21 Ақпан, 2015

Жақсы жұмыстың нәтижесі де жақсы

516 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
FB_IMG_1424428199505Қазіргі таңда Маңғыстаудағы жұрттың жүрегі қалап, көңілі күтетін көп істің бірқатары жұмыссыздық мәселесін шешу, жол, денсаулық сақтау және білім беру сапасын арттыру, тұрғын үймен және балабақшамен қамтамасыз ету, сапалы ауыз судың жеткілікті болуы, шатқаяқтаған ауыл шаруашылығының «аузына су тамызу». Өңірге қатысты жиын-жиналыс бола қалса, тұрғындардың «қандай жаңалық болар екен?» деп елеңдейтіндері де осы тұстар. Өткен жыл бойы жасаған жұмысының есебін тыңдауға келген және кездесуге онлайн мүмкіндік алған облыстағы Бейнеу, Қарақия, Түпқараған, Маңғыстау, Мұнайлы аудандары мен Жаңаөзен қаласы тұрғындарына Маң­ғыс­тау облысының әкімі Алик Айдарбаевтың айтқаны төмендегідей болды. Аймақ басшысының сөзіне сүйенсек, өңірде жетекші салаларда тұрақтылық қана емес, екпінділік байқалған. 2014 жылы облыстың әлеуметтік-эко­номикалық дамуының негізгі макро­көрсеткіштері жақсы қарқынды көрсетті. Өңір экономикасының өсімі 4%-ды құрады. Өткен жылы облыстың өндірістік кәсіпорындары 2 трлн. 400 млрд. теңгенің өнімін өндірді. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 3,4 %-ға артық. Тұрақты өсім өңдеуші өнеркәсіп секторында да орын алды. Мұнда өндіріс көлемі 2013 жылмен салыстырғанда, 18,3%-ға өсіп, 108 млрд. теңгеге жетті, деген ол, мұнай өндіру көлемінің 2013 жылмен салыстырғанда 2,3 %-ға өсіп, 18,5 млн. тоннаға жеткендігін айтып, мұ­ның себебін облыстағы мұнай-газ ком­па­нияларының түгелге дерлік мұнай өндіру көлемін арттырғандығымен түсіндірді. Нәтижесінде, барлық мұнай-газ өндіретін аймақтардың арасында Маңғыстау облысы мұнай өндіру көлемін жоспардан асыра орындағандығын атап өтті. Маңғыстау облысына өткен жылы тартылған инвестициялар көлемі артқан. Сандарды сөйлетсек, облыс экономикасына өткен жылы 530 млрд. теңге инвес­тиция салынып, өсу қарқыны 14%-ды құраса, шетелдік инвестицияларды тарту 17 пайызға өсіп, 163 млрд. теңгеге жетті. Инвестициялық ағымдардың есе­ленуіне мемлекеттік үдемелі индус­триялық-инновациялық даму бағдар­ламасының тиімді жүзеге асырылуы да үлесін қосты. Бұл бағдарламаның бірінші бесжылдығының алғашқы төрт жылының ішінде 23 жоба іске қосылды. Ал, тек өткен бір жылдың өзінде облыс­та құны 57 млрд. теңге болатын 10 жаңа индустриялық жоба пайдалануға берілді. Олардың арасында Шетпе ауылындағы цемент зауыты, Қаламқас кен орнындағы газ-турбиналы электр стансасы, Жетібай ауылындағы киім тігу және химиялық тазалау цехы, Таушық ауылындағы жүн өңдеу цехы, Ақтаудағы үй құрылысы комбинаты, төмен қысымды полиэтиленнен жасалған құбырлар өндіретін зауыттар бар. Индустрияландырудың екінші бесжылдығында біз 60-тан аса жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Соның ішінде 14 жобаны 2015 жылы іске қосамыз, деді А.Айдарбаев. Су және құрлық жолындағы қарым-қа­тынасқа қолайлы Маңғыстауға ше­телдік инвесторлар тарту – басты мәселенің бірі. Бұл бағыттағы жемісті жұмыстар да бар, кездесетін өзіндік қиындықтар да бар. Алайда, аймаққа шетелдік инвесторлар тартуда «Ақтау теңіз порты» АЭА-ның маңызы зор. Құрылған 11-12 жылдың ішінде аталмыш аумақта 29 млрд. теңге тартылған бес жоба жүзеге асырылып, 223 млрд. теңгеге өнім шығарылды. Осы бес жобаның өзінен бюджетке 19 млрд. теңгеден астам салық түсіп, 1000-нан астам тұрақты жұмыс орындары құрылды. 