11 Тамыз, 2015

Тұлғаны әлемге танытқан

702 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
ТұлғаЖақында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, саясат ғылымдарының докторы, дипломат Тайыр Мансұровтың Мәскеудің «Русский раритет» баспасынан жарық көрген «Познание личности. Тұлғаны тану» атты ғылыми-зерттеу еңбегі қолыма тиді. Көлемі 58,5 баспа табақтық қомақты кітап ықыласымды бірден аударды. Еңбектің кеңестік дипломатия тарихын жасаушылардың қатарына толық негізбен қосуға болатын қазақ халқының біртуар ұлдарының бірі, мемлекет қайраткері, дипломат Нәзір Төреқұловқа арналғаны оның мұқабасынан-ақ көрініп тұр. Ойыма Нәзір Төреқұловтың туғанына 120 жыл толуы қарсаңында Тайыр Аймұхаметұлымен болған әңгіме оралды. («Егемен Қазақстан», 5 қазан, 2012 ж.) «Қалай ойлайсыз? Біз Н.Төреқұловты танып болдық па? Әлде ондай аласапыран, қиын-қыстау заманда өмір сүріп, еңбек еткен тұлғаның әлі де айтылмаған тұстары, ашылмаған сырлары бар ма?» деп сұраған едім. «Нәзірді танып-болдық деп айтуға әлі ерте» деген сұхбаттасым негізінен оның 1928-1936 жылдар аралығында Сауд Арабиясы Корольдігінде Өкілетті өкіл ретінде атқарған дипломатиялық қызметін Ресейдің мұрағаттарында сақталған құжаттар арқылы зерттегенін, тіпті, елші болғанға дейін Түркістан Компартиясы орталық комитетінің жа­уапты хатшысы, Түркістан Республикасы Орталық атқару комитетінің төрағасы, РКП(б) орталық комитеті Орталық Азия бюросының мүшесі, Түркістан майданы революциялық-әскери кеңесінің мүшесі, КСРО Орталық атқару комитеті жанындағы Орталық баспа басқармасының төрағасы сияқты бірнеше жауапты және басшылық қызметтер атқарған, ал, Сауд Арабиясынан оралғаннан кейін шамалы уақыт, яғни 1936-1937 жылдары КСРО Ұлттар Кеңесі жанындағы Орталық тіл және жазу ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері болып жұмыс істеген Н.Төреқұловтың елшілік қызметінің де қамтылмаған, қағазға түспеген немесе тағы бір жерде елеусіз жатқан тұстары мен фактілері болуы мүмкін екенін айтқан. Сөйтіп, осыған дейін мақсаткерлігінің, өз қызметінің сан алуан саласында жиған тәжірибесінің арқасында жасындай қысқа ғұмырында туған халқы мен Отанына пайдалы көп іс тындырған, Отанға қызмет етуге жұмсалған ғұмырының арқауы – жемісті идеялар, жасампаз еңбек, шығармашылық ізденістерге толы болған, өте жігерлі, білмекке құштар, ерен еңбекқор, аса дарынды сегіз қырлы, бір сырлы тұлға – Нәзір Төреқұлов туралы «Назир Тюрякулов – полпред СССР в Королевстве Саудовская Арабия» (орыс тілінде), «Елші Нәзір Төреқұловтың Арабия дастаны» (орыс, қазақ, ағылшын және араб тілдерінде), «Өкілетті өкіл Нәзір Төреқұлов. Дипломат, саясаткер, азамат» (орыс, ағылшын, араб тілдерінде), Мәскеудің атақты «Молодая гвардия» баспасынан әлемге әйгілі «ЖЗЛ» (Тамаша адамдар өмірі) сериясымен тарихи очерк жанрында «Полпред Назир Тюрякулов» – барлығы – сегіз кітап жазып, қалың оқырманға ұсынған автордың бұл бағыттағы ізденістерін жалғастыра беретінін ұққан едім. Тайыр Мансұровтың қолыма тиген жаңа еңбегімен танысу барысында өзімнің қателеспегенімді түсіндім. Кітаптың алғысөзін Ресей Феде­ра­ция­сының таяуда ғана өмірден озған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі шығыстанушы-арабист, халықаралық деңгейдегі саясаткер, академик Е. М. Примаков жазыпты. Оған таңдануға болмайды. Бірде Тайыр Аймұхаметұлы: «Нәзір Төреқұлов сынды мемлекеттік ауқымда жұмыс істеген саясаткер, жоғары деңгейдегі дипломаттың өмірі мен қызметіне қатысты құжаттардың арнайы мұрағаттарда, жеті құлыптың астында сақталатыны белгілі. Осыған байланысты мен Ресей Федерациясының сол кездегі Сыртқы істер министрі Е. М. Примаковқа өзімнің сыйлас, достық қарым-қатынасымды пайдаланып: «...архивте шаң басып жатқан Төреқұлов жайындағы қағаздарды Қазақстанның Ресейдегі елшісі мен іздемесем кім іздейді?» дегендей сауал тастап, өтініш айттым. Сонда Евгений Максимович: «Мен Таяу Шығыста, араб елдерінде ұзақ жыл қызмет істедім. Нәзір Төреқұлов туралы естігенім бар. Бірақ, оның сіздердің отандастарыңыз екенін білмеппін. Ол қазақ екен ғой?» – деді. Сөйтіп, қолдан келген көмегін берді. Міне, сондай биік парасатты және адамгершілігі мол азаматтың арқасында Ресейдің Сыртқы саясат архивінен 750 беттен астам қағаз-құжаттардың ресми көшірмесін алудың сәті түсті. Е.М. Примаковқа біздің тарихымызға, Төреқұловтай ардақты азаматымыздың дипломатиялық-елшілік қызметіне қатысты аса бағалы мәліметтерді алуға көмектескені үшін әлі күнге ризашылығымды білдіріп отырамын» деген болатын. «Қандай да бір мемлекетке қатысты саяси бағдар көбіне оны кім және қалай жүзеге асыратындығына байланысты болады. Бұл ретте КСРО-ның Сауд Арабиясындағы өкілетті өкілі Н.Төреқұловтың аса көрнекті рөлі даусыз. Сол жылдардағы басшылықтың ислам жеріндегі өз өкілі ретінде, біріншіден, діннің барлық қалтарыстарын терең түсінетін, екіншіден, аса зиялы, білімдар, революция ісіне адал мемлекет қайраткерін саналы түрде таңдап алған кадр саясатына да тиісті бағасын беру керек. Бұл өзін толығымен ақтаған таңдау еді. Нәзір Төрекұлов сегіз жыл бойы (1928-1936 жылдар) өз елінің Сауд Арабиясындағы лайықты өкілі бола білді – бұл сол уақыттағы рекордтық мерзім. Саясат ғылымдарының докторы Т.А.Мансұровтың оқырманға ұсынылып отырған бұл кітабында қазақтан тұңғыш шыққан осынау кеңестік өкілетті өкіл туралы әңгіме егжей-тегжейлі өрбітіледі, сонау бір кезеңде Кеңес-Сауд қарым-қатынасының қалай қалыптасып, дамығаны жан-жақты қамтылады. Мұрағат материалдарының негізінде автор ақылды да жігерлі елшінің Кеңес Одағының Арабия түбегіндегі ықпалы жолындағы күресіне қатысты осыған дейін сырын ішіне бүккен фактілердің бетін ашады... Кітап авторының басты еңбегі – осынау ірі тұлғаны түнектен арамызға оралтып қана қоймай, КСРО-ның Таяу Шығыстағы дип­ломатиясы тарихының тұтас бір қабатын жарқырата көрсете алғанында», деп жазыпты Е.М.Примаков Арабия түбегіндегі кеңестік дипломатияның аса қызғылықты беттерінің бірін қамтыған осынау зерттеу­ге, Н.Төреқұловтың сыртқы саясаттағы атқарған игілікті істеріне, ақылмандық тұлғасына асқан тәнтілікпен риза болып жылы лебіз арнаған мемлекет қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев өз ойын: «Тайыр Мансұровтың кітаптары жөнінде қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған көптеген жылы пікірлер мен мақалалар жұртшылықтың аты аңызға бергісіз өкілетті өкіл, айтулы тұлғаға деген ықыласы мен қызығушылығының белгісі болса керек» деп түйіндепті. Айтса айтқандай, бұл зерттеудің Тайыр Мансұровтың бұрынғы еңбектерінен құрылымы да, айтары да бөлек. Автор айтулы тарихи тұлғаның, оның кәсіби қызметінің елеулі кезеңдерін тек құжаттар ғана толық бейнелей алатынын ескере отырып, 1928-1936 жылдары Кеңес Одағының Сауд Арабиясындағы өкілетті өкілі, тари­хымыздағы тұңғыш қазақ елшісі Нәзір Төреқұловтың сыртқы саясаттағы қызметін, Кеңес Одағының Арабия түбегінде өзінің ықпалын нығайту жолындағы күресін, КСРО-ның аты аңызға айналған өкілетті өкілінің бұрындары беймәлім болып келген қызметін бай тарихи-мұрағат деректерімен, сарғайған суреттермен байыта түскен. Әлемдік қауымдастықтағы мемле­кеттердің өздерінің өзге елдермен саяси-экономикалық, әлеуметтік қарым-қаты­настар орнатуы – бағзы замандардан тамыр тартып келе жатқан үрдіс. Әр мемлекеттің сыртқы саясатына негізделетін бұл қарым-қатынастар елшілер арқылы жүзеге асырылады. Халқымыздың «Елдестірмек – елшіден» деген ұлағатты нақылы да осыны ұқтырады. Әрине, өзге мемлекетте тұрып, өз елі­нің мүддесін қорғай білу оңай шаруа емес. Сон­дықтан елшінің бойынан ерекше қасиеттер – зиялылық, асқан білімдарлық, қажыр-қайрат, жігер, күрмеуі қиын мәселелерді өз елінің пайдасын көздей отырып, шеше білудегі танымпаздық, ойлау қабілетінің кеңдігі, сол мемлекеттің басшылары өзіне сенім артатындай дарындылық талап етіледі. Елшілік қызметте тәжірибесі әлі қалып­таспаған, сыртқы саясатта аса танылмаған жас мемлекеттердің өкілетті өкілдеріне бұл жағдай қиындық тудыратыны анық. Өйткені, әлемдік қауымдастықтағы мемлекеттің өзге елдермен белгілі бір деңгейлерде қарым-қатынас орнатуы оп-оңай шешілетін мәселе емес. Мұны айтып отырғанымыз – 1917 жылдан кейін жас Кеңес Одағын әлем елдерінің бәрі бірдей тани қоймағаны белгілі. Бұл орайда Кеңес Одағы мен Сауд Арабиясы арасында байланыс, ынтымақ орнату сол кездегі сыртқы саясаттағы айрықша маңызы зор қадам еді. Елші Сауд Арабиясының тарихына, ежелден қалыптасқан дәстүрлеріне, мәдени өрлеу деңгейіне, оны мекендейтін ұлттардың діліне, тіліне, діни ұстанымдарына аса жетік адам болуы керек. Міне, КСРО-ның Сауд Арабиясындағы өкілетті өкілі Нәзір Төреқұлов өзін осы талаптарға сай тұлға ретінде танытты. Өткен ғасырдың 20 – 30-жылдарында екі ел арасындағы саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени байланыстардың бас­тауында тұрып, қадери-халінше Кеңес Одағының мүддесіне нұқсан келмейтіндей қалыпты, ынтымақты жағдайға қол жеткізу осы сұңғыла да білікті саясаткердің асқан қабілеті арқылы жүзеге асырылды. Бұл аса қиын міндет еді. Өйткені, бұл елде де өзге мемлекеттер өз мүдделерін көздеп, қарсы жақтардың жолын бөгеуге, әсіресе, жас Кеңес Одағының алдын орап кетуге, Сауд Арабиясы басшылығының сеніміне кіруге, сол арқылы бұл мемлекетте өздерінің ықпалын орнатуға тырысқаны айтпаса да, түсінікті. Елшілер арасындағы осындай сырт көзге түспеген, іштей жүргізілген күресте Нәзір Төреқұловтың өзгелерге есесін жібермегені, алпыс астарлы саяси текетіресте көп ретте асығы алшы түсіп, айы оңынан туып отырғаны айызыңды қандырады әрі оның асқан алғырлығы мен болашақты болжай білген кемелдігі қайран қалдырады. Сыртқы саясаттың ай сайын емес-ау, күнде құбылып тұратын жолдарымен адаспай жүріп, екі елдің өзара сеніміне селкеу түсірмеу Нәзір Төреқұловқа оңай болмағанын оның осы мақсаттағы атқарған істерінің терең тамырларын көре білген зерттеушілердің еңбектерін оқып, пайымдап жүрміз. Солардың бірі де, бірегейі де көрнекті мемлекет қайраткері және саясаткер Тайыр Мансұров десек, орынды. Зерттеуші тұңғыш қазақ елшісі, Кеңес Одағының көрнекті саясаткері Нәзір Төреқұловтың 1928-1936 жылдар аралығында, сегіз жыл бойы, Сауд корольдігіндегі елшілік қызметін зерделеп, саясаткердің ғажайып тұлғасын елге, әлемге десек те артық емес, танытса, бұл еңбегінде осы бағыттағы ізденістерін барынша тереңдете түскен. КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нүрпейісовтің: «Менің Тайыр досым өзі дипломатия саласында сұңғыла саясаткер бола жүріп, КСРО-ның әлемдік аренадағы қалыптасуының кезіндегі асқан өкілетті өкілі, тұңғыш қазақтың ұлы тұлғасын Отан тарихымен астастыра отырып, перзенттік парызбен, ұқыптылықпен бейнеледі», деуі де осыны аңғартады. Есімі әлемге әйгілі ақын, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО-дағы (Париж) тұрақты өкілі, елшісі Олжас Сүлейменовтің: «Нәзір Төреқұловтың өмірі оның құрдастары Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Мағжан және олар жайында кітаптар әлі жазылмаған мыңдаған басқа да адамдар сияқты қыршынынан қиылды. Егер мұны жадымыздан шығарсақ, осынау қатерлі шындық қайталануы ғажап емес. Өкінішке қарай, бұған біздің көзіміз жетті де», деген лебізі де тебірентпей қоймайды. 