11 Тамыз, 2015

Ата Заң аясында еңбек ету – зор мүмкіндіктер кепілі

336 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
конституция Расында, тәуелсіз еліміздің Конституциясы аясында еңбек ету біз үшін зор мүмкіндіктер кепілі болып табылады. Ата Заңымызда жазылғандай әркімнің еңбек етуге толық құқығы бар. Ең бастысы сол еңбектің жемісін татып, оның қызығын өзгелер де сезіне алатындай болуы қажет. Міне, осыған біздің елде барлық жағдайлар мен мүмкіндіктер жасалған десем артық айтқандық емес. Мәселен, мен бұған өз өмірімнен нақты мысалдар келтіре аламын. Кеңестік кезде жұмыс істеген мен тәуелсіздігімізді алып, 1995 жылы қабылданған Конституциямыз аясында еңбек етіп, өмір сүрудің айырмасы жер мен көктей. Ата Заңымыздың арқасында қол жеткізген жетістіктерді айту – парыз. Ал Конституциямыз жол ашқан асқаралы асуларға шыға алу – орындалған міндет деп түсінемін. Өзім Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы Жуалыой ауылында дүниеге келіп осы ауылдағы 8 жылдық мектепті бітіріп, Новая Казанка ауылындағы СПТУ – 8 кәсіптік училищесінде оқып, 1967 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласындағы Индустриалды педагогикалық техникумға оқуға бардым. Бұл оқу орнын 1971 жылы аяқтап, «техник-механик, өндірістік оқудың шебері» деген мамандықтарға ие болдым. 1971-1973 жж. Қиыр Шығыста (КДВО) кеңес армиясы қатарында өзімнің Отан алдында қасиетті борышымды өтеп келгесін, Қазталов ауданындағы Тереңкөл қой совхозында механик болып жұмысқа орналастым. Әрине бұл жұмысты өзімше барлық күш-жігерімді сарқа пайдалана отырып атқарғанмен, шынайы қанағат сезімін ала алмай жүргенімді байқап, содан кейін бұл жұмысты доғарып, өзімді педагогикалық қызметте байқап көруге бел будым. Сөйтіп, осы аудандағы Мирон сегіз жылдық мектебіне дене тәрбиесі және еңбек пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналас­тым. Әрине ол кезеңде, жоғарыда айтқанымдай, бұл пәндерге деген мектеп әкімшілігінің, жалпы жұртшылықтың көзқарастары басқа пәндерге қарағанда мүлде өзгеше болатын, яғни қосымша сабақ, жеңіл-желпі пәндер есебінде қарайтын, яғни әйтеуір сабақ кестесіне енгізіліп өтсе ғана болғаны. Сондықтан, бұл сабақтардың материалдық-техникалық базасы, құрал-жабдықтар, көрнекі құралдар туралы айтудың өзі ұят, тіпті қарапайым оқу бағдарламалары да жоқ болып шықты. Жыл сайын мұғалім, тіпті мұғалім емес кез келген жас жігіттер жұмыс істеп ауы­сып отырған, яғни тұрақты кадр болмаған. Сондықтан да маған бұл жұмысты, тікелей айтқанда, «тақыр» жерден бастауға тура келді. Мен әуелі өз білімімді жетілдіруге кірістім. Ол үшін пошта байланысы арқылы тапсырыс беріп спорттық кітапхана жасақтауға тура келді. Аудандық оқу бөлімінен түрлі бағдарлама, оқулықтарды іздестіріп, табуға тура келді. Содан мектептің аталған пәндер бойынша материалдық-техникалық базасын жасақтап, спорттық және еңбек сабағына қажетті құрал-жабдықтарды тауып, жинақтау жұмыстарымен айналысуға біраз уақыт өтті. Спорттық құрал-жабдықтарды көбіне өз қалтамнан және оқушылардың ата-аналары есебінен алуға тура келді. Мысалы, футбол, баскетбол, волейбол доптарын, секундомер, рулетка, теннис доптарын, т.б. осы жолмен таптым. Мектеп ауласынан спорт алаңдарын жасақ­тап, оларды алабота, т.б. арам шөптерден тазартып, айнала шектеу сызықтары белгіленді. Жүгіру, секіру секторлары жасақталды. Содан кейін педагогикалық ұжыммен, әкімшілікпен түсінік жұмыстарын жүргізе отырып, оқушылармен де түрлі әңгіме, нұсқаулар өткізіп, спорттың денсаулыққа тигізер пайдасын, еңбектің адам өміріндегі маңызы туралы теориялық мәліметтер беру арқылы жүргізілді. Әрине мұндай жұмыстар өз нәтижесін берді. Оқушылардың спортқа деген қызығушылықтары артып, онымен жүйелі түрде айналыса бастады. Түрлі үйірмелер: бокс, футбол, баскетбол, үстел теннисі, «шебер қолдар»  сияқты ұйымдастырылып оған оқушылар көптеп қатыстырылды. Тіпті, бұл үйірмелерге ауыл тұрғындары да өз еріктерімен келіп қатысты. Мұндай жұмыстар жалпы ауыл спортының жандануына өз ықпалын