Экономика • Бүгін, 08:35

Экономика: әлеует пен мүмкіндік

70 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Президент экономиканы әртараптандыруға, инвестиция тартуға, әлеуметтік қолдауды күшейтуге бағытталған бірнеше ірі бастама жариялап, Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді. Бірақ құрылымдар арасындағы үйлестірудің әлсіздігі, ұзақ жылдар бойы шешілмей келе жатқан бюрократиялық тосқауыл, өңірлердегі атқарушы билік жұмыс қарқынының әркелкілігі реформаның тез әрі толық орындалуына айтарлықтай тежеу.

Экономика: әлеует пен мүмкіндік

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Президент тарапынан азық-түлік инфляциясы, баға тұрақтылығына нақты тапсырма берілгеніне қарамастан көптеген сарапшы осы саладағы шаралар «салдарымен күресу» деңгейінде қалып отырғанын, тиімді түпкі себептерді жоюға жеткіліксіз екенін атап көрсетеді.

Экономикалық саясаттың басты бағыты – еліміздің ішкі жалпы өнімін екі еселеп, 2029 жылға қарай көлемін 450 млрд долларға жеткізу. Бұл – өте ауқымды мақсат. Бүгінгі нақты көрсеткіштерге қарағанда қол жеткізуге болатын межелердің бірі.

Өткен жылдың қорытындысында  мемлекеттік бюджет кірісі 44 млрд  доллардан асты. Бұл – Өзбек­стан көрсеткішінен бір жарым есе, ал Қырғызстаннан шамамен он есе жоғары.

Осы жылдың алғашқы тоғыз айын­да­ғы экономикалық өсім – 6,3%, өңдеу өнеркәсібіндегі өсім де тұрақты: кейінгі жылдары бұл сала жылына 4-6% аралы­ғында өсіп келеді.

Экономика дамуы жөнінде сөз еткенде Президент өңдеуші өнеркәсіпті ұлттық өсімнің негізгі тірегіне айналды­руды бас­ты басымдық ретінде белгіледі. Бұл ұстаным кездейсоқ емес: қазіргі әлемде шикізатқа ғана сүйену – тұрақсыздықтың басты көзі, ал қосылған құны жоғары өнім өндіру – ұзақмерзімді дамудың кепілі.

Қазіргі жаһандық экономи­калық жағдайда елімізге инвестиция тарту жүйесін өзгерту қажет. Бұл, бір жағынан, табиғи қадам. Себебі инвестициялар үшін бәсеке ешқашан тоқтамайды: әлем елдері капиталды тарту үшін тұрақты түрде күрес жүргізеді. Екінші жағы­нан, Президенттің бастамала­ры жаңа геоэкономикалық шын­дық талаптарына жауап береді.

Бүгінде жаһандық қосылған құн тізбектерінің ыдырауы, өндірістердің аймақтарға қайта бөлінуі және капитал үшін кү­рестің күшеюі тұрақты үрдіске айналды. Осындай жағдайда еліміздің инвестициялық саясатын заманауи талаптарға бейімдеуі – объективті қажеттілік. Елдегі соңғы бастамаларға қарасақ, Қазақстан алдағы жылдары инвесторларға тек шикізаттық активтерді ғана емес, өңдеуші өнеркәсіпті, жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға арналған толыққанды экожүйе ұсына алатын елге айналуға ниетті. Президент атап көрсеткендей, энергетикалық ресурстардың кепілді жеткізілімі, инфра­құрылым қолжетімділігі, әкімшілік рәсімдердің жеңілдетілуі – жаңа инвестициялық модельдің өзегі болуға тиіс. Бұл ретте көршілес елдермен, Ресей, Қытай, Еуразиялық экономикалық одақ пен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттермен үйлесімді жұмыс істеудің маңызы ерекше. Мысалы, Ресейдің атом, газ химиясы және машина жасау салаларындағы тәжірибесі, Қытайдың арнайы экономикалық аймақтар мен индустриялық парктер құрудағы табыс­ты тәжірибесі елімізге пайдалы синергия бере алады.

Президент Жолдауында энерге­ти­калық ресурстарға қатысты берілген кепілдіктер – еліміз үшін серпінді жаңа бағыттарды ашатын сигнал. Бұл, әсіресе, атом энергетикасы, газ өңдеу, мұнай-химия салаларында шетелдік инвесторлармен ірі кооперациялық жобаларды дамытуға мүмкіндік береді.

