Фото: Ашық дереккөз
Оқиға 18 желтоқсанға қараған түні KC931 рейсінде болған. Куәгерлердің сөзіне қарағанда, әуеде оң жақ қозғалтқыш тұсынан белгісіз тарс еткен дыбыс естіліп, ұшақ шұғыл төмендей бастаған. Сонымен қатар, жолаушылар салонда күйік иісі сезілгенін хабарлады. Экипаж мүшелері қалыптасқан жағдайға байланысты лайнерді жақын маңдағы Дели әуежайына қондыру туралы шешім қабылдаған.
Air Astana әуе компаниясының баспасөз қызметі бұл ақпаратты растап, қонудың «техникалық себептерге» байланысты болғанын мәлімдеді. Ресми мәліметке сүйенсек, бортында 138 жолаушысы бар ұшақ Алматыдан сағат 01:00-де ұшып шығып, Делиге жергілікті уақытпен 05:51-де аман-есен қонған.
«Қазіргі уақытта барлық жолаушыларға тамақ беріліп, уақытша визалар рәсімделді. Әуе компаниясы оларды қонақүйге орналастыру мәселесін шешіп жатыр. Сонымен қатар Бангкокқа сапарды жалғастыру үшін резервтік борт дайындалуда», деп хабарлады компания өкілдері.
Айта кетейік, бұл Air Astana ұшақтарымен соңғы екі күнде болған екінші төтенше оқиға. Кеше, 17 желтоқсан күні Алматыдан Астанаға бағыт алған Airbus A321neo лайнері де салондағы түтінге байланысты MAYDAY (белгісіз қауіп) сигналын беріп, әуежайға кері қайтқан болатын.