Наноспутник Ziwei Aerospace компаниясының «Диэр-5» (Яо-8 миссиясы) ғарыш аппараты арқылы «Куайчжоу-11» зымыран тасығышымен орбитаға жеткізілді.
Ғарыштық зерттеулерге арналған бұл құрылғы Солтүстік-Батыс политехникалық университеті (СБПУ) мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бірлесіп әзірлеген. Наноспутник мақсаттарды жоғары тұрақтылықпен маневрлі бақылау, икемді сенсорларға негізделген платформа ориентациясын динамикалық қабылдау және компенсациялау, сонымен қатар OpenHarmony ашық бастапқы коды бар операциялық жүйеге негізделген қашықтан зондтау кескіндерін автономды тану сияқты бірнеше негізгі міндеттерді атқарады.
Оның негізгі төрт артықшылығы бар: коммерциялық компоненттер мен инновациялық дизайн арқылы жоғары экономикалық тиімділік; жоғары тұрақтылық пен дәл бағыттау; ориентация қателерін бейімделген түрде компенсациялауға арналған жоғары есептеу қуаты; деректерді Жерге жылдам алып-жеткізу үшін жоғары оперативтік әрекеттестік.
Жобаға ҚазҰУ базасындағы СБПУ филиалы, «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясындағы ұлттық бірлескен зерттеу лабораториясы, Әуе-ғарыш институты және Икемді электроника ұлттық негізгі зертханасы қатысты.

Жобаның консультанты – академик Хуан Вэй, жалпы жетекшісі – профессор Юэ Сяокуй, жетекшінің орынбасары – ҚазҰУ профессоры Зәуре Рақышева. Бірлескен зерттеу тобына Қытай мен Қазақстаннан 20-дан астам маман және жас зерттеушілер жұмылдырылған.
Бірлескен жұмыс ғарышты зерттеу, білікті мамандар даярлау және ортақ спутниктерді жасау, сондай-ақ, микроспутник арқылы Жерді қашықтан зерттеуге мүмкіндік береді.