11 Тамыз, 2015

Жаркенттік Ақжан жеңімпаз атанды

365 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
thumb«BalaTurkvizyon» халықаралық балалар әні байқауының Алматы облысы бойынша жартылай финалисі анықталды. Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қорының жобасы «Bala Turkvizyon-Қазақстан» халықаралық балалар әні байқауының соңғы ұлттық іріктеу кезеңі Алматы облысында өз мәресіне жетті. Он алтыншы аймақтық іріктеу Талдықорған қаласында өтті. Алматы облысының 100-ден аса өнерпазы Жетісудың орталығына облыс намысын республикалық байқаудың финалында қорғау үшін жиналды. Ал он екі жастағы Нұрбек Нұрым Ұзынағаш ауылынан «Ұзынағаш» өнер мектебінде тәлім алатын жерлестерімен бірге келді. Ол эстрада-вокал сыныбында және фортепианода ойнауды кәсіби түрде үйренуде. Жол көрсететін жетекшісі – Қыдырбек Әкімжанов. Байқауға өнерпаз Сәкен Майғазиевтің орындауындағы «Асыл ана» әні мен «Саната Лючия» ария­сын дайындап келіпті. «Біз байқауға 250 шақырым қашықтықты артқа тастап келдік. Бекер келген жоқпыз. Біздің шәкірттеріміз өнер адамдарымен танысып, телевизиялық түсірілімдерге түсіп, өз өнерлерін көрсетті. Олар өте қуанышты. Ұйымдастырушылар алқасының балаларға жасаған осындай үлкен сыйына алғыс айтамыз», – дейді жетекшілері. Алматы облысы бойынша жартылай финал жеңімпазы болып Жаркент қаласының тұрғыны Ақжан Байзақ танылды. Ол 12 жаста. Көп балалы отбасының көптен күткен және кенже балалары. Баланың анасы Айжан Байзақтың айтуынша, ұлы үш жасынан бастап ән сала бастаған және алғаш орындаған әндерінің сөздері де күрделі халық әндері болған екен. «Негізінде Ақжанның өжет мінезі мен қайсарлығының, шапшаңдығының арқасында армандары орындалуда. Музыкалық білімі жоқ болса да, көптеген байқаулардың жеңімпазы атанып үлгерді», – дейді анасы. Ол қалалық мерекелер мен концерт­тердің тұрақты қонағы болып табылады.  Әннен бөлек, Ақжан спортпен де айналысады, грек-рим күресі мен суға секіру дегендей. «Жаттықтырушысы да баланың спорттағы жетістіктерінің жақсы екенін айтып, вокалға дайындыққа жібергісі келмейді», – дейді анасы. Ал Ақжанның айтуы бойынша, спортпен шұғылдану оның сахнада сымбатты көрінуіне септігін тигізеді екен. Ол Роза Рымбаева, Әли Оқапов, Серік Ибрагимовты үлгі тұтады. Жақында ол кларнет сыныбы бойынша музыка мектебінде оқуын жалғастырады. Ақжан Байзақ енді Алматыдағы «Жұлдызды үйге» ұлттық іріктеудің финалына дайындалуға келеді. Ұлттық іріктеудің финалы Астана қаласында қыркүйектің 16-17 күндері өтеді. Аймақтық іріктеулер өз мәресіне жетті, бірақ «Bala Turkvizyon-Қазақстан» жартылай финал жеңімпаздарын алда қызу дайындық және Түркияның Ыстамбұл қаласында түркі тілді 20 елдің арасында өтетін үлкен додада ел намысын қорғау мүмкіндігі күтуде.   «Егемен-ақпарат».