11 Тамыз, 2015

Судьяға талап күшейді

435 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
IMG_4097 Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институттық реформасын жүзеге асырудың «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары әскери судьялар қауымдастығы тарапынан үлкен қолдау тапты. Өйткені, Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүйелі түрде жүзеге асыруға, тәуелсіздігімізді және мемлекеттілігімізді нығайтуға, әлемдік қаржылық экономикалық дағдарыстан барынша аз зардаппен шығуға бағыт сілтейтін, яғни еліміздің жарқын болашағына кең жол ашатын өте маңызды құжат болып табылады. С.АбдуллаевҚазақстан судьяларының VI съезінде Елбасы: «XXI ғасырдың айрықша маңызды талаптарының бірі – мінсіз, тиімді, халықтың сенімінен шығатын сот саласын құру. Бейтарап және әділетті сот кез келген мемлекеттің негізі» деп көрсетті. Міне, бұл орайда ұлт жоспарының 11-қадамы биліктің тікелей бір тармағы болып саналатын сот саласына қатысты болып отыр. Оның ішінде судьяға деген талаптың күшейтіле түсетіндігі нақтыланған. Сондықтан осы талапқа ерекше тоқталған жөн. Тарих көрсеткендей, қоғам тарапынан әл-ауқаты мен сана-сезімінің, мәдениетінің, оның ішін­де құқықтық мәдениетінің өсу дең­гейіне байланысты билікке әр заманда әртүрлі талап қойылады. Мысалы, XIX ғасырдың бас кезіне дейін қазақтардың өздеріне тән бірегей дәстүрлі билер соты болғанын тарихтан жақсы білеміз. Би болудың да заманына орай өз шарттары айқындалған еді. Атап айтқанда, би қазақтың салтын, дәстүрлі әдет-ғұрпын жете танып, «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын», әз-Тәукенің «Жеті жарғысын» және басқа да билерге арналған ережелерді жатқа білуі қажет болды. Бұдан бөлек, би атағынан үміткер шешендік өнері мен аталы сөзді шебер меңгерген, туғанына тартпайтын адал болу талаптарына лайық тұлғалар қатарынан көрінуі шарт еді. Ал қазіргі таңда судья болудың да өзіне тән заңдық талаптары бар. Конституцияға сәйкес, «Республиканың жиырма бес жасқа толған, жоғары заң білімі, заң мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс өтілі бар және біліктілік емтиханын тапсырған азаматтары судья бола алады». Осыған сәйкес 2001 жылдан бастап, елімізде судьялыққа үміткерлерге қатысты жариялы және көп сатылы сипатқа ие конкурстық іріктеу жүйесі енгізілген. Ол бойынша судьялыққа үміткерлер біліктілік емтиханының қорытындысымен немесе Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академия­сына қарасты Сот төрелігі инс­титутының оқу қорытындысымен іріктеуден өтеді. Үміткерлердің кандидатурасын жергілікті жұртшылықтан, үкіметтік емес ұйым өкілдерінен құралған өңірлердегі қоғамдық кеңес және облыстық соттардың судьялары өздерінің жалпы отырыстарында жария түрде талқылап, нақты шешім қабылдайды. Кан­дидаттардың өмірбаяны алдын ала жергілікті БАҚ-та, соттардың веб-сайттарында жарияланып, халыққа таныстырылады. Осы сатылардан сүрінбей өткен үміткерлердің кандидатуралары Жоғарғы Сот Кеңесінде қаралып, содан кейін ғана Елбасының Жарлығымен судья қызметіне тағайындалады. Ендігі алға қойылған үлкен мақсат, сот саласына қатысты «Заңның үстемдiгiн қамтамасыз етуде» институттық реформада көрсетілгендей, судьялардың жауапкершілігін одан әрі күшейтіп, мәртебесін көтеруге, әлемдік талаптарға толық жауап бере алатын