Сурет: ulysmedia.kz
Сатып алу рәсімдерін жаңғырту шарасы 824 млрд теңгені үнемдеуге әрі қайта бөлуге мүмкіндік жасап, үдерісті 3–6 есе жеделдетті. Нәтижесінде, мемлекеттік қаржының игерілу тиімділігі артты. Сонымен қатар жасалған шарттардың жалпы көлемі 2 есеге өсті, отандық өндірушілерден сатып алу көлемі 1,5 есеге артты. Бұл – ішкі нарықты қолдаудың айқын көрінісі. Ал шағымдар санының 25 пайызға қысқаруы жүйедегі ашықтық пен тәртіптің күшейгенін аңғартады.
Мемлекеттік аудит жүйесі де алдын алу тетіктерін күшейтіп, 396 млрд теңге көлеміндегі тиімсіз шығыстарға жол бермеді. Бюджетті онлайн-мониторингтеу арқылы түрлі алаяқтық схемалардың жолы кесіліп, шамамен 1 млрд теңге мемлекет қазынасына қайтарылды. Бұл бақылаудың заманауи құралдары қаржы тәртібін нығайтуда шешуші рөл атқаратынын көрсетеді.
Бұған қоса «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамының қызметін трансформациялау аясында білім беруді қаржыландырудың бірыңғай «Bilimge» порталы іске қосылды. Жекеменшік мектептерді аккредиттеу құжаттарынан бастап, қаржыландыру мен төлемдерге дейінгі барлық үдеріс толық цифрландырылды.
Үдерістерді автоматтандырудың арқасында 765 жекеменшік мектеппен жедел шарт жасалып, оның 656-сы 38 млрд теңгеге қаржыландырылды. Ең бастысы, қаржыландыру мерзімі 10–15 күнге дейін қысқарып, білім беру ұйымдары үшін қолайлы әрі ашық жүйе қалыптасты.