Саясат • Кеше

МАЭК-ті қолдауға бөлінген қаражатқа салық салынбайды

20 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты (МАЭК) салықтан босатылмақшы. Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар тиісті заң жобасын екі оқылымда қарап, қабылдады. Бұдан бөлек, жиында екі мәселе кеңінен талқыланды.

МАЭК-ті қолдауға бөлінген қаражатқа салық салынбайды

Мәселе неліктен ушығып отыр?

Мәжіліс қолданыстағы Салық кодексіне коммуналдық меншік­тегі энергия өндіруші ұйымдар­ға салық салу мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер енгізді. Өйт­кені батыс өңірін энергия­мен қамтып отырған жалғыз стра­тегиялық нысан қарызға бел­шесінен батқан. Заң жобасы төңі­регінде баяндама жасаған депутат Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, қазір МАЭК-тің бір ғана газ жет­кізушіге берешегі 20 млрд теңгеге жетіпті. Инфрақұрылымы да сыр берген. Депутаттар коммуналдық кәсіпорынның мұндай жағ­дайына шүйлігіп отыр.

– Компанияның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге менеджментінің қауқары жетпей ме? Бұл ретте басқару тиімділігі мәселесі де өзекті болуы ықтимал. Егер компания өз міндеттемеле­рін уақтылы орындай алмаса, тариф саясатын қайта қарастыру қажет шығар. Себебі салықтық жеңілдіктер беру мә­селені ішінара ғана шешеді, – дейді талқы­лау кезінде Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев.

Өз кезегінде Еділ Жаңбыршин менедж­мент­тің де әсері болуы мүмкін екенін, алайда объек­тивті факторлардың да бар екенін атап өтті.

– Біріншіден, газ бағасының электр энергия­сының құнынан бұрын өсуі елеулі ықпал етеді. Мы­салы, 2022 жылы газ бен электр энергиясы тарифтері ара­сын­дағы айырмашылық 10% бол­ған. Бұған газ бағасының әр жылдың 1 шілдесінде, ал электр энергия­сы тарифінің келесі жылдың 1 қаң­­тарында бекітілетіні – себеп. Осы­лайша, 2023 жылы айыр­ма­шы­лық 14%-ға, 2024 жылы 15%-ға жетті. Одан бөлек, минимум энергияны тұтыну кезінде МАЭК 140 мвт артық қуатпен жұмыс істеуге мәжбүр, себебі құрал-жабдықтарды тоқтатуға болмай­ды. Мұндай жағдайда кәсіп­орын электр энергиясын 2–8 теңге дең­гейінде сатуға мәжбүр, ал оның нақты өзіндік құны 22 теңгеден асады. Яғни компания шығынмен жұмыс істеп отыр, – дейді ол.

Құрал-жабдығы әбден тозған МАЭК-ке былтыр республикалық бюджеттен 5 млрд теңге бөлінді. Қазіргі талап бойынша мекеме соның 1 млрд теңгесін салық ре­тінде мемлекетке кері қайтаруға тиіс.

– Биыл да Үкімет резервінен бұл мекемеге 5 млрд теңге бөлін­ді. Кәсіпорында неге қар­жылық қиындық туындап отыр? Са­уық­тыру жөнінде бір нақты жос­пар бар ма? Әлде біз жыл сайын бюджеттен қаржы бөліп қарыз­ды өтейміз бе? – дейді Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл.

Бұл ретте Энергетика министр­лігі өкілдері тұтынушылардың МАЭК-ке қарызын уақтылы төле­меуі де жығылғанға жұдырық болып отырғанын айтады.

– Бүгінде МАЭК-тің жөндеу қорын 2023 жылғы 6 млрд теңге­ден 2025 жылы 15 млрд теңгеге дейін ұлғайттық. Бұл кәсіпорынның тұ­рақты жұмысын қамтамасыз етіп, табысының артуына мүм­кін­дік береді. Қазір мекемеде қуаты ­160 мвт болатын бу газы қондырғысы салынып жатыр. Ол шығынды азайтып, табысты көбейтуге сеп болады. Сондық­тан жыл сайын қосымша қаржы бөлу қарастырылмаған, – дейді Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов.

Біраз талқыдан соң, депутаттар МАЭК-ті салықтан босататын заң жобасын қабылдады. Яғни мемлекет бөлген субсидиядан енді та­быс салығын төлемейді. Осы орайда Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршинді сөзге тартып, Жаңа норманың артықшылығын ­егжей-тегжейлі сұрадық.

– Салық кодексінің 313-бабы 1-тармағына сәйкес, салық салынатын табыс 20 пайыздық мөл­шер­леме бойынша корпора­тив­тік табыс салығына жатады. Мұн­дай жағдайда корпоративтік табыс салығын төлеу мемлекет бөлген қаржының іс жүзінде қайта бюджетке қайтарылуына әкеледі. Мұндай тәсілмен жоспарланған жөндеу жұмысы да толық атқа­рылмай келеді. Заң осы олқылықты түзетуге бағытталған. Бірақ бұл норма – уақыт­ша. 2029 жылдың 1 қаңтарына дейін ғана ос­ылай белгіленіп отыр. Аталған түзетуге Үкімет те оң қорытындысын берді, – деді депутат.

 

Қазақстан мен Моңғолия зейнетақы төлемдері туралы келісімге келді

Моңғолиядан келген қандас­тар енді зейнетақы қорындағы ақшасын Қазақстанға аудара алады. Бұл 2024 жылғы 29 қазанда Ұлан-Батыр қаласында қол қо­йылған Қазақстан мен Моңғолия үкі­меттері арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісім негізінде жүзеге асырылмақшы. Мәжіліс тиісті құжатты ратификациялады.

Жалпы отырыста Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушы Виктория Шегай заң жобасын іске асыру халықаралық ынты­мақтастықты одан әрі дамытуға, азаматтардың әлеуметтік кепіл­діктері мен құқықтарын нығайтуға, екі ел арасындағы өзара сенімді арттыруға ықпал ететінін айтты.

– Құжат екі ел азаматтарының басқа мемлекетке қоныс аударған кезінде еңбек өтілін өзара тану және есептеу тәртібін белгілейді. Келісім Қазақ­­стандағы еңбек сіңірген жылдар үшін бері­летін зейнетақы­лар­ға және Моңғолиядағы әскери қызметкерлердің зейнетақысына әсер ет­пейді. Төлемдер азамат тұ­рақты тұратын ел­дің заң­намасына сәйкес тағайындалады. Еңбек қыз­меті­нен бөлек, әскери борышын өтеу кезеңі, жоға­ры және арнайы техникалық оқу орындарында білім алу мерзімдері де енгізіледі, – деді В.Шегай.

Бүгінде елімізде Моңғолиядан тұрақты тұру үшін келген шамамен 6 600 азамат бар. Олардың 6 100-і – этностық репатрианттар. Министрліктің ақпараттық жүйелері бойынша тарихи отанына оралған шамамен 1 800 адамға зейнетақы тағайындалған. Келісім күшіне енсе, шамамен 400 адам­ның еңбек өтілі қайта есептеледі. Бір жақсысы, бұған республикалық бюджеттен қосымша қаражат талап етілмейді. Талқылау қоры­тындысында Мәжіліс депутаттары заң жобасын қолдап, Сенатқа жолдады.

 

Қаруды сақтау мен пайдалану талаптары қатаңдайды

Жалпы отырыста жекеменшік күзет ұйымдары мен қару иелеріне қатысты мемлекеттік бақылауды күшейтетін күзет қызметі туралы заң екінші оқылымда қабылданды. Құжатты Мемлекет басшы­сының тапсырмасы негізінде Мәжіліс депу­тат­тары әзірлеген. Оған сәйкес азаматтық және қыз­меттік ойық ұңғылы атыс қаруы иелері қаруын тексеру атысы үшін тапсыруға тиіс. Бұл процедура уақтылы орын­далмаған жағдай­да Ішкі істер министрлігі бірінші және екінші са­нат­тағы рұқсаттардың күшін уақытша тоқтатады.

– Заңда күзет қызметін ұсыну­шылар үшін жаңа міндеттеме­лер белгіленді. Олар уәкілетті органға міндетті түрде есеп беруі, қызметті тоқтата тұру немесе қай­та бастау туралы бес жұмыс күні ішінде хабарлауға тиіс. Жеке күзет ұйымдарының филиал­дары мен өкілдіктерінің басшыла­рына, сондай-ақ қарапайым күзет қызметкерлеріне міндетті та­лап­тар енгізіледі. Құжатқа «Әске­ри­лендірілген теміржол күзеті» тұжырымдамасы енеді. Оның міндеті – транзиттік теміржол бағыттарында жүк пен заттарды үздіксіз қорғауды қамтамасыз ету, – деді Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы Магеррам Магеррамов.

