Теріскейдегі қазақ баспасөзінің қарашаңырағы – «Солтүстік Қазақстан» облыстық газетінің алғашқы нөмірі оқырман қолына тигеніне 95 жыл толып отыр.
Басылым 1920 жылы Ресей коммунистік партиясы (большевиктік) Сібір бюросы мен Ақмола губерниялық революциялық комитетінің органы ретінде Омбы қаласында «Кедей сөзі» атауымен дүниеге келген болатын. Ал 1921 жылғы 7 наурыздан бастап РКП(б) Ақмола губерниялық комитеті мен губревкомның органы ретінде губерния орталығы болып белгіленген Петропавл қаласында «Бостандық туы» атауымен шығарылған. 1928 жылғы 14 қарашада – «Кеңес ауылы», 1932 жылғы 1 мамырда «Ленин туы» деп өзгертілген. 1993 жылғы 1 желтоқсанда қазіргі атауына ие болды.
«Газетіміздің іргесін қалаған Алаш арыстарының алға қойған мақсаты қандай еді?» деген сауал төңірегінде ойлансақ, Мағжан Жұмабаевтың «Кедей сөзінде» жарияланған «Автономия кімдікі?» атты мақаласы көп жайдан хабар бергендей. «Бостандық – елдікі! Автономия – елдікі!.. Айлы, күнді, қанды, отты тарихы бар; кең, бай, терең тілі, әдебиеті бар; басқаларға үйлеспейтін төресі, шаруасы бар – қазақтікі. Жүздеген жылдар орыс ақсүйектері мен байларының тепкісінде елдігін ұмытпаған Алаштікі», – деп толғанған ұлы ақынның азаттық туралы асыл арманы, асқар мұраты арада ғасырға жақын уақыт өтсе де, көкейкестілігін жоғалтпай, бүгінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясымен астасып жатыр емес пе?! Өйткені, газет қызметкерлері әуелден әділдік пен теңдікті ту етіп ұстанып, халқымыздың іргелі ел болуы жолында қалтқысыз қызмет етуді өздерінің басты мақсаты еткені әмбеге аян. Газеттің екінші атауы «Бостандық туы» болғандығы да осыны аңғартқандай.
Қарашаңырағымызда тұтас түрік әлемінің жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаев, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жалынды публицист Смағұл Сәдуақасов, сондай-ақ Қошке Кемеңгеров, Сәбит Мұқанов, Жақан Сыздықов, Мәжит Дәулетбаев, Елжас Бекенов, Шахмет Құсайынов, Әлжаппар Әбішев, Әбділда Тәжібаев, Дихан Әбілев, Сейітжан Омаров, Жиенғали Тілепбергенов, Жұмағали Саин, Асқар Тоқмағамбетов, Әбдірахман Айсарин, Ғалым Малдыбаев, Сафуан Шаймерденов сынды атақ-даңқы алысқа жайылған қаламгерлер қызмет еткендігін айрықша мақтан тұтамыз. Олардың ізін басқан кейінгі буын өкілдері де Кеңес Өкіметі тұсында ұлттық құндылықтарымызды, ана тіліміз бен ата салт-дәстүрлерімізді дәріптеуге мүмкіндігінше көңіл бөлген. Алайда, «қызыл империяның» мүддесін көздеген коммунистік билік ұлы Мағжанның өшпес рухы сезілген, қазақшыл басылымның шаңырағын 1963 жылы жауып тынғандығы тарихтан белгілі. Бұл Тың өлкесін Ресейге қосу туралы ойын ашық айтқан Кеңес Одағының сол кездегі бірінші басшысы Никита Хрущевтің тұсы еді. Биыл дүниеге келгеніне 100 жыл толғалы отырған аса көрнекті мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшеновтің басын бәйгеге тіккен қаһармандығының арқасында қазақ жерінің тұтастығы сақталып қалғаны мәлім. Сондықтан да газетіміздің 1966 жылы қайтадан ашылуын, ең алдымен, ұлтымыздың ұлы перзенті – Жұмабек Тәшеновтің есімімен байланыстырып, есіл Ердің алдында тағзым етуге тиіспіз. Осы ретте кезінде Қызылжар өңірінде басшылық қызметтер атқарған ардақты азамат есімі жақында Үкімет қаулысымен Петропавл қаласындағы №20 қазақ орта мектебіне берілгендігін айта кеткен жөн.
