Фото: Pinterest.com
Энергетика министрлігінің өкілдері OPTI Well цифрлық платформасын әзірлеген RECADO компаниясымен бірге Құмкөл кен орнында болып, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясында іске асырылып жатқан Vanguard AI жобасының нәтижелерімен танысты. Сапар барысында жұмыс істеп тұрған ұңғымаларда жасанды интеллектке негізделген отандық цифрлық шешімдердің нақты өндірісте қалай жұмыс істейтіні көрсетілді.
Ерекше назар елімізде толық әзірленіп, елімізде өндірілетін ұңғымалық контроллерге ауды. Бұл құрылғы – отандық инженерлік ой мен цифрлық технологияның нақты жемісі. Мамандардың айтуынша, жоба мұнай-газ саласында отандық үлесті арттырып қана қоймай, ұлттық технологиялық құзыретті қалыптастыруға жол ашады.
OPTI Well платформасы ұңғымаларды нақты уақыт режимінде қашықтан бақылап, басқаруға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект технологиялық параметрлерді талдайды, жұмыс режімін оңтайландырады, өндіру көлемін арттыруға ықпал етеді және күтпеген жағдайларға жедел әрекет етуге жағдай жасайды. Нәтижесінде нысандарға жиі бару қажеттілігі азайып, өндірістік тәуекел мен шығын қысқарады.
Жасанды интеллект белгіленген жұмыс режимінен ауытқуды автоматты түрде анықтап, жауапты мамандарға дереу хабар береді. Бұл технологиялық іркілістердің алдын алып, мұнай өндірудегі жоғалтуларды азайтуға мүмкіндік береді.
Мамандар мұнай-газ кешенін цифрлық трансформациялау және отандық IT әзірлемелерді қолдау керектігін атап өтті. Жобаны еліміздің өзге кен орындарында да кеңінен қолдануға әлеуеті жоғары екені жеткізілді.