Қоғам • Кеше

«Беске дейін үлгер»: Қазақстанда ата-аналарды цифрлық қолдаудың тиімділігі бағаланды

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда мектепке дейінгі жастағы балалар саласындағы зерттеу нәтижелері және 0–5 жас аралығындағы балалардың ата-аналарын қолдауға бағытталған «Беске дейін үлгер» жобасының тиімділігі ұсынылды.

«Беске дейін үлгер»: Қазақстанда ата-аналарды цифрлық қолдаудың тиімділігі бағаланды

Жоба Австралиядағы Minderoo Foundation қайырымдылық қоры әзірлеген Thrive by Five бағдарламасы негізінде, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, Балалардың ерте дамуы институтының, сондай-ақ білім беру саясаты саласындағы сарапшылардың қатысуымен жүзеге асырылды. Жобаның үйлестірушісі – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы.

«Беске дейін үлгер» (Thrive by Five Kazakhstan) жобасының жетекшісі Ерлан Утеулиннің айтуынша, бұл ресурстың бірегейлігі – ерте жастағы балалардың дамуына арналған ғылыми негізделген тәжірибелер платформасының Қазақстанның мәдени және ұлттық құндылықтарын толық ескере отырып бейімделуінде.

«Жоба аясында платформа әзірленді. Онда 10 бағыт бойынша 120-дан астам практикалық кеңес пен іс-әрекет қамтылған. Қолайлылық үшін материалдар балалардың жас ерекшеліктеріне қарай топтастырылған. Барлық материалдар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қолжетімді», деп атап өтті Ерлан Утеулин.

Зерттеу елдің 6 өңірін қамтып, 1200-ден астам ата-ананы және мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтерін қамтыды. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, ата-аналардың 76%-дан астамы ресурсты пайдалануға қанағаттанғанын атап өтсе, қатысушылардың 80%-дан астамы бұл ресурс бала дамуы мен қарым-қатынасында жаңа тәсілдерді меңгеруге және қолдануға көмектескенін хабарлаған.

Ең айқын оң өзгерістер қазақ тілінде сөйлейтін отбасыларда байқалды, бұл ретте зерттеушілер ерте даму бойынша сапалы ресурстардың қазақ тілінде қолжетімділігін арттырудың маңыздылығын атап өтеді.

Мектепке дейінгі жастағы балалардың ата-аналарын әдістемелік қолдаудың әлеуеті «Талдау» орталығы жүргізген ата-аналарға арналған консультациялық пункттердің қызметі туралы зерттеуде де көрсетілген.

Зерттеу нәтижелері цифрлық шешімдердің ерте жастағы балаларды дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты тиімді толықтыра алатынын, әлеуметтік осал топтарды қоса алғанда, отбасыларды кеңірек қамтуға және балалардың ең ерте кезеңнен бастап дамуы үшін тең мүмкіндіктер қалыптастыруға ықпал ететінін көрсетеді.

«Беске дейін үлгер» жобасының цифрлық платформасы және оның практикалық сабақтары туралы толығырақ https://www.thrivebyfive.kz сайтынан танысуға болады.

Соңғы жаңалықтар