 

Кеден саласын жетілдіру керек

Күн тәртібіндегі мәселелер толық қаралған соң, депутаттық сауалдар жария етілді. Жиында Таловая өзені арқылы өтетін авто­мобиль көпірін жаңғырту, фармацевтика сала­сындағы әлеу­мет­тік төлем жүйесін шектеу және әлеуметтік карталарды ен­гізу, оқу­шылар­ды ыстық тамақ­пен ­қам­тамасыз етуді әділ қаржы­лан­дыру сынды мәселелер көтерілді.

Депутат Болат Керімбек кеден саласын жетілдіруге қатысты ұсынысын жеткізді. Оның айтуына қарағанда, 2024–2025 жылдары тәуекелді басқару жүйесі (ТБЖ) арқылы іріктелген компа­ния­лардың жартысынан астамында ешқандай бұзушылық анық­талмаған. Соған қарамастан, субъек­тілерді тексеру кезінде тауар айналымы уақытша тоқтаты­лыпты. Мұның бизнеске қолай­сыздығы ғана емес, нақты экономи­калық салдары бар көрінеді.

– Жеткізу мерзімі бұзылады, логистикалық шығын артады, келісімшарт орындалмайды, бә­секеге қабілеттілік төмендейді, қаржылық шығын өсіп, тауар айналымы азаяды. Тіпті, тауарлар кеденде екі айға дейін тұрып қалып, нәтижесінде ешқандай заңбұзушылық анықталмаған жағ­дайлар орын алады. Қол­даныстағы тәжірибе кеден органдары қызметінің әлі де шамадан тыс фискалдық және репрессив­тік сипатта екенін көрсетіп отыр, – деген «Amanat» партиясы фрак­циясының мүшесі Болат Керімбек бұл жағдай негізінен ел­дің халықаралық беделіне де теріс әсерін тигізіп отырғанын мәлімдеді.

Мәселен, Дүниежүзілік банк әзірлейтін Логистиканың тиімді­лік индексінде (LPI) Қазақстан 2010 жылмен салыстырғанда өз көрсеткішін төмендетіп, қазір 79-орынға жайғасқан. Аталған рейтинг инвесторлар мен халық­аралық серіктестер үшін маңыз­ды индикатор екенін ескерсек, бұл – маңызды сигнал. Депутат Премьер-министрдің орынбасары – Ұлт­тық экономика министрі Серік Жұманғаринге төмендегі­дей ұсыныс тастады.

– Халықаралық тәжірибеге сай, сараптама аяқталғанға дейін тауарларды уақытша шы­ға­руды кеңінен қолдану; анық­тал­ған бұзушы­лықты талдау арқылы олардың формальды, тех­ни­калық және нақты құқық бұзу­­шылықтарға арақатынасын айқындау; сыртқы экономика­лық қызметке қатысушылармен профилактикалық және түсін­діру жұмысын күшейту, үлгілік қате­лер мен ұсынымдарды жүйелі түр­де жариялау. Жеңілдетілген рәсімдер­ге қол жеткізу үшін уәкі­летті экономика­лық оператор (УЭО) мәртебесін алу ынта­лан­дыру тетіктерін кеңейту; цифрландыруды тереңдету және ар­тық әкімшілік кедергіні жою арқылы бұзушылық санын азайтуға бағыт­талған кешенді шаралар әзірлеу керек, – дейді Б.Керімбек.

Ал Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан елдегі үш ірі ұялы байланыс операторының тарифтерін 20%-ға көтеру жоспарын сынап, бұл әрекеттің нарықтағы бәсекелестікті шектеу қаупін тудыратынын айтып, сауал жолдады.

– Елдегі телоператорлардың бұл қадамы – миллиондаған отан­дасымыздың қалтасына салмақ салатын шешім. Президенттің «Жеке монополия – мемлекеттік монополиядан да сорақы» деген сөзі дәл осындай жағдайларға бағытталып айтылғандай. Әдетте бәсекелі нарықта әр оператор өз стратегиясын бөлек-бөлек жасайды. Бірі бағаны төмендетеді, бірі акция жасайды, енді бірі қосымша қызмет ұсынады. «Теле 2», «Алтел», «Билайн» сынды үш ірі оператордың бір уақытта тариф көтеруі нарықтағы бәсекенің емес, өзара келісімнің, үйлесімнің белгісі сияқты көрінеді. Осы жағдай ұялы телефон мен интернет қызметін жеткізу секторында монополиялық келісім фактілерін тексеруді қажет етеді. 2023 жылдан бері байланыс тарифтері 7–57% аралығында қымбаттапты. Республика көлемінде 18,8 миллион азамат мобильді интернетке тәуелді. Бұл цифрлар – мобильді байланыс қазір жай қызмет емес, елдің цифрлық тұтастығын ұстап тұрған стратегиялық ресурс екенін дәлелдейді, – деді Ж.Әшімжан.

 

Мінберден соң

Жалпы отырыстан кейін депу­таттар бірқатар сұраққа жа­уап берді. Мәсе­лен, депутат Мұрат Әбе­новтен ұшақ билет­терінің қымбат­тауына қа­тыс­ты пікір алдық. Өйт­кені авиа­компанияларға беріл­ген жеңіл­діктер мен қайтарыл­май­тын билет­терді сатуға рұқсат бе­ріл­геніне қарамастан, жолаушылар әлі де қолдан көтерілген бағалар мен құқық бұзу­шы­лық­тарға тап болып отыр.

– Билет құнының төмендеге­­нін байқамадық. Тіпті бір ай бұрын брондасаң да, сол баға. Негізінен ішкі рейстегі әуе билеттерінің қым­бат­тауына еш негіз жоқ. Оның үстіне авиа­ком­пания­­лар­дың билетті қайтару кезіндегі әділетсіздігі тағы бар. ­Олар ақша­ны қайтарудың орнына үш ­ай ішінде қолдануға тиіс серти­фикат береді. Авиа­­ция саласындағы лоббистік әрекет­терді тоқтатып, бақылауды қай­тару керек. Алдағы заң жоба­сында авиакомпания­ларды тексеруге рұқсат беру, кешігу, борт­ты ауыстыру сияқ­ты жағдайлар­да компанияларға айып­пұл салу, жолаушылардың сотқа жүгі­ну құқығын қалпына кел­тіру ұсы­нылып жатыр, – деді М.Әбенов.

Сондай-ақ депутат кейінгі кез­дері қоғамда жиі талқыланып жүр­ген зейнетақы жинақ­тарын стоматологиялық емге пай­да­лануға шектеу қоюды қолда­май­тынын жеткізді. Оның пікірін­ше, елде тіс емдеу өте қымбат әрі халықтың басым бөлігінде сто­матологиялық проблемалар бар. Ол министрлік бұл шешімді Отбасы банкінің қысымымен қабылдады деп есептейді, себебі банк зейнетақы қаражатының өздерінде сақталғанын қалайды.

Ал «Amanat» партиясы фрак­циясының мү­ше­сі Асхат Аймағам­бетовтен балалардың смарт­­фон мен әлеуметтік желілерді пайдалануын шек­теуге қатысты ойын білдік. Депутат бұл мәсе­ле­де ­тыйым салу жеткіліксіз екенін тілге тиек етті.

– Мектеп тек сабақ оқитын орын емес, әлеуметтену алаңы. Қазір үзіліс кезінде балалар бір-бірімен сөйлесуден гөрі, көпшілігі телефонға телміріп отырады. Күні бойы TikTok қарау баланың денсаулығына кері әсер етеді. Аты танымал неше түрлі ойындарға да әуес. Онда педофилдер балалармен кездесулер ұйымдастырған жағдайлар болды, тіпті зорлау фактілері де тіркелді. Суицидке апарған оқиғалар да кездесіп жатыр. Бұл жөнінен нақты фактілер АҚШ пен Англияда тіркелді. Сон­дықтан бұл мәселеге рацио­налды қарау керек. Әрине, ең ал­дымен мектептерде смартфонды шектеген жөн. Оның орнына жас­өспірімдер үшін үйірмелер мен секциялардың санын кешенді түрде арттыру маңызды, – дейді Асхат Аймағамбетов.

Соңғы жаңалықтар

Орфандық ауру асқынып тұр

Медицина • Бүгін, 09:30

Он тілді меңгерген оқушы

Білім • Бүгін, 09:25

Орталық Азиядағы орта держава

Қазақстан • Бүгін, 09:02

Жүрек қағысын жетілдіру тәсілі

Медицина • Бүгін, 08:45

Дара да дана қайраткер

Тұлға • Бүгін, 08:40

Робот ота жасады

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:25

Ең ұзын туннель

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:10

Аққыздың аманатын арқалаған

Руханият • Бүгін, 08:07

Күмбірлеп өткен күй ғұмыр

Тағзым • Бүгін, 08:05

«Пахтакор» – чемпион!

Футбол • Бүгін, 08:02

Отыз үйрек, бес қырғауыл

Аймақтар • Бүгін, 07:50