Қоғам • Кеше

Президент, спортшылар, мәдениет майталмандары: Ел ризашылығына бөленген 2025 жылдың үздіктері кімдер?

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық талдау орталығы 2025 жылдың басты тұлғаларына, мәдени жетістіктеріне және жылдың негізгі нышандарына арналған қорытынды зерттеуін жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент, спортшылар, мәдениет майталмандары: Ел ризашылығына бөленген 2025 жылдың үздіктері кімдер?

Фото: acanalytica.kz

2025 жыл ел тұрғындары үшін жаңартулар мен технологиялық серпіліс жылы ретінде есте қалды. Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, қоғам спорттағы, мәдениеттегі жетістіктерді және қарапайым азаматтардың ерлігін жоғары бағалайды.

2025 жылдың басты тұлғалары

Респонденттер «Жыл адамы» кім деген сұраққа жауап бере отырып, бірінші кезекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты атады. Бұл Мемлекет басшысының ел өміріндегі басты тұлға ретіндегі рөліне берілген баға.
Одан кейінгі орындарға келесі тұлғалар жайғасты:

  • «Қайрат» футбол клубының ойыншылары;
  • Геннадий Головкин және Димаш Құдайберген;
  • Ұлдана Мырзуан (фельдшер) және Мұса Әбдірайым (Алматы әуежайында кепілге алынған әйелді құтқарушы).

Мәдениет пен өнер

2025 жылы отандық кино өндірісі отбасылық құндылықтар мен әлеуметтік жауапкершілік тақырыптарына басымдық берді. Жылдың үздік фильмдері қатарына «Ауру», «Ыстық ұя», «Патруль. Соңғы бұйрық» және «Офсайд» туындылары енді.

Музыка саласында Димаш Құдайберген мен Қайрат Нұртас көш бастап тұр. Сонымен қатар жаңа толқын өкілдері – Sadraddin, ALEM, «Ирина Кайрат» тобы, Yenlik, Raim, Молданазар және NINETY ONE тыңдарман ілтипатына бөленді. Apple Music чарттарында ALEM-нің «Kuiim» және Yenlik-тің «16 Qyz» әндері әлемдік хиттермен иық тіресіп тұр.

Жыл сөздері

Азаматтар үшін 2025 жылдың мағынасын ашатын басты сөздер – «Даму», «Цифрландыру» және «Жасанды интеллект». Бұл елдің технологиялық бағытқа бет бұрғанын айқындайды. Сондай-ақ, респонденттер «Сәттілік», «Жаңару», «Бірлік» және «Тұрақтылық» сияқты позитивті ұғымдарды жиі атаған.

Зерттеу бойынша, халықтың басым көпшілігі (89%) мерекені өз үйінде, отбасылық дастарқан басында қарсы алуды жоспарлап отыр. Бұл халықтың отбасылық құндылықтарға адалдығын көрсетеді.

Соңғы жаңалықтар