Оқиға • Кеше

Сынақтан сәтті өтті: Starlink Қазақстанда қашан іске қосылады?

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан әлемдегі алғашқы елдердің бірі болып SpaceX компаниясының Direct-to-Cell (D2C) спутниктік байланыс технологиясын қолданысқа енгізеді. 2026 жылдың ақпан айына жоспарланған бұл жоба Орталық Азия өңірінде алғаш рет Қазақстанда сәтті сынақтан өткізілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сынақтан сәтті өтті: Starlink Қазақстанда қашан іске қосылады?

Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа жасаған ресми сапары аясында бірқатар құжаттарға қол қойылды. Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев, Beeline Қазақстан басшылығы және SpaceX өкілдері жаңа технологияның мүмкіндіктерін іс жүзінде көрсетті.

Сынақ барысында Starlink спутниктік желісі мен Beeline-ның жерүсті инфрақұрылымы біріктіріліп, қарапайым ұялы телефон арқылы SMS-хабарламалар мен мессенджер қоңыраулары сәтті жүзеге асырылды. Direct-to-Cell технологиясының басты ерекшелігі – ұялы телефонды ешқандай қосымша жабдықсыз тікелей спутникке қосу мүмкіндігі. Бұл инновация ұялы байланыс мұнаралары жоқ таулы аймақтар мен шалғай ауылдарда байланыс мәселесін түбегейлі шешпек.

Жобаны енгізу кезең-кезеңімен жүреді:

  • Бастапқы кезеңде пайдаланушыларға SMS-хабарламалар жіберу қызметі ашылады. Кейін дыбыстық байланыс пен басқа да сервистер қолжетімді болады;
  • 2027 жылы негізгі қызмет түрлерінің басым бөлігі толық іске қосылады.

«Бұл бастама Мемлекет басшысының елді толық цифрландыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес келеді. Барлық өңірде цифрлық қызметтердің сенімді жұмыс істеуі үшін заманауи байланыс арналары қажет. Спутниктік байланыс – осы архитектураның маңызды бөлігі. Ең мағыздысы – әрдайым байланыста болу мүмкіндігі. Төтенше жағдайларда, шалғай өңірлерде немесе жолда бұл қызмет түрі шешуші рөл атқарады. Мұндай технологиялар цифрлық тұрақтылықты арттырып, азаматтардың өмір сапасын жақсартады», деді Жаслан Мадиев.

Осылайша, Қазақстан жаһандық озық технологияларды игеруде Орталық Азия бойынша көш бастап, цифрлық тұрақтылықты жаңа деңгейге көтермек. 

 

Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында көпір құлады

Төтенше жағдай • Кеше