Кеңесте Денсаулық сақтау министрлігінің Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметін жетілдіру мен цифрлық трансформациясына қатысты тәсілдері қаралды. Халыққа МӘМС шеңберінде көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстарға назар аударылды.
Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен шамамен 17 млн адам қамтылған, оның 12 млн-ға жуығы жеңілдікке ие санаттарға жатады. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова МӘМС қаражатының жиынтық көлемі 6 жыл ішінде 6,8 трлн теңгеден асқанын баяндады, оның 2 трлн теңгесі – азаматтардың жеңілдікке ие санаттары үшін берілген мемлекеттік жарналар. Тек биылдың өзінде ғана осы мақсаттарға 1,4 трлн теңге аударылған.
Жиынға қатысушылар міндетті әлеуметтік сақтандыру пакеті келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап кеңейтілетініне байланысты цифрлық тетіктерді енгізу арқылы қадағалауды күшейте түсу мен жүйенің ашықтығы мәселелерін талқылады. Келер жылдан бастап халықты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырумен қамту айтарлықтай кеңейеді. Тиісті заңнамалық өзгерістер жаңа жылдан бастап күшіне енеді.
Бүгінде елімізде медициналық көмектің 92%-ы автоматты түрде жүзеге асырылады. Келесі жылдың соңына дейін оны 100%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр, бұл адами факторды толығымен алып тастауға мүмкіндік береді.
Одан бөлек, сатып алу, медициналық қызметтерге ақы төлеу сияқты басқа да негізгі бизнес-үдерістер цифрландырылды. Қордың ақпараттық жүйесін Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері әрі eGov жүйелерімен интеграциялау жеңілдікке ие санаттарға қатысты деректердің автоматты түрде жаңартылуын қамтамасыз етті, медициналық сақтандыру жүйесі жарналарын есепке алудың дәлдігін арттырды.
Биыл халықтың медициналық қызметтер көлеміне нақты қажеттілігін есептеуді ескере отырып, жоспарлау қағидаларын, әдістері мен тәсілдерін бекіту маңызды қадам болды. Келесі жылы жоспарлаудың барлық үдерісін цифрландыру аяқталады, бұл есептеулерді тек бұрынғы деректер негізінде ғана емес, сонымен қатар көрсетілген медициналық көмектің нақты көлемін әрі болжамдарды ескере отырып жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Биылғы 1 шілдеден бері медициналық қызметтердің сапасына мониторинг жасау мен ақы төлеу бірыңғай цифрлық контурға біріктірілген. Жаңа модуль төлем құжаттарының санын 9-дан 3-ке дейін қысқартты, 1С бухгалтериямен үздіксіз интеграцияны қамтамасыз етті. Бұған қоса жүйенің «әлсіз тұстары» да анықталды. Ықтимал тәуекелдер Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында, олар цифрлық құралдарды енгізу арқылы жойылады.
Медициналық ұйымдарда Face ID жүйесі енгізіліп жатыр, бұл бүгінде медициналық мекемелер тарапынан тіркеулер санын 7%-ға төмендетуге, бюджет қаражатының шамамен 10,5 млрд теңгесін үнемдеуге мүмкіндік берді.
Келесі жылы медициналық қызметтерді бөлуге рейтингтік бағаны есептеу индикаторларын толық цифрландыру жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде медициналық көмектің жоғары сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ете алған жеткізушілер қаржыландыру мүмкіндігіне ие болады. Келесі жылы медициналық деректердің бірыңғай қоймасын қалыптастыру жөніндегі жұмыстың аяқталуы көрсетілетін медициналық көмекті жоспарлау мен сапасын жақсартуға әсер етеді.
Халыққа арналған дәрі-дәрмектерді жоспарлау мен беру тиімділігі мәселелеріне де назар аударылды. Клиникалық хаттамаларды цифрландыру мен бірлесіп төлеу тетіктерін енгізу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді, бұл ем алушыларды қажетті препараттармен қамтамасыз ету үдерістерін оңтайландыруға мүмкіндік береді.
– Мақсат – көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын үнемі жақсарта отырып, қолжетімділігін арттыру. Цифрландырудың алғашқы нәтижелерін қазірдің өзінде көріп отырмыз. Озық технологияларды қарқынды енгізуді жалғастыру қажет. Үдерістерді автоматтандыру медициналық құрамды бюрократиялық рәсімдерден босатып қана қоймай, емдеу мен дәрі-дәрмекке бөлінген қаражаттың жұмсалуының ашықтығын қамтамасыз етеді. Сол кезде азаматтар да, дәрігерлер де, мемлекет те реформалардың нәтижелерін айқын көретін болады, – деді Олжас Бектенов.
Жиын қорытындысында Премьер-министр Денсаулық сақтау, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктеріне үдерістерді цифрландыру жұмысын жандандыруды тапсырды. Қаржы министрлігі денсаулық сақтау жүйесінде қаржылық тәртіпті күшейтуге қатысты шаралар қабылдайды.