Инновация мен бар артықшы­лықтарды үйлестіру – еліміз үшін ең оңтайлы жол. Бұл модель еліміздің Еуразия кеңістігіндегі экономикалық архитектурада тұрақты, ықпалды, бәсекелі ойыншы ретінде орнығуына мүмкіндік береді.

Цифрландыру мен иннова­циялық технологиялар еліміздің инвестициялық саясатының тиім­ділігін арттыра алады. Бұл – жаңа экономикалық бағытын айқын­дайтын стратегиялық парадигма. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көзқарасында цифрлық трансформация тек заманауи үрдісті қуып жету емес, инвестициялық саясаттың өзегіне айналатын құрал. Әлемде әр мемлекет инвесторларға «тартымды болуға» талпынады, бірақ еліміздің ұсынатын моделі бұл түсінікті жаңа деңгейге шығарып отыр.

Осы бағыттағы тағы бір маңыз­­ды аспект – аймақтық коопе­ра­цияның цифрлық транс­форма­ция­мен үндесуі. Қазір Ресей мен Қы­тайда жасанды интеллект, ней­рожелілер, «ақылды» логисти­калық хабтар қарқынды енгізіліп жатыр. Қазақстанның бұл үдеріске қосылуы – тасымал, транзит, агротехнология, өнеркәсіп кооперациясы салаларында жаңа мүм­кіндік ашады. Мәселен, «ақыл­ды» көлік дәліздерін құру тек тех­никалық жаңалық емес. Бұл – елімізді Еуразиядағы негізгі логистикалық түйіндердің біріне айналдыратын геоэкономикалық артықшылық.

Атом энергетикасы мен энерге­тика­лық жүйелерді жаңғырту саласындағы «Росатоммен» бір­лес­кен жобалар да цифрлан­дырудың стратегиялық инвес­тициялар үшін қаншалықты маңыз­ды екендігін дәлелдеп отыр. Инфра­құрылымның цифрлық деңгейі көтеріл­ген сайын инвестордың сенімі де артады, себебі ол болашақ жобаның тұрақтылығына, жос­парлаудың анық­тығына көз жеткізеді.

Шын мәнінде еліміздегі цифрлық модернизация – еліміздің бар мүмкіндігін дұрыс пайдаланып, жаңа серпін берудің тиімді жолы. Цифрландыру арқылы бұ­рыннан бар салалардағы ескірген жұмыс тәсілдерінен бас тартып, оларды қазіргі заманға сай технологиялық экожүйеге көшіреміз. Бүгінгі таңда цифрлық қыз­меттердің кеңеюі халыққа да, бизнеске де үлкен жеңілдік әкеліп отыр. Яғни цифр­лан­дыру – еліміздің дамуына жаңа қуат беретін құрал. Ол дұрыс қолданылса, еліміз­ді тех­нологиялық жағынан озық елдер­дің қатарына қосатын маңызды қадам болмақ.

Цифрландыру арқылы еліміз бәсеке­лестік артықшылықтарын заманауи талаптарға бейімдей алады, эко­номиканың ашықтығын күшейтеді, инвестор үшін ұзақмер­зімді, стратегиялық жобалар­дың тартымдылығын арттырады, Еуразия кеңістігіндегі эконо­микалық архитектурада өз орнын нығайтады.

Бүгінгі тенденция айқын: кім цифрлық шешімдерге сенім артады – сол болашақ инвестицияларды тартады. Ал бұл жолда Қазақстанның таңдаған бағыты дұрыс әрі уақытқа сай.

Еліміздің ең үлкен артықшы­лығының бірі – ұлттық қордың тұрақты резерві. Халықаралық валюта қорының дерегін­ше, әлемнің бар-жоғы 57 елінде ғана ұлттық қор бар, Қазақстан сол тізімде (Ұлт­тық қордың активтері – 64 млрд доллар, алтын-валюта резервтері – 52,2 млрд доллар, жыл басынан бері өсімі – 20%). Бұл қорлар сыртқы саясат­тың да, ұлттық экономиканың да қауіп­сіздігін қамтамасыз ете­тін стратегиялық «қауіпсіздік жастығы». Дегенмен әлемдік экономика түбегейлі өзгеріп жатқан кезеңде шикізаттық емес кірістердің жаңа көздерін іздеу, Ұлттық қор қаражатын басқарудың тәсілдерін қайта қарау қажет. Мұнай-газ секторына деген тәуелділік төлем балансының жай-күйінің нашарлауын, ұлттық валютаның тұрақтылығы тәуекелін тудырады. Сондықтан кәсіпкерлікті, әсіресе, өнеркәсіпті қолдауға айтарлықтай күш-жігер жұмсалуға тиіс.

Ел өңірлерінің аймақтық экономикасы да біркелкі емес. Экономиканың жалпы серпіні жоғары болғанымен, өңірлік деңгейдегі тиімділігі әлі толық емес. Бұл – ел дамуының қазіргі кезеңіндегі басты түйткілдің бірі. Бір жағынан қарасақ, елі­мізде «аймақ-локомотивтер» қалыптастыруға бағытталған нақты бастамалар бар. Мәселен, Алатау қаласының инновациялық хабқа айналуы, Алматы мен Қарағанды облыстарындағы машина жасау кластерлері, т.б. Бұл тәжірибе әлемдегі өңірлік даму моделінің қазақстан­дық нұсқасы ретінде сәтті іске асып келе жатқанын көрсетеді.

Өңірлер арасындағы теңсіздік әлі сақ­талып отыр. Сырт қарағанда өсім бар сияқты көрінгенімен, ел ішінде ай­тарлықтай эконо­ми­калық асимметрия байқа­лады. Ұлттық табыстың негізгі бөлі­гін қамтамасыз ететін мұнайлы өңірлер Атырау мен Маңғыстау облыстарының экономикасы шикізатқа тым тәуелді. Ал Павлодар, Қарағанды, Қоста­най сияқты индустриялық облыс­тардың өндірістік әлеуеті жоғары болғанымен, терең өң­деу деңгейі әлі жеткіліксіз. Ауылдық өңір­лерде агроөнеркәсіп әлеуеті зор болса да, логистика мен өткізу тізбегі толық жолға қойылмаған. Сондықтан Президент Жол­дауында атап өткен «өндірушіден сөре­ге дейін» жұмыс істейтін бірыңғай тауар өткізу жүйесін құру – өңірлік теңгерім­сіздікті жоятын маңызды құрал. Бұл бас­тама әзірге толық іске аса қой­ған жоқ, бірақ өңірлер экономика­сының үйлесімді дамуы үшін стратегиялық маңызы өте жоғары.

Өңірлердің экономикалық мүмкіндігі зор, бірақ даму қар­қыны біркелкі емес. Бір өңір инновацияға бет бұрса, енді бірі әлі де шикізатқа тәуелді. Осы тең­ге­рім­сіздікті жою керек. Ол үшін экономиканы ырықтандыру, индустриялық саясат, өңдеу секторын қолдау, «Өндірушіден өнімді жет­кізуге дейінгі» тізбекті құру, өңірлерді рекордтық деңгейде қаржыландыру маңызды рөл атқарады. Егер осы бағыттағы жұ­мыс тиімді әрі жүйелі түрде жалғаса бер­­се, еліміз 2029 жылға жоспарланған не­гіз­гі мақ­сат – ішкі жалпы өнімді екі еселеу ме­­жесіне сенімді қадаммен жақындай түседі.

Қорыта айтқанда, ел экономи­касының қазіргі даму қарқыны жүйелі және сал­мақты саясат жемісі екені айқын. Пре­зи­дент Қасым-Жомарт Тоқаевтың стра­тегиялық көзқарасы мен саяси ерік-жігері экономиканы әртараптандыруға, ин­дус­триялық базаны күшейтуге, әлеу­меттік міндеттемелердің толық орындалуы­на, халықтың әл-ауқатын арттыруға нақ­ты серпін берді. Мемлекет басшысы ұсын­ған реформалар жекелеген салаларды емес, бүкіл экономикалық модельді жаң­ғыр­туға бағытталған. Президенттің ай­қын­даған мін­деттерін Үкімет нақты ша­ра­ларға айналдырып, Парламент заң­намалық қолдау көрсетіп, осындай инс­титуционалдық тұтастық пен тиімді бас­қару мәдениеті орныққан жағдайда ғана экономикалық реформалар толық жүзеге аса алады. Бұл жолда саяси жігермен қатар, орындаушы тетіктердің мықты болуы шешуші рөл атқарады.

 

Руслан ДҮЙСЕНОВ,

мемлекеттік басқару саласының сарапшысы

Соңғы жаңалықтар