Шыңғырлаудағы аурухана ғимараты 1976–1977 жылдары бой көтеріп, сол кезде Орал облысындағы ең үлкен аудандық нысан атанған екен. 180 кереуеттік аурухана 30 мыңнан аса тұрғыны бар ауданға қалтқысыз қызмет көрсеткен. Соңғы жөндеу жұмысы 2008 жылы жүргізілгенімен, одан бері де біраз жыл жылжып өтті. Ескіре бастаған емдеу орнын қайта жаңғырту аудан халқының көптен айтылып жүрген тілегі-тұғын. Содан да болар, «Amanat» партиясының 2023–2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасына Шыңғырлау ауруханасын күрделі жөндеу мәселесі де кірген еді. Міне, халық тілегі орындалды.
«Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в.» компаниясы «Әлеуметтік жауапкершілік шеңбері» бағдарламасы аясында қаражат бөліп, «БатысКотлоМонтаж» фирмасының құрылысшылары тапсырысты жіті, сапалы, ұқыпты орындап шықты.
– Халық денсаулығы – ел дамуының басты құндылығы. Медицина саласын қолдау, емдеу мекемелерінің жағдайын жақсарту – әрбір азаматтың өмір сапасына тікелей әсер ететін аса маңызды іс. Осының негізінде Шыңғырлау ауданында орталық аудандық аурухананың стационар ғимараты толық көлемде күрделі жөндеуден өткізіліп, халық игілігіне қайтадан пайдалануға берілді, – деді нысанның ашылу салтанатына арнайы келген Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Тілепберген Қайыпов.
Жаңарған аурухана ғимаратында хирургия, терапия, балалар, жан сақтау бөлімдері, перзентхана, зертхана, сондай-ақ ас әзірлейтін бөлім мен дәріхана толықтай күрделі жөнделіп, аурухана бастан-аяқ заманауи медициналық жабдықтармен қамтылды. Мекеме басшысы Қылыш Жазықбаевтың айтуынша, мұндағы жабдықтар, жаңартылған бөлімдер халыққа сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсетуге толық мүмкіндік береді. Осылайша, өңірдегі денсаулық сақтау инфрақұрылымы айтарлықтай жақсарды.
Аурухананың ашылу салтанатына «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в.» компаниясының әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар бөлімінің менеджері Қайрат Бимағанбетов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Ғұбайдуллина, «Amanat» партиясы БҚО филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Афиза Семғалиева, Шыңғырлау ауданының әкімі Мұрат Өмірәлиев қатысты. Салтанатқа аудандық ауруханада әр жылдары басшылық еткен бас дәрігерлер де шақырылған екен. Ардагер дәрігер Қозыкеш Омаров бастаған бір топ майталман маман бірі Оралдан, бірі Ақтөбеден арнайы келіп, елдің қуанышына ортақтасты. Меймандар аурухана ауласына көшет егіп, естелік қалдырды.
Аудан тұрғындары жаңарған аурухананы аралап көріп, ішкі-сыртқы көрінісіне қатты риза болды. Дегенмен осы күнді ең тағатсыздана күткендер аурухана ұжымы болса керек. Құрылыс жұмысы басталған ерте көктемнен бүгінге дейін жайсыз жерде жүрсе де халыққа үздіксіз медициналық қызмет көрсеткен ұжымның еңбегі зор. Мемлекеттің шынайы қамқорлығын көрген ақ желеңді абзал жандардың жұмысы енді бұрынғыдан да сапалы бола түседі.
Шырайы кірген Шыңғырлау ауруханасы Ақжайық өңірі халқының әлеуметтік ахуалын жақсартатын кешенді жұмыстың бір көрінісі ғана. Тілепберген Ерсайұлының айтуынша, облыста соңғы кезде 50-ге жуық жаңа медициналық нысан салынған. Дәл осы Шыңғырлау ауданында жаңа теміржол вокзалы бой көтереді. Ауданның Ақтау, Ардақ, Алмаз ауылдарында биыл жаңадан ветеринарлық пункттер ашылып, мал дәрігерлеріне жаңа 5 «Нива» автокөлігі берілді. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту» бағдарламасы аясында 338 млн теңге игеріліп, Сегізсай ауылында су құбыры тартылды. Нәтижесінде, аудан халқының ауызсумен қамтылу деңгейі 100%-ға жетті. Ауданда 990 шағын және орта бизнес нысаны тіркелген, оның 942-сі белсенді жұмыс істейді.
– Бұл – ауданымыздағы кәсіпкерліктің тұрақты дамуының және тұрғындарымыздың іскерлік белсенділігінің айғағы, – дейді аудан әкімі М.Өмірәлиев.
Батыс Қазақстан облысы