Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар дәстүрге айналып, ерекше қажеттіліктері бар адамдар арасында ұлттық, интеллектуалды спорт түрлерін одан әрі дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.
– Біздің міндетіміз – мүгедектігіне қарамастан барлық спортшыға тең мүмкіндік жасау. Мұндай жарыстар қатысушылардың өзіне деген сенімін нығайтады, бойында талпыныс тудырады, әлеуетін ашуға көмектеседі, – деді Алматы облысының мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған ДРС директоры Нұрдәулет Күлсейітов.
Мамандардың айтуынша, дойбы мен тоғызқұмалаққа ерекше қажеттіліктері бар спортшылардың қызығушылығы жыл сайын артып келеді.
– Біз жыл сайын қатысушылардың қатары көбейіп, техникалық тұрғыда дамып келе жатқанын, ең бастысы, өздеріне деген сенімнің артқанын байқаймыз. Мұндай турнирлер оларға спорт рухын сезінуге, жарыс атмосферасын бастан өткеруге мүмкіндік береді, бұл жеке даму тұрғысында өте маңызды. Спорттық тәжірибесі әртүрлі болса да, барлық қатысушы лайықты нәтиже көрсетіп, жеңіске деген жігер танытты, – деді жарыстың бас төрешісі Тәжіғали Ходжамұратов.
Сайысқа қатысушылар жоғары дайындық деңгейін, шеберлік пен стратегиялық ойлауды көрсетті. Дойбыда ойыншылар дәлдік, шапшаңдық, ұтқырлық жағынан бақ сынаса, тоғызқұмалақта комбинацияларды есептеу, күрделі ойын жағдайларын басқару қабілеттерін көрсете білді.
– Биыл тамыз айында Моңғолияда өткен тоғызқұмалақтан әлем чемпионатында СПОДА санатында жүлделі орын алдым. Мұндай жетістікке жеткеніме өте қуаныштымын. Мен үшін әр жарыс – өзімді көрсетуге берілген мүмкіндік. Турнирдің ұйымдастырушыларына қолдау көрсеткені, тең дәрежеде жарысу-ға жағдай жасағаны үшін алғыс білдіремін. Тоғызқұмалақта жас шектеуі жоқ. Қатысушылардың көпшілігі 40–50, одан жоғары жас шамасындағы адамдар. Сырт көзге тастарды ұяшықтарға салу оңай көрінуі мүмкін. Алайда бұл ойында жоғары математиканың негіздері жатыр. Ол тек есептің жылдамдығына емес, тактикаға да негізделеді. Бұл ойынды бекерден-бекер қазақ шахматы деп атамайды. Алдағы уақытта жастар да көптеп қатысса, нұр үстіне болар еді. Мұндай іс-шаралар жиі ұйымдастырылса екен, – деді тоғызқұмалақтан әлемнің күміс жүлдегері, спорт шебері Жәмилә Мәмбеева.
Дойбы спортында жарысқа әлем, Азия чемпиондары мен жүлдегерлері Нишан Пернебаев пен Ермекқали Оразалиев қатысты.
Сайыс қорытындысында командалық есепте ең көп медаль алған Қарасай, Еңбекшіқазақ, Кеген аудандарынан келген мүмкіндігі шектеулі спортшылар болды. Жүлдегерлер арнайы дипломдармен, медальдармен, естелік сыйлықтармен марапатталды.
Алматы облысы