Тосынсыйға толы тамаша кеште әлемдік және отандық мюзиклдерден үздік көріністер, театр әртістерінің шеберлігін айшықтайтын ерекше қойылымдар, әсерлі хореографиялар мен музыкалық өнер туындылары көрсетілді. Атап айтсақ, көрермен қауым «Достар серті», «Роза Бағланова», «Алдар көсе» секілді отандық мюзиклдерден бастап, әлемге әйгілі «Moana», «Mamma Mia», «Memphis», «Season of Love», «Waitress», «Hamilton», «Moulin Rouge», «Romeo and Juliet», «Beauty and the Beast», «Notre Dame de Paris», «Aladdin» қойылымдарының ең жарқын сәттерін тамашалап, ерекше әсерге бөленді. Мерекелік кештің көркемдік жетекшісі – Есләм Нұртазин, ал қойылым режиссері – Айдар Ақыпбаев.
Он жыл ішінде «Astana Musical» театры батыл идеяларымен, заманауи бағыттағы жарқын қойылымдарымен көрерменнің сүйіспеншілігіне ие болып, ел мәдениетінің елеулі өнер ошақтарының біріне айналып үлгерді. Театр алғаш рет әлемдік хит-мюзиклдер – «Ромео мен Жульетта»,«Notre Dame de Paris» қойылымдарын қазақ тілінде ұсынып, үлкен резонанс тудырды. Ұжым ұсынған тың туындылар шетел сарапшылары тарапынан да жоғары бағаланып жүр. Оның айқын дәлелі – «Роза Бағланова» мюзиклінің Оңтүстік Кореяда «Үздік халықаралық мюзикл» мәртебесіне ие болуы.
Бүгінде театр репертуары мюзикл жанрымен шектелмей, Рэй Кунидің әйгілі «№13» комедиясынан бастап, «Шаңырақ» эксперименталды музыкалық перформансы, «Сиқырлы саз» хор-концерті, «Сынақ» драмасы, «COVID-19» перформансы секілді тың бағыттағы қойылымдармен толыққан. Бұл – театрдың үнемі шығармашылық ізденіс үстінде екендігінің дәлелі.