жыл бар екенін көріп, әпкеме телефон шалдым: «Осы генерал Қалменов соңыңыздан қанша жүгірді?» деп сұрадым. Әпкем күлді, сөйтті де: «Күзде таныстық, көктем шыға үйлендік қой» деді. «Тегі жылға да жетпепті ғой». «Сол тұста мен КазГУ-дың филфагын бітіріп жатқанмын...». «Университеттің дип­ломымен милиционерге шығып неңіз бар еді?». «Бірінші сұрағыңа байланысты, мен оқыған Еңбекшіқазақ ауданының мектебі облоно арқылы университетке сұранысын жіберіп қойған, ол кезде жолдама берілсе, сонда баруың керек. Оның үстіне ол қатардағы офицер болатын, «өсу үшін мен облыстарға сұранамын, сондықтан жолдамаға дейін үйленіп алайық», деп үгіттеді. Әрі-бері ойласам, жөн сияқты. Ең бастысы бұл жігіт бойымдағы сезімімді оята білді, ал сезім деген погондағы жұлдызшаға да, таныстығымыздың аздығына да қарамайды екен». Жездемнің басты ерлігі әпке­мізге үйленер алдында соңынан жүгіргендігі емес, тіпті, де ол емес екен. Алпыс жылдан астам уақыт отасып, адал жар болған, ұрпағын жалғастырып, әрқайсысын бөлек отбасы етіп түлеткен, немерелерін атасына жеткенше асығып тұратындай етіп тәрбиелеген, кейін ауырғанда күйеуінің аяғы да, қолы да болған, ақылшысы, тірегі, ең жақын туысы дәрежесіне жеткен адамды тапқанында екен ғой. Генерал Қалменов зейнет демалысына шыққан соң үш түрлі өнер шығарды. Біріншісі – жастарға бойында барын үйрету. Ол қайтыс болатын күні де полицейлер мектебінде болып, олардың алдында екі сағат бойы шеберлік сабағын өткізген екен. Екінші өнері – үй салу. Көктем, жазда хабарласып үлгермей, күзде телефон арқылы іздей қалсаң, жаңа үйін қалай салғанын айтып, қашан келіп көретініңді сұрайды. Үшіншісі – шығу тегін білуге құмарлық, соны зерттеу, сол үшін Атыраудан Алтайға дейінгі аралықты аралап өткен. Үшеуі де – бейбіт мақсат. Ол өмір бойы сол үшін қызмет етті. Жездеміз Құлахмет Қалменовтің басты ерлігін де – әпкеміз Күмісжанға үйленуін де осы бейбіт мақсатқа қызмет ету үшін жасағаны анық. Ержұман СМАЙЫЛ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.