1937 жылдардың құрығы Нәзір Төреқұлов сынды ұлы перзентіміздің де мойнына түсіп, ол да сталиндік зұлматтың құрбаны болды. 1936 жылы ол Жиддадан кеткеннен кейін Кеңес-Сауд қатынасы да оның тағдырын кигендей үзіліп, бергі 1990 жылы ғана қайта қалпына келтірілгені дип­ломатия тарихынан белгілі. Осы сүбелі еңбекке Қазақстан Респуб­ли­касы Сыртқы істер министрлігінің ұйым­дастыруымен Астанада «Н.Төреқұлов – көрнекті мемлекет қайраткері, дипломат және ағартушы» (10 желтоқсан 2002 жыл), «Нәзір Төреқұлов – аса көрнекті мемлекет қайраткері, дипломат және журналист» (7 шілде 2013 жыл) деген тақырыптарда өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференциялардың және 2006 жылғы 10 қарашада Түркістанда Нәзір Төреқұловтың дипломатиялық және саяси қызметіне арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдарының енгізілуі де орынды деп білеміз. Өйткені, осы басқосуларды ұйымдастыруға ұйытқы болып, негізгі баяндамаларды жасаған нақ Т.А.Мансұровтың өзі болатын. Нәзір Төреқұловтың біз жоғарыда айтып өткен іскерлік, өзге мемлекеттердің елшілерімен арадағы қарым-қаты­нас­тардағы іштей күресіндегі жеңісі өкілетті өкілдің Сыртқы істер халық комиссариатына жолдаған хаттарынан, хабарламаларынан айқын аңғарылады. Сөз реті келіп тұрғанда айтар болсақ, тілге тиек ететін мұндай мысалдар аталған кітапта молынан қамтылған. Солардың бірінде ол әлемдік саясатта үнемі өз өктемдігін жүргізіп, өзгелерге астамшылықпен қарайтын ағылшын елшісімен қарым-қатынасы туралы былай деп жазады: «Құрметті Пастухов жолдас! Корпустағы төр иелену туралы айтайын. Корпустағы төр иеленуде ағылшындармен арадағы тарихи бәсеке біздің пайдамызға шешілді. Өзіңіз білетіндей, соңғы уақытқа дейін біз ағылшындармен жүздеспей келдік қой. Ағылшын елшісі Андрю Раян мырзаның келуімен мәселе шешімін тапты: ол бізге келді, мен онда қажылықта жүрген едім. Сөйтіп, біздің ағылшындармен арамызда енді барынша қалыпты қарым-қатынас орнатылды. Ресми салтанаттарда мен ең алдыңғы орында отырамын, Раян – екінші, француздың сенім көрсетілген өкілі Мегре мырза – үшінші, Айноль-Мольк төртінші орынға жайғасады. Түрік елшісі Сени бейдің жағдайы осы уақытқа дейін анықталмауда. Ангора үндемейді, өзінің қазіргі жағдайына риза болмаған Сени бей «артқы жақта» қалмауы үшін салтанатты қабылдаулардан бой тасалайды. Раян кейбір жағдайларда маған жол беріп, өзін өте сыпайы ұстайды». Осы мазмұндас хабарламалар көлемді еңбектің біраз беттеріне орналастырылған. Сөйтіп, бұлар Нәзір Төреқұловтың өзгелер­ден өресінің биіктігін айғақтай түседі. Сталиндік зорлық-зомбылық, соқыр саясат Нәзір Төреқұловты ғана емес, Кеңес Одағының осындай адал, жүректері «Отаным!» деп жалындаған біршоғыр патриоттарының да ғұмырын өзінің қанқұйлы тегершігімен езіп-жаншып, түнекке аттандырса да, ақиқат өлмей, оларды халық жадынан өшірмеді. Осы азабы қиын ақиқатты тірілтуге Тайыр Мансұров сияқты асыл азаматтың, көрнекті мемлекет қайраткерінің, саясаткердің сіңірген еңбегі өлшеусіз, баға жеткісіз, десек, артық емес. Оның «Тұлғаны тану» кітабын оқи отырып, осындай ойды жүрекке ұялатамыз. Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ, журналист. ПЕТРОПАВЛ.
Соңғы жаңалықтар