фото: ашық дереккөз
Талдықорған қаласының жергілікті тұрғыны әлеуметтік желілерді қарап отырып, Қазақстанға танымал компаниялардың бірінің бағалы қағаздарына инвестиция салуды ұсынған жарнамаға назар аударған. Сырт көзге сенімді көрінген хабарлама күмән тудырмай, ер адам сілтеме арқылы өтіп, көрсетілген сайтқа тіркелген.
Осыдан кейін өзін компанияның «менеджерлері» ретінде таныстырған адамдар хабарласып, психологиялық тәсілдер арқылы жоғары табыс уәде еткен. Нәтижесінде жәбірленуші 13 миллион теңгені «инвестиция» ретінде аударған. Алайда уәде етілген пайда түспеген. Біраз уақыт өткен соң ғана ол мұқият ойластырылған алаяқтық схеманың құрбаны болғанын аңғарған.
Жәбірленуші уақыт оздырмай Талдықорған қаласының полиция басқармасына арызданған. Қылмысты киберқылмыстарды тергеу жөніндегі бөлім қызметкерлері дереу қолға алған. Жас тергеуші Азамат Жанатұлының жетекшілігімен қысқа мерзім ішінде ұрланған қаражатты алуға қатысы бар дропперлер анықталған.
Полицияның үйлесімді әрі жедел жұмысының нәтижесінде алаяқтық жолмен алынған барлық ақша заңды иесіне толық қайтарылды. Құқық қорғау органдары азаматтарды қырағы болуға, күмәнді инвестициялық ұсыныстарға сенбеуге және алдаудың алғашқы белгілері байқалған сәтте бірден полицияға жүгінуге шақырады.