Мәдениет • Бүгін, 20:33

Тәуелсіздік мерекесіне тарту: Жетісудың мәдениет мекемелері жаңа автокөліктермен толықты

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік күні қарсаңында Жетісу облысында өңірдің мәдениет саласын қолдауға бағытталған маңызды шара өтті. Талдықорған қаласындағы орталық алаңда ұйымдастырылған салтанатты рәсімде жергілікті мәдениет мекемелеріне жаңа автокөліктердің кілттері табысталды. Техниканы облыс әкімінің атынан оның орынбасары Диас Есдәулетов салтанатты түрде табыс етті, деп жазады Egemen.kz.

Тәуелсіздік мерекесіне тарту: Жетісудың мәдениет мекемелері жаңа автокөліктермен толықты

Іс-шара барысында облыс басшысының орынбасары мәдениет қызметкерлерінің Жетісу өңірінің өнері мен рухани өмірін дамытуға қосып отырған еңбегіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, сала мамандарының алаңсыз әрі сапалы жұмыс істеуіне жағдай жасау, мәдениет нысандарының материалдық-техникалық әлеуетін кезең-кезеңімен күшейту – жергілікті биліктің басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта мәдениет ұйымдарының автопаркі шағын автобустар мен жүк көліктерімен толықтырылып отыр. Жаңа техникалар шығармашылық ұжымдардың гастрольдік сапарларына шығуына, құрал-жабдықтар мен сахналық декорацияларды тасымалдауына, түрлі фестивальдер мен байқауларға белсенді қатысуына мүмкіндік бермек.

Аталған күні облыстағы 8 аудандық және 2 қалалық мәдениет үйіне, Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапханаға, облыстық архивке, Көркемсурет галереясы мен Халық шығармашылығы орталығына барлығы 13 «Газель» маркалы шағын автобус пен 1 жүк көлігі тапсырылды.

Жаңа техниканы алған мекемелер атынан Алакөл аудандық Зейнеп Қойшыбаева атындағы мәдениет үйінің директоры Отан Смағұлов сөз сөйлеп, мәдениет саласына көрсетіліп отырған қолдауға ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, бір күнде осыншама автокөліктің мәдениет нысандарына берілуі – өңір тарихындағы ерекше оқиға. Бұл ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген өнер қызметкерлеріне көрсетілген нақты қамқорлық әрі шығармашылық серпін беретін маңызды қадам. Сондай-ақ ол Алакөл ауданында төрт жаңа мәдениет нысанының салынып жатқанын, олардың бірі жақын арада пайдалануға берілетінін атап өтті.

Айта кетейік, бұл игі бастама биыл екінші жыл қатарынан өткен «Жер жаннаты – Жетісу» облыстық телевизиялық байқауының марапаттау рәсімі мен гала-концертімен жалғасын тапты.

Жалпы, Жетісу облысы құрылған уақыттан бері мәдениет саласының инфрақұрылымы 36,2 пайызға жаңартылды. Соңғы үш жылда сала мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 1 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты бөлініп, музыкалық аспаптар, сахналық киімдер, компьютерлік техника және өзге де қажетті құралдар сатып алынды. Қазіргі таңда өңірде 300-ден астам мәдениет және архив мекемесі халыққа қызмет көрсетіп келеді.

Соңғы жаңалықтар