Саясат • Кеше

Еуроодақ Украинаға 90 млрд еуро аударады

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еуропалық одақ 2026–2027 жылдары Украинаға қаржылай қолдау көрсету туралы ортақ шешімге келді. Көмек көлемі 90 млрд еуро болып белгіленді. Бұл қаражат Киевтің алдағы екі жылдағы шұғыл қаржылық қажеттіліктерін өтеуге бағытталмақ, деп жазады Egemen.kz.

Еуроодақ Украинаға 90 млрд еуро аударады

Фото: pinterest.com

Еуроодақ елдері Украинаға 90 млрд еуро көлемінде көмек беру жөнінде келісімге қол жеткізді. Бұл туралы Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Кошта Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады. Оның айтуынша, шешім ресми түрде мақұлданып, одақ өз міндеттемесін орындауға кіріскен.

Берілетін қаражат несие түрінде ұсынылады және Еуроодақтың ортақ бюджеті арқылы қамтамасыз етіледі. Антониу Коштаның мәлімдеуінше, бұл қаржы Украинаға ең алдымен ағымдағы бюджет тапшылығын жабуға және соғыс салдарынан туындаған қаржылық қысымды азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Еуроодақ аталған несиені өтеу үшін Ресейдің бұғатталған активтерін пайдалану құқығын өзінде қалдырып отыр. Бұл тетік Еуроодақ тарапынан алғаш рет ресми деңгейде нақты айтылып отыр.

Германия канцлері Фридрих Мерцтің түсіндіруінше, Украина бұл несиені тек Ресей соғыс салдарынан келтірілген шығынды өтеген жағдайда ғана қайтаруға тиіс. Ал егер Мәскеу өтемақы төлеуден бас тартса, қарызды жабу үшін Ресейдің Еуроодақ аумағында бұғатталған активтері пайдаланылмақ.

Айта кетейік, бұған дейін Еуроодақ кеңесі Ресей активтерінен қаражатты елге қайтаруға уақытша тыйым салған еді. Бұл шектеу Украинадағы соғыс салдарынан Еуроодақ экономикасына төнетін тәуекелдер сақталған кезең бойы күшінде болады. Сол күні Ресейдің Орталық банкі Euroclear компаниясына қарсы Мәскеу сотына талап-арыз түсірген.

Соңғы жаңалықтар