Қоғам • Кеше

Сәбиге қамқор орталық

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылордадағы көп­бейінді облыстық бала­лар ауруханасы жанынан «Қамқорлық» орта­лығы ашылды. Орта­лықтан шала туылған, неврологиялық, ортопе­диялық белгілермен дүниеге келген үш жасқа дейінгі сәбилер көмек ала алады.

Сәбиге қамқор орталық

Орталықтың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет өңірде мемлекет бюджетінен бөлек, түрлі қорлар тарапынан түрлі әлеуметтік нысандар бой көтеріп келе жатқанын атап өтті. «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов осы нысан елімізде «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен іске қосылған 47-оңалту орталығы екенін айтты.

«Қор серіктестерімен бірлесе отырып, бес жыл ішінде елімізде осындай орталықтарға деген қажеттілікті толық қамтамасыз етті. Бұл орталықтарда жыл сайы­н 12 мыңға жуық мүгедектігі бар бала кешенді медициналық көмек алады. Нәтижесінде, 6,3 мыңнан астам ерекше бала алғашқы қадамын жасап, 8,6 мың сәбидің тілі шықты. Оңалтумен бірге, инклюзивті білім мен әлеуметтендіру бағытында қор еліміз көлемінде 26 инклюзия кабинетін ашты», деді Ғ.Ауғанов.

«Қазақстан халқына» қоғам­дық қорының өкілі Шыңғыс Шарапиевтің айтуынша, үш жыл ішінде қор облыста құны 10 млрд теңгеден асатын әлеуметтік жобаларды жүзеге асырды. Ашылу салтанатында «Қамқорлық» корпоративтік қорының дирек­торы Арайлым Еркінова да бастамаға сәттілік тіледі.

Жаңа орталыққа «Самұрық-Қазына», «Қазақстан халқына» қорларының қолдауымен әлемдік өндірушілердің заманауи оңалту жабдықтары жеткізіліп, мамандар «Қамқорлық» қорының демеуімен Астана қаласындағы ұлттық балаларды оңалту орта­лығында дайындықтан өткен. Сенсорлық, шунгиттік бөлмелер, тұзды шахта, иммерсионды ванналар мен түрлі заманауи жабдықтар сәбиді сырқатынан ерте айықтырып, оңалту бағдарламасын сапалы жүргізуге сеп болады.

Жыл сайын 3 жасқа дейінгі 600 баланы қабылдайтын орта­лықта әрбір балаға жеке оңалту жос­пары әзірленеді. Муль­ти­дисциплинарлық жүйеге негіз­делген мекемеде баламен невропатолог, реабилитолог, неонатолог, жаттығу терапиясының нұсқаушысы, логопед, дефектолог, психолог жұмыс істейді.

 

 ҚЫЗЫЛОРДА 

Соңғы жаңалықтар