Сурет: inbusiness.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шекара маңындағы инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі тапсырмасы аясында пайдалануға берілген нысандардың ресми ашылуына Қаржы министрі Мәди Тәкиев пен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты.
Қаржы министрі жаңғырту бағдарламасы Қытай, Өзбекстан мен Түрікменстан шекараларында орналасқан барлығы тоғыз өткізу пунктін қамтығанын атап өтті. Қазір «Қапланбек», «Атамекен», «Қалжат» пен «Алакөл» сияқты бірқатар нысандағы жұмыстар аяқталған. Ал жыл соңына дейін «Тәжен», «Майқапшағай» мен «Бақты» пункттері қайта жаңғыртылмақ.
Жөндеу жұмыстары көлік қозғалысы мен жүк өткізу үдерісіне кедергі келтірмеуге тиіс. Осы мақсатта уақытша қозғалыс сызбасы жасалған, бұл кептелістің алдын алып, жүк пен жолаушылар тасымалы үздіксіз жүруіне мүмкіндік берген.
Жаңа технологияларды енгізудің нәтижесінде пункттерде шекарадан өту уақыты 30 минутқа дейін қысқарып, өткізу қабілеті тәулігіне 1 мың көлікке дейін ұлғайтылды, көлік ағыны 2,5 есе артқан. Мысалы, 2022 жылы шекараны 640 мың көлік кесіп өтсе, бүгінде бұл көрсеткіш 1,5 млн-ға жеткен.
«Қазығұрт» өткізу пункті – халықаралық стандарттарға сай келетін заманауи технологиялық кешен. Мұнда көлікті тіркеудің автоматтандырылған жүйесі, озық сканерлеу жабдықтары, салмақ-габарит өлшеу жүйелері, сондай-ақ рентген-телевизиялық қондырғылар, «тепловизорлар» және радиациялық бақылау құралдары іске қосылған. Қозғалыс ағыны жаяу жүргіншілер, жеңіл әрі жүк көліктері деп бөлінген. Бұл қауіпсіздікті арттырып, қозғалысты жылдамдатады. Жүк көліктері техникалық бақылаудан кедергісіз өтуге арналған автоматтандырылған жүйе де орнатылған.
Инфрақұрылымды жаңартумен қатар министрлік кеден рәсімдерін цифрландыруға да көңіл бөлген. Айталық, Keden ақпарат жүйесі кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Жүйе экспресс-жүктер мен тауарларды есепке алуды әрі виртуалды қоймаларды автоматтандырды.
Жасанды интеллект негізінде тауарлар мен қызметтерді декларациялау модулін іске қосу жұмысы да қолға алынған. Мақсат – электронды декларацияның толық циклін аяқтап, 2026 жылдан бастап тиімділікті бақылау, сараптау мен бағалау модульдерін енгізу. Бұл бизнестің жұмысын айтарлықтай жеңілдетіп, қызмет көрсетуді жеделдете түседі.
Биылғы сәуірде Өзбекстанмен шекарада орналасқан «Жібек жолы» өткізу пунктін ауқымды жаңғырту жұмыстары басталған болатын. Жаңа кешен жалпы ауданы 10 мың шаршы метрді алып жатқан екі заманауи жолаушылар терминалы мен автокөлікке арналған бірыңғай шатырды қамтиды. Тиісті жұмыстар аяқталғаннан кейін өткізу пункті тәулігіне 70 мың адамды қабылдай алатын деңгейге жетіп, екі мың жеңіл көлікті өткізе алады.
Тағы бір инновациялық бағыттардың бірі – Қытаймен бірлесе қолға алынған «Бақты-Покиту» жобасы. Қытай тарапы бұл жобаға шамамен 50 млн доллар көлемінде инвестиция жұмсамақ. Жоба аясында ұшқышсыз басқарылатын электр шатлдарын пайдалану, «ақылды» логистиканы, AGV-терминалдар мен зарядтау стансаларын енгізу сынды цифрлық жобалардың толыққанды интеграциясын жасау жоспарланып отыр.
«Жаңа өткізу пункттерін іске қосу – мемлекеттік органдар мен шекара қызметінің, инженер, құрылысшы секілді мамандардың бірлескен жұмысының жемісі. Біз экономиканы дамытуға үлес қосып, елімізді бәсекеге қабілетті транзитті хаб ретінде айқындайтын заманауи инфрақұрылымды құруға мән беріп келеміз. Өткізу пункттерін жаңғырту – Мемлекет басшысының Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған тапсырмасын іске асыру бағытындағы жүйелі қадам», деді М.Тәкиев.