2014 жылы жаңа қарқынмен дами бастаған арнайы экономикалық аймақта бір жылдың ішінде «КИС-Ақтау» индустриялық құрылыс комбинаты, жол-құрылыс материалдарын шығаратын «КаспийТасжол» зауыты, «Каспиопласт» компаниясының төмен қысымды құбырлар өндірісі және «KazTrub-Industries» кәсіпорнының құбырлар мен пластмасса бұйымдары өндірісі сынды 4 жоба іске қосылды. Ал биыл пайдалануға беруі жоспарланған бес жобаның ішінде «Азерсун» өнді­рісі және логистикалық орталығы, «Дос­тық-полимер» полимер қаптамасын өндіру зауыты, «Сириус Казахстан» темір, тауар-бетон өнімдерінің зауыты, «ДСК-Қараойқұрылыс» үй құры­лысы комбинаты, «Медикал фарм Ча-Кур» фармацевтикалық кешені бар. Әзер­байжандық инвестициямен салы­натын «Азерсун» өндірісі және логис­тикалық орталығының» құрылысы биыл аяқталып, пайдалануға берілмек. Та­ғам өнімдері, жеміс-жидектер мен көкө­ністер сақтайтын үлкен қоймалары бар орта­лық Қазақстан мен Әзербайжан арасын­дағы сауда-экономикалық қаты­насты кеңейтуге, өңірдің көлік инфра­құрылымын дамытуға және Маңғыс­таудың азық-түлік қауіпсіздігін қамта­ма­сыз етуге мүмкіндік береді деп күтіледі. «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 492 маңғыстаулық отбасы баспаналы болған болса, биыл бұл қуаныш иелерінің саны екі еселеніп, 987 отбасына жетпек. Әкім есебінде одан әрі ауыл ша­руа­шылығы, «Бизнестің жол картасы-2020» және «Даму-Өндіріс» бағдар­ламаларының жүзеге асырылуы, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қатысты біткен және бітер істер баяндалды. Өңірдегі өзектілігін жоймай тұрған жұмыссыздық жәйі де әңгімеге арқау болды. 2014 жылы облыста 26 мың жаңа жұмыс орны ашылған және жастар үшін арнайы қабылданған «Жаңа серпін» өңірлік бағдарламасы аясында жастарға кәсіптік білім беру, жатақханамен қамту, шәкіртақы төлеу, оқу кезінде тамақтану және тасымалдау мәселелері ұйымдастырылды. Маңғыстаудағы айтпай, айналып өтуге болмайтын тұс – жолдар ахуалы. Соңғы үш жылда облыста автокөлік жолдарын дамытуға жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат 3 есе көбейген. Өткен жылы «Бейнеу–Жезқазған» теміржол желісінің Бейнеу–Тассай стансасы аралығының құрылысы аяқталса, биыл «Нұрлы Жол» бағдарламасының аясында «Боржақты–Ерсай» темір жол желісі аяқталатын болады. Жақсысы, жолға қатысты жобалар бұлармен тоқталмайды екен. Биыл «Бейнеу–Шетпе» автожолының құрылысы аяқталып, қолданысқа берілсе, «Шетпе–Жетібай–Ақтау» автомобиль жолының құрылысы басталды. Маңғыстауда жыл сайын әр ауданның кемінде бір ауылында жол салу міндетін алға қою арқылы, ауылішілік жолдарды кезең-кезеңмен салу межеленген. Ал ауыз су мәселесі де күн тәртібінде тұр. Орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету мәселелеріне айрықша назар аударып отырған аймақта Бейнеу ауылішілік су құбыры мен су тазарту имаратының, Мұнайшы мен Жетібай ауылдарында су құбырының, Сайын Шапағатов ауылішілік су құбыры мен резервуардың, Дәулет ауылында сумен жабдықтау желілерінің құрылысы жүргізілді. Ұзақ уақыт бойы жұмысын тоқтатқан «Каспий» су тұшыту зауытының қайта іске қосылуы нәтижесінде зауытта тәулігіне 7 мың текше метр ауыз су өндіріледі. Жуырда өндірістік қуатын тәулігіне 12 мың текше метрге жеткізу жоспарда бар. Бұл Құрық селосы мен Мұнайлы ауданының кейбір елді мекендерін су жүйесіне қосуға мүмкіндік береді деген сөз. Одан әрі облыстың әлеуметтік салаларына қарай ойысқан әкім денсаулық сақтау, білім беру, халықтың өсімі, мәдениет, спорт салаларындағы жай-жағдайды баяндады. Негізгі тынысы өндіріске тығыз байланысты өңірдегі өндірістік әлеует, дағдарыстың алдын алуда қолға алынған жұмыстар жүйесі де назардан тыс қалған жоқ. Кездесуге қатысушылар мен аудан, қалалардан жолға, әлеуметтік нысандар құрылысына қатысты сауалдар түсіп, тиісті жауаптары қайтарылды. Ал, арнайы жәшіктер мен телефондар арқылы қойылған сауалдарға он күннің ішінде жауап берілмек. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы.