Үкімет • Бүгін, 08:45

Әлеуметтік сала әлеуетін арттырудың басымдығы

50 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Алматы қаласында әлеуметтік саланы дамыту мәселелеріне қатысты бірнеше кеңес өтті.

Әлеуметтік сала әлеуетін арттырудың басымдығы

Вице-премьердің жұмыс сапары аясында білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау жүйелерін дамытуға қатысты негізгі мәселелер, сондай-ақ цифрлық жүйелерді енгізу мен әлеуметтік саладағы жұмысты тиімді ету шаралары қаралды. Аида Балаева Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы орындауға орталық пен жергілікті атқарушы органдар өзара тығыз байланыс орнатып, әр әлеуметтік саясат бағыты бойынша бірлескен кешенді жоспарлар әзірлеуі қажет екенін айтты.

Сапардың басты  іс-шарасы Алматы қаласының атқарушы органдары мен қала әкімі Дархан Сатыбалды қатысқан жиын болды. Отырыста Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту, Туризм және спорт министрлері, сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ғылым және жоғары білім вице-министрлері баяндама жасады. Үкімет басшысының орынбасарына мегаполистегі әлеуметтік салаға қатысты кешенді талдау нәтижелері таныстырылып, негізгі мәселелер мен сұрақтар анықталды, сондай-ақ жүйелі шешімдