21 Ақпан, 2015

Кемшілік қайталанбауы керек

297 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кеше Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми Атырауға арнайы келіп, Елбасы Жарлығымен облыстық соттың төрағасы болып тағайындалған Марғұлан Бектұрғановты ұжымға таныстырды. – Марғұлан Жұбанышұлы – кәсіби судья, әрі тәжірибелі басшы. Аудандық соттың төрағасы, облыстық сот алқасының төрағасы қызметтерін атқарды. Мұның алдында Жамбыл облыстық сотының төрағасы лауазымында болды. Сот жүйесіндегі қызметтік өтілі 17 жылдан асады, –дей келе  Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми  оның  Жамбыл облыстық сотының жұмысын облыстық  соттар рейтінгінде үшінші орынға көтергеніне тоқталды. Енді Атырау облыстық сотын басқаруда да осындай табысқа жетуіне сенім білдірді. Ал бұрынғы төраға Мұхтар Смағұловтың Павлодар облыстық сотына басшылық жасайтынын хабарлады. Сонымен бірге, судьялар алдында тұрған міндеттерді саралап, кемшіліктерге кеңдік жасалмайтынын жеткізді. Мәселен, өткен жылы Атырау облысындағы аудандық соттардың 9 ісі бұзылған. Үш судья тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты. Атырау облысынан Жоғарғы Сотқа түсетін шағымдардың 82 пайызы экономикалық соттың төрағасы мен судьяларына қатысты болған. Тіпті, заңда көзделмеген санкция салу  да орын алған. «Алдағы уақытта мұндай кемшіліктер орын алмауы тиіс», деді Қайрат Мәми. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы.