Фото: istockphoto.com
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облыстың ең қиыр шетіндегі ауылдарға дейін таза су барды. Атап айтқанда, Арал қаласынан 120 шақырым қашықтықта, құм жиегінде орналасқан Ақбасты ауылына да орталықтандырылған су жүйесі тартылды. Осылайша, өңірдегі су мәселесі толықтай тарих қойнауына кетті.
Тұрғындардың көпжылдық өтініші болған көпқабатты үйлерге ыстық су беру мәселесі де қарқынды шешіліп жатыр. Осы мақсатқа 26 млрд 200 млн теңге бөлініп, 423 тұрғын үйді қамтитын үлкен жоба басталды:
- Бірінші кезең: 2024 жылы 186 үй ыстық суға толық қосылды (11 млрд теңге бөлінді).
- Екінші кезең: Қалған 237 үйді қамту үшін 15,2 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі таңда 61 үйге су жеткізілсе, арнаулы мемлекеттік қордың қолдауымен қалған нысандарда жұмыс қызып жатыр.
Инфрақұрылымды жақсарту тек сумен шектелмейді. 2022-2024 жылдар аралығында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 31 млрд 600 млн теңге игерілді. Бұл қаржыға 78 ауылда әлеуметтік нысандар мен инженерлік желілерді жаңғыртқан 343 жоба жүзеге асырылып, ауыл өмірінің сапасы жаңа деңгейге көтерілді.