Газет ұжымы қашанда Мағжан бастаған Алаш арыстарының ұлы ісіне адалдығын сақтап, ұлт мүддесіне аянбай қызмет етіп, Қызылжар жұртының рухани көшбасшысы ретінде танылып келеді. Бүгінде алдыңғы толқын қаламгерлер өздерінің бір кездегі білікті басшылары, ұлағатты ұстаздары және дарынды әріптестері болған Уәп Рахымжанов, Бақыт Мұстафин, Мұхамедқали Нұрғожин, Рәшид Бәдірленов, Серік Хасенов, Мәлік Мұқанов, Амандық Әбжанов, Мереке Тұралин, Әмір Қожахметов, Қайырбек Баймұқанов, Ербол Шаймерденов, Құрман Рамазанов, Роза Молдақова және басқаларды сағынышпен еске алып отырады. Алдымызда жүрген ардагер ағаларымыз Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Ожан Қали, Қазақстанның құрметті журналистері Мұрат Нұрмұқанов, Әскер Әбілқайыров, Амандық Жантеміров және белгілі сатирик-жазушы Жоламан Шахановтың орындары – әрдайым қарашаңырағымыздың төрінде. Ал бір топ аға әріптесіміз зейнеткер атанса да, өткір қаламдарын қолдарынан тастамай, өндірте жазып, қалтқысыз қызмет істеп жүр. Олардың ішінде белгілі журналист, жазушы, қоғам қайраткері, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Жарасбай Сүлейменовтің орны ерекше. Ұжымның бірінші басшысы ретінде еліміздің тарихындағы өтпелі кезеңде редакцияда қордаланып қалған көкейкесті мәселелерді табандылықпен шешіп, дарынды жастарды қызметке тартып, басылымды шығармашылық жаңа биікке көтере білген Жарасбай Қабдоллаұлы кейін Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Халық қалаулысы бола жүріп, нелер көкейкесті мәселелерді өзіне тән журналистік өткірлікпен қозғап, елімізге кеңінен танылған аға әріптесіміз содан соң бірнеше жыл «Егемен Қазақстан» республикалық газеті бас редакторының орынбасары қызметін де абыроймен атқарды. Ал, былтыр «Қызылжарым!» деп соққан жүрек қалауымен туған өңіріне оралып, өзінің ұшқан ұясы – «Солтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторлығы қызметін қайтадан қолына алды. Бүгінде басылымымыздың шығармашылық тың ізденістермен танылуына тікелей ұйытқы болып жүр.
Майталман журналист, белгілі ақын Болат Қожахметов жетпістің ауылына жақындап қалса да, «Солтүстік Қазақстан» газеті шеф-редакторының орынбасары ретінде жас журналистердің шеберліктерін жетілдіруге аянбай атсалысуда. Нұрсайын Шәріп, Тоқтар Зікірин, Зейнолла Әкімжанов сынды өлең сөзге де, қара сөзге де қамшы салдырмайтын журналист, ақын ағаларымыз жастармен жарыса жұмыс істеуде. Олардың өкшесін басып келе жатқан Зарап Құсайынов, Қошан Қали, Ләйла Жанысова, Гүлгүл Төлешева, Алма Жүсіпова сынды журналистер еңбегі әртүрлі деңгейде әділ бағасын алды. Ал ізбасар кейінгі буынның ішінде Арайлым Бейсенбаева, Жадыра Қанафина, Қанат Атаманов, Нұргүл Оқашева сынды алғыр да ізденімпаз жастар үлкен үміт күттіреді.
Тәуелсіздік жылдарында Қызылжар өңірінде ана тілімізге құрмет пен құлшыныстың артуының арқасында «Солтүстік Қазақстан» газетінің таралымы екі еседен астам өсіп, бүгінде 10 мың данадан асты. Бұған қоса, кәсіпорын директорының орынбасары – «Солтүстік Қазақстан» газетінің шеф-редакторы Роза Шәкенованың көп күш-жігер жұмсауының және «Қазконтент» акционерлік қоғамының қолдауының арқасында жасалып, қалыптастырылған сайтымыздың ай сайынғы тұрақты оқырмандарының саны қазір 19 мыңнан асып, бұл жөнінен облыстық қазақтілді басылымдардың алдыңғы легінен көріндік. Бұл да шығармашылық ұжымға ортақ жетістік. Өйткені, оқырман газет бетінен де, сайтымыздан да қызғылықты дүние іздейтіні даусыз.
Газетті шығарушы «Қызылжар-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы ретінде облыс әкімі Ерік Сұлтанов редакция қызметкерлерінің шығармашылықпен жұмыс істеуіне қолайлы жағдай туғызу мәселесіне қамқорлықпен көңіл бөліп отыр. Ерік Хамзаұлының қолдауының арқасында «Солтүстік Қазақстанға» жергілікті бюджеттен берілетін мемлекеттік тапсырыс көлемі кемітілмей, журналистердің еңбекақысы өсіріліп, редакцияның техникалық құралдармен жабдықталуы да жылдан-жылға жақсартылу үстінде.
95 жылдық – редакцияның шығармашылық ұжымы мен қалың оқырман қауым үшін айтулы оқиға екендігі анық. Соған орай басылымымыздың айшықты белесін оқырмандармен кездесулер сияқты шаралар арқылы атап өтуді жөн көрдік. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дегендей, газетіміздің жетістігі де, кемістігі де сөз болатын мұндай басқосуларды алдағы уақытта жалғастыратын боламыз. Сондай-ақ, «Солтүстік Қазақстанда» әр жылдары әртүрлі қызмет атқарған, бүгінде арамызда жоқ әріптестеріміздің соңдарында қалған шығармашылық мұраларын және олар жайлы естеліктерді жинастырып, кітап шығаруды ұйғардық. «Біздерді іздейтұғын жан болса егер, шаң басқан архивтерден табылармыз...» – деп, ұлы Мұқағали ақын жазғандай, өмірден өткен әріптестеріміздің мынау көз қимайтын жалған дүниеге іңкәр нәзік жандары мен «Елім!» деп соққан жүректерінің лүпілдері сезілетін шығармаларын іздестіріп тауып, бір кітап етіп шығару – олардың алдындағы азаматтық парызымызды өтеудің бастамасы ғана. Өйткені, Алла тағала қолдарына қасиетті қалам ұстатып, бұл дүниеде Әділдік пен Шындықтың жаршылары етіп жаратқан ардақты әріптестеріміздің әрқайсысына бір-бір кітап арнасақ та, артық емес.
Кәрібай МҰСЫРМАН,
«Қызылжар – Ақпарат»
ЖШС директоры, Қазақстанның құрметті журналисі.
ПЕТРОПАВЛ.