тигізбей қойған жоқ. Өйткені, біздің ауыл спортшылары, оқушыларымыз түрлі аудандық деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындарды иелене бастады. Айтпақшы, үстел теннисінің үстелін қарапайым ДСП материалынан өзім қолдан істеуіме тура келді. Осындай қарапайым құралдан үйренген балалар мен қыздар облыс орталығына барған кезде түрлі жарыстарда жүлделі орындардан көрініп, өз алғыстарын талай айтып жүрді. Сабақ өткізетін орынның жоқтығы да біраз қиыншылықтар туғызды. Өйткені, дене тәрбиесі мен еңбек сабағына бір ғана бөлме берілген. Ол бөлменің жартысын верстактар, үстелдер алып тұрғасын, қалған бөлігіне не істеуге болады? Ақыры кейін дене тәрбиесі сабағына бөлек, кішкене бөлме берілгенде қуанышымызда шек болған жоқ. Баскетбол алаңындағы қалқанның тіреулерін (стойка) трактор көтергішінің (стогмент) темірінен жасап, өрмелеуге арналған тіреулер, футбол қақпалары, волейбол алаңындағы тіреулер, төреші отырғыштары темірден балқытылып жасалды. Кейін мектептің спорттық базасы бұрын-соңды болмаған, тіпті болуы мүмкін емес спорттық құрал-жабдықтарға ие болды. Мұны неге сонша әсірелеп отырғанымды түсіндіре кетейін. Осы жылы аудандық білім бөлімі арқылы 585 сомның спорттық құрал-жабдықтарын алуға қол жеткіздім. Бұл ақша «астрономиялық» сома болып есептелетін, әрине сол кездегі бағам бойынша. Ол кезде мектептің жыл сайын алып беретіні бағасы 3,50 теңге немесе әрі кеткенде 5 теңге тұратын бір доп қана болатын. Енді мұны 585 теңгемен салыстырып көріңіз! Ақшаны Бозоба селолық кеңесі аударады. Аталған соманы (585) естігенде кеңес төрағасының көзі тас төбесіне шықты. Сондықтан ол кісіні, бұл жоғары жақтың нұсқауы, оны қалайда орындау керек деп «қорқытуға» тура келді. Қайтсін, амал жоқ көнуіне тура келді. Енді осы 585 сомның сенімхатына, ол кезде қолма-қол ақша берілмейтін, Алғай сау­да кеңсесінен 1 үстел теннисі, 2 ағаш ат (козел), бокс қабы, турник, 200 дана теннис добы, лақтыру дискілері, т.б. алған болатынмын. Міне, осы спорт жабдықтары өзінің «қайырымды» қызметтерін әлі күнге дейін көрсетіп келеді. Оған қоса мектепке 2 дана пневматикалық винтовканы өзімнің бастамам арқылы алып, ату тирін ашып, мектеп оқушыларын, тіпті ауыл тұрғындарын мергендікке машықтандырдым. Сөйтіп, зейнеткерлікке шыққанша осы мектепте 38 жыл ұстаздық қызмет атқардым. Соңғы кездері мектеп 11 жылдыққа айналып, 13 жылдай әскери жетекші болып жұмыс атқардым. Осы кезде мектепке қосымша құрылыстар, яғни шеберхана, спортзалдары салынып, үлкен мүмкіндіктер пайда болды. Өкінішке қарай, бұл мүм­кіндіктерді қазіргі жас мамандар дұрыс пайдаланып жүр деу­ге келмейді. Айтады ғой, барлық іс салыс­тыру арқылы анықталады деп. Яғни, өзім жұмыс істеген кезең мен қазіргі жұмыстарды салыстырсам, айырмасы жер мен көктей сияқты. Ол кезде мен өзіме-өзім ешқашан риза болған емеспін, көп нәрсені атқара алмай жүрген сияқты күй кешетінмін. Ал қазір салыстырып қарасам, өте көп жұмыс атқара отырып, кішігірім «төңкеріс» жасаған сияқтымын. Әрине, мен жұмыста абыройсыз болған жоқпын. Облыстық, аудандық, мектеп әкімшілігі тарапынан түрлі мадақтаулар, алғыс хаттар, аудандық білім бөлімі құрмет тақтасына ілініп, т.б. ие болдым. Менің айтқым келгені өзімді мақтау емес, қазіргі кезде мүмкіндіктер бола тұрып, соны қазіргі мамандардың дұрыс пайдалана отырып жұмыс істемеуі, құлшыныстың жоқтығы, жауапкершіліктің аздығы, т.б. Өйткені, сол кезде жасақталған материалдық-техникалық база, сол кезде жасақталған спорт алаңдары әлі тұр, қосымша жасақталып жатқан ештеңе жоқ. Түрлі сылтаулармен жұмыс өз дәрежесінде жүргізілмейді. Қорыта айтқанда менің ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарып, белгілі бір дәрежеде табыстарға жетуім, биылғы жылы өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған ел Конституциясы – Ата Заңымыздың арқасы деп білемін. Сондықтан да Ата Заңымыздың мерейі үстем болып, даңқы асқақтай берсін. Исмағұл Мусин, зейнеткер. Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданы, Мирон ауылы.