Қоғам • Бүгін, 08:20

Өнер биігіндегі өмір

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Орал қаласында «Құрмет» орденінің иегері, қоғам қайраткері, ақын Айсұлу Қадырбаеваның шығармашылығына арналған «Аңсадым алақаныңды...» поэтикалық композициясы өтті.

Өнер биігіндегі өмір

Одан бір күн бұрын Батыс Қазақ­стан об­лыстық халық шы­ғар­машылығы орталығы композитор Темірәлі Бақтыгереевті еске алуға арналған «Барып қайт, балам, ауылға» атты ғажап кеш ұйымдастырған болатын. Мәні мен мағынасы үйлесіп, бірін бірі толықтырған бұл екі шара Ақ­жайық өңірінің мәдени кеңістігін әдемі әсерге бөледі.

Расында да «Барып қайт, балам, ауылға!» әні – әуені мен сөзі әрі орындаушысы бірін бірі дәл тапқан, тамырында жарты қасық қазақы қаны бар адамға әсер етпей қоймайтын ғажап туынды ғой. Талай тамаша туындыны өмірге әкелген композитор Темірәлі Бақтыгереевтің рухы туған жерінде шаттанған күн болды бұл. Сұлу сөзбен сурет салатын Дәулеткерей Атауұлы жүргізген кеш сыршыл да сезімтал, риясыз әппақ көңілмен өтті. Осы кешке Алматыдан арнайы келген танымал Тұңғышбай Жаманқұлов, Нұрлан Өнербаев, Сұлушаш Нұрмағамбетова сынды өнер май­тал­мандары да өмірден ерте кет­­кен композитордың мәрте­бе­сін көтеріп, ол көрмеген құрметті сазгердің жары Жәмила жеңгейдің иығына ыстық ықылас етіп жапты. Бұл күні көрермен композитордың танымал туындысы – ақын Айсұлу Қадырбаеваның сөзіне жазылған «Барып қайт, балам, ауылға» әнін Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай Жаман­құловтың орындауында, «Кешір мені», «Қайырлы кеш, Алма­ты», «Арманымның ақ отауы – Ас­танам» әндерін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сұлушаш Нұрмағанбетованың, ал ел ара­сын­да кеңінен танылған «Сағы­ныш», «Таңғы тілек» әндерін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Өнербаевтың орындауында тыңдап, құлақ құрышын қан­дырды. Әрбір ән тәтті сағы­нышқа толы естеліктермен өріліп жатты.

Ертеңіне «Атамекен» өнер ордасында өткен «Аңсадым ала­қаныңды...» поэтикалық композициясы қазақ өлеңіне арналған тағы бір құрметке айналды.

Айсұлу Қадырбаеваны халқы сыршыл ақын ретінде де, қайтпас қайсар қайраткер ретінде де жақсы біледі.

– Жыр оқыса құбылтып, баурап қалған Айсұлу,

Ел менен жер дегенде сайрап қалған Айсұлу!

Дүйім жұртқа сөз сөйлеп, қайрат қылған Айсұлу,

Ақ жаулығын көтеріп, байрақ қылған Айсұлу! – деп ақын Дариға Мұштанова айтпақшы, 1991 жылы Орал қаласында болған «Қыркүйек оқиғасының» қаһарманын жерлестері жақсы біледі.

Ақын шығармашылығына арналған кеш үш бөлімді композиция түрінде өтті. «Алақанда тербеткен... ақ мама» прологі ақынның туған жерінен басталса, кеш иесінің қайраткерлік қыры «Парыз алақаны» атты бөлімде айрықша ашылды. «Шыңғыс­хан қаған» қойылымы, кітаптың тұсаукесері – ұлт ұлығын сезін­діруге жетеледі.

Әсерлі шараны әдемі ұйым­дастырған – Мәулет Жұбатов бастаған халық шығармашылығы орталығы болатын. Бұған Хади­ша Бөкеева атындағы облыс­тық қазақ драма театры, «Ғасыр жастары» театрының әртіс­тері, халықтық «Ақжайық» би ансамблі (жетекшісі Ә.Дәу­летова), «Атамекен» ерлер би ансамблі (жетекшісі С.Дәуітов) және Ә.Ахметов, М.Рамазанов, К.Бол­ғанбаев, Р.Кереев, А.Ба­за­­ров, А.Бақтығалиев, А.Айға­лие­ва, А.Тұрарбеков, Д.Саты­баев, Қ.Қа­дыр­бекова сынды әншілер де өз үлесін қосты. Айсұлу Қадырбаеваның өлең­деріне жазылған Әсет Бейсеуов, Темірәлі Бақтыгереев, Еркін Нұрымбетовтің әндері шырқалды.

Ақын шығармашылығына ар­налған кеште Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Тұңғышбай Жаман­құлов, Нұрлан Өнербаев көрермен көзайымына айналды. Тұңғышбай Жаманқұловтың орындауындағы «Барып қайт, балам, ауылға» әні сахна төрінен 34 жылдан бері түспей келе жатыр екен. Осы кеште тұңғыш шыр­қалған «Нарғала», «Аққулы көл­ге бардың ба?» (әні Ә.Ахметов) әнде­ріне де осындай бақыт тілейміз.

Кеш ақын Айсұлу Қадыр­баеваның жаңа кітабы – «Шың­ғысхан қаған» шығармасының тұсаукесерімен түйінделді. Қа­зақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Мағира Қожахметова, танымал композитор Темірәлі Бақтыгереевтің жары Жәми­ла Бақтыгереева, «Парасат» ор­денінің иегері, ақын Айтқали Нәріков, «Парасат» орденінің иегері, ақын Дариға Мұшта­нова, БҚО Жазушылар одағы филиалының төрағасы, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы, жазушы, журналист Бауыржан Ғұбайдуллин сахна төріне шығып, жаңа еңбектің оқырманға аттанған сапарына жол ашты.

 

Батыс Қазақстан облысы