Құрылыс • Бүгін, 11:19

Талдықорғанда жаңа аудандар салынады

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Талдықорған қаласында бір мезетте үш жаңа шағын ауданның құрылысы басталып, Қаратал өзенінің оң жағалауында тұрғын үйлер бой көтермек, деп жазады Egemen.kz.

Талдықорғанда жаңа аудандар салынады

Қала әкімі Ернат Бәзіл қаланың алдағы даму жоспарымен таныстырып, жыл ішінде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, биыл облыс орталығында бірнеше өндірістік нысан іске қосылды. 200-ге жуық тұрғын үй пайдалануға беріліп, жаңа тұрғын үй аумағы қалыптасты.

Сонымен қатар ұзақ уақыт назардан тыс қалған бұрынғы әскери қалашықтағы әлеуметтік мәселелер кезең-кезеңімен шешіле бастады.
Биыл «Ұлан» шағын ауданында 20 көпқабатты үйдің қасбеті жөнделіп, балкондары жаңартылды. Аулаларға заманауи ойын алаңдары орнатылды.

Қала тұрғыны Гүлнұр Тоқтабекованың айтуынша, үш жыл бұрын бұл аумақта инфрақұрылым болмаған. Қазір тұрғындар үшін барлық жағдай жасалып, әскери қалашықтың келбеті айтарлықтай өзгерген.

Сонымен қатар Талдықорғанда газбетон, керамика және электр жабдықтарын шығаратын зауыттар, сондай-ақ кондитерлік өнім өндіретін цех ашылды. Аккумулятор зауытында жаңа өндірістік желі іске қосылды.

Зауыттың өндірістік директоры Талғат Қонақбаев кәсіпорында телекоммуникация, медициналық мекемелер, жел электр станциялары мен ірі өндіріс орындарына арналған аккумулятор батареялары шығарылатынын айтты. Өндіріс толық жаңартылып, цифрландыру жүйесі енгізілген.

Қалада ескірген инженерлік желілер жаңартылып жатыр. Биыл жүзден астам көшеге асфальт төселіп, «Жастар-3» атты жаңа шағын аудан салынды.

Қала әкімінің мәліметінше, барлығы 790 тұрғын үй салу жоспарланған. Өткен жылы 56 үй пайдалануға берілсе, биыл 206 үйдің құрылысы толық аяқталып, «Отбасы банк» арқылы тұрғындарға ұсынылады. Сондай-ақ 9-ықшам ауданда екі ірі тұрғын үйдің құрылысы тәмамдалуға жақын.

Алдағы жылы «Батыс» және «Құлагер» шағын аудандарында мектептер салынып, жаңа тұрғын үй аймақтарының негізі қаланбақ.

Қала басшысы 11, 12 және 13-ықшам аудандарда инженерлік инфрақұрылым жұмыстары басталғанын айтып, олар келесі жылы аяқталатынын жеткізді. Сонымен қатар республикалық бюджет есебінен өрт сөндіру депосы, жаңа тұрғын үйлер мен ірі қазандық салу жоспарланған. Бұл аумақтың дамуы алдағы екі-үш жылға бағытталған.
2027 жылдан бастап Қаратал өзенінің оң жағалауын дамыту жұмыстары қолға алынады. Онда тұрғын үйлермен қатар медициналық және әлеуметтік нысандар салу көзделіп отыр.