сот жүйесін жетілдіруге айрықша көңіл бөлу деп білеміз. Бұл өте орынды талап, себебі, негізгі мәселе – кадрды дұрыс іріктеуге тікелей тәуелді. Сонымен қатар, 17-қадамда судья лауазымына үміткерлерді іріктеу тәртібін және біліктілік талаптарын күшейту қажеттігі айтылған. Осыған қатысты мін­детті талаптардың негізгілері – сот істерін жүргізуге қатысудың 5 жылдық өтілі, кәсіби дағдысы мен іскерлігін тексеру үшін ахуалдық тестілер жүйесін енгізу, судьялыққа үміткерлердің соттарда стипендия төленетін бір жылдық тағылымдамадан өтуі, бір жылдық тағылымдамадан кейін судьяның бір жылдық сынақ мерзімінен өтуі болып саналады. Бұдан бөлек, судьялардың есеп беру тәртібін күшейту, жаңа этикалық кодексті әзірлеу, тараптардың судья әрекеттері бойынша Жоғарғы Соттың жанынан құрылған арнайы Сот жюриіне шағымдана алуын қамтамасыз ету, осы қатарда сотқа қатысушылардың да, судьяның да заң талаптарын қатаң сақтауына септігін тигізу мақсатымен барлық сот істерінің дыбыс-бейне таспаға міндетті түрде жазылуын қамтамасыз ету басты назарда болатыны көрсетілген. Судьялықтан үміткерлерді іріктеу кезінде қойылатын талаптың арттырылуы олардың қызметтегі жауапкершіліктерін күшейтуге оң септігін тигізетіні сөзсіз. Судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін ке­ңейту, біліктілік талаптарын қатайту, оқу мен сот тәжіри­бесі арасындағы өзара байланысты нығайту үшін Сот төре­лігі институтын Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының құрамынан шығарып, Жоғарғы Соттың жанында болу керек деген ұсынысты да орынды деп санаймыз. Себебі, бұл қызмет бабындағы судьялардың біліктілігін әрдайым арттырып отыруын қамтамасыз етіп қана қоймай, болашақ судьяларды дайындауға да сүбелі үлесін қосады деген сенімдеміз. Сондай-ақ, егеменді еліміздің сот билігіне қатысты ғылыми-зерттеулер тұрақты жүргізіліп, сот қызметіне уақтылы бағыт-бағдар беріп отыруға мүмкіндік туады. Бұл жерде тәжірибеден бұрын ғылым жүруі керек деген қағиданы назарға алудың маңызы зор. Жаңа заманға сай сот корпусына қойылатын талап та арту үстінде. Еліміз қарқынды дами түскен сайын қоғамдық қатынастардың, әлеуметтік-экономикалық үде­ріс­тердің ауқымы кеңеюде. Қазақ­станды әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына енгізу міндетін орындау көзделуде. Сондықтан, соттар мен судьялардың ең жоғары талап­тарға жауап беруі заман дамуы туындатқан міндет болып табылады. Болашақ судья мемле­кеттік тілде еркін сөйлеп, еркін жазып, өзінің ой-пікірін толық жет­кізе білуі керек. Оған халықтың жағдайын жақсы білу маңызды деген ойдамыз. Тұрақты негізде психо­логиялық курстардан өтудің де мәні бар. Себебі, сотқа азаматтар әр­түрлі мәселелермен жүгінеді, олар­мен сөйлесудің өзі судьядан психо­логиялық дайындықты талап етеді деген пікірмен де толық қосыламыз. Тәуелсіз Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан На­зарбаев қазіргі өзгермелі за­манның ағынына ілесіп дамуы­мыз үшін, осылайша әлемдегі өрке­ниетті елдердің қатарынан көрі­нуіміз үшін алдымызға үлкен мін­деттер қойып, жол сілтеп, оның орын­далуына қажетті жағдай жа­сап отыр. Мұндай басшысы бар ел – бақытты. Ендігі жерде беріл­ген мүм­кіндіктерді пайдаланып, ерінбей әрі адал еңбек етіп, алға ұмтылу, Елбасы артқан сенімді ақтау – уақыт талабы. Сәкен АБДУЛЛАЕВ, Әскери сот төрағасы.