Мемлекет басшысы ерекше балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында оңалту орталықтарының желісін кеңейтуді тапсырған болатын. Осы орайда облыста тиісті жұмыс жүргізіліп, қолдау көрсетіліп келеді. Түркістанда инклюзивті бағытта алғашқы өнер ұжымы ашылып, «Жарық» қойылымын ұсынуы – сол қолдау нәтижелерінің бір көрінісі. «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде өткен іс-шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, театрдың ашылуымен құттықтады.
«Бұл – жай ғана театр емес, өнер мен жігер тоғысқан мүмкіндіктер алаңы. Өнерде де тең мүмкіндіктер қалыптастырып, ерекше қабілетті балалардың талантын танытуды мақсат еткен театрдың болашағы жарқын болады деп сенемін. Биылдың өзінде облыстағы кәсіби 3 театрда 310 қойылым көрсетіліп, 30-ға жуық премьера көрермен назарына ұсынылды. Қойылымдар еліміздің бірнеше аймағында сахналанып, халықтың ерекше ықыласына ие болды. «Дара ұрпақ» театры да осы өнер ұжымдары cияқты биік шыңдарды бағындырады деп сенемін. Себебі бұл театрда өнерлі, қайсар және аса талантты балаларымыз өнер көрсетеді», деді облыс әкімі.
Сондай-ақ салтанатты рәсімде театрдың құрылтайшылары – әлеуметтік кәсіпкер Рухабза Қалдарбек пен «Дара ұрпақ» қоғамдық қорының басшысы, қалалық мәслихат депутаты Ербол Көкенов бұл премьера үзілмеген үміттің, ерекше жандардың жеңісі екенін атап өтті.
Мюзикл LED экраннан қатысушыларды таныстыратын бейнероликпен басталып, Әлидің әсерлі сахналық көрінісімен жалғасты. Қоларбадағы бишілердің топтық биі мен «Ерекше балалардың» өнері көрерменге өзгеше әсер сыйлады. Сонымен қатар бейнеролик арқылы балалардың сурет байқауындағы ең үздік шығармалары көрермен назарына ұсынылды. Сахна төрінде ДЦП, Даун синдромы, аутизм, РАС, ЗПР диагнозы бар, көру және есту қабілеті шектеулі 70 талантты бала өнер көрсетті. Қойылым соңында барлық қатысушы «Өмір сүр» әнін орындады. Дарынды балаларды облыстың театр әртістері мен жас өнерпаздары да қолдап, бірге өнер көрсетті.
ТҮРКІСТАН