Экспорт • Бүгін, 12:42

Импорт күшейді, ал экспорттық табыс азайып бара жатыр

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізге сырттан келетін тауар ағыны тарихи рекордтарды жаңартса, шикізат экспортынан түсетін пайда қысқарып келеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Импорт күшейді, ал экспорттық табыс азайып бара жатыр

Фото: istockphoto.com

Tengenomika телеграм арнасының сараптамасына сүйенсек, 2025 жылдың қаңтар-қазан айларында Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 116,3 млрд долларды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,7%-ға аз. Негізгі көрсеткіштер келесідей:

  • Экспорт: 4,6%-ға төмендеп, 64,6 млрд доллар болды.
  • Импорт: 4,7%-ға өсіп, 51,7 млрд долларға жетті.
  • Сауда сальдосы (пайда): 29,7%-ға шұғыл қысқарып, 12,9 млрд долларды құрады.

Сыртқы саудадағы 5 негізгі тренд

1.Сауда сальдосы соңғы 15 жылдағы ең төменгі деңгейде

Қазіргі оң сауда балансы 2010 жылдардан бергі ең төменгі көрсеткіштердің бірі. Бұдан да төмен көрсеткіш тек 2016 жылғы дағдарыста және 2020 жылғы пандемия кезінде тіркелген. Бұл теңге бағамының тұрақсыздығына әкеледі. Дегенмен, мұнай экспортының есебіндегі әдістемелік айырмашылықтарға байланысты бұл деректер алдағы уақытта 2 млрд долларға жақсаруы мүмкін.

2. Импорт тарихи рекордты жаңартты

Қазақстан бұрын-соңды мұндай көлемде тауар сатып алмаған (51,7 млрд доллар). Әсіресе инвестициялық тауарлар (12,8 млрд доллар) мен тұтынушылық тауарлар (15,6 млрд доллар) бойынша рекорд орнатылды. Елге дәрі-дәрмек, автобөлшектер, электр генераторлары мен металл конструкциялары өте көп мөлшерде әкелініп жатыр.

3. Ресей қайтадан негізгі жеткізуші атанды

Қазан айына дейін Қытай көш бастап келген еді, бірақ Ресей энергетикалық тауарлар мен азық-түлік есебінен бірінші орынға қайта шықты (15,15 млрд доллар). Қазіргі таңда екі алпауыт нарықты бөліп алған: Қытай – технология мен инвестициялық тауарларға, ал Ресей – азық-түлік пен энергияға басымдық беріп отыр.

4. Орталық Азия нарығындағы рекорд

Биыл Қазақстанның көршілес Орталық Азия елдеріне экспорты тарихи шыңға жетіп, 5,3 млрд долларды құрады. Аймақтың экспорттағы үлесі 12 жыл бұрын 2,6% болса, қазір 8,3%-ға дейін өсті. Күнбағыс майы, ет, сусын және металл өнімдерінің саудасы қарқынды.

5. Шикізат доминациясы және АӨК өсімі

Экспорттың 82%-ы әлі де шикізатқа тиесілі. Алайда, агроөнеркәсіп кешенінің арқасында дайын өнім экспорты 16%-ға өскені байқалады. Бұл шикізаттық емес сектордағы сирек оң көрсеткіштердің бірі.

Сарапшылардың пікірінше, іс жүзінде біз ішкі өндірісті дамытудың орнына, өзге елдердің экономикасын қаржыландырып жатырмыз. Инвестициялардың өсуіне қарамастан, шетелден сатып алудың үдеуі мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігіне қатысты үлкен сұрақ тудырады. Ендігі мәселе – жаңа жоспар құру емес, қолдағы жоспарды нақты нәтижеге айналдыру.

Соңғы жаңалықтар