Кеше Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев арендалық тұрғын үй құрылысы мәселелері бойынша селекторлық режімде кеңес өткізді, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Кеңес барысында орталық атқарушы органдардың, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-тың, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке әлеуметтік арендалық тұрғын үй салып, оны ең төменгі пайызбен және сатып алу құқымен халыққа беруді тапсырған болатын.
«Нұрлы Жол» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үйді салуға және сатып алуға 250 млрд. теңге бағытталатын болады. Жалпы көлемі 1 483 мың шаршы метр болатын 29 мың пәтер салу және құрылыс салушылардан оларды сатып алу жоспарланып отыр.
Осы жылдың наурызында-ақ Астана, Алматы, Көкшетау, Семей, Қостанай қалаларында жалпы көлемі 76,5 мың шаршы метр болатын алғашқы 1 357 пәтер пайдалануға берілмек. Барлығы биылғы жылы 78,7 млрд. теңге сомаға, жалпы алаңы 505,3 мың шаршы метр болатын 8 616 пәтер салынады және сатып алынады.
Талқылау қорытындысы бойынша, Бақытжан Сағынтаев «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-қа облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдерімен бірлесіп, құрылыстың уақытылы аяқталуын және тұрғын үйдің кезекте тұрғандарға бөлініп берілуін қамтамасыз етуді тапсырды.