Сурет: kaztag.kz
Қазір интернет кеңістігінде жалған дипломдар туралы түрлі ақпарат кеңінен таралып жатыр. Заңсыз құжат айналымының алдын алу мақсатында Ғылым және жоғары білім министрлігі 1991 жылдан бері берілген дипломдардың деректер базасын құрды. Осы ретте министрлік білім туралы құжаттардың өзіндік үлгісінің мазмұнына қойылатын негізгі талаптарды, сондай-ақ жоғары оқу орындары түлектеріне арналған осындай құжаттардың серияларын бекітті. Дипломдар арнайы модуль арқылы бірегей нөмірлер мен QR-кодтар беру жолымен жасалады. Жүйеге қол жеткізу құқығы осы модульде тіркелген, ресми түрде жауапты университет қызметкерлеріне ғана беріледі.
Дипломдарды генерациялау «Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы» (ЖББП) ақпараттық жүйесіндегі білім алушылар туралы деректер негізінде жүзеге асырылады. Егер білім алушы туралы ақпарат ЖББП-да болмаса, диплом нөмірін қалыптастыру мүмкін емес. Өзіндік үлгідегі білім туралы құжаттарда генерацияланған бірегей нөмір мен QR-код болмаған жағдайда мұндай құжаттар жарамсыз деп танылады.
Сонымен қатар Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ішкі істер министрлігі жалған дипломдарды дайындау және сату фактілерін тұрақты түрде бақылап, тоқтатып отырады. Қылмыстық кодекстің 385-бабына сәйкес жалған құжаттарды жасау немесе қолдану айыппұл салуға, түзеу жұмыстарына немесе екі жылға дейін бас бостандығын шектеу яки айыруға әкеп соғады.
Осыған орай жоғары оқу орындары деректерді цифрландыру жұмысын жалғастырады, ал жұмыс берушілер дипломның түпнұсқалығын https://epvo.kz сервисі арқылы тексере алады. Дипломның электронды нұсқасы электронды үкіметтің («Цифрлық құжаттар») мобильді қосымшасында да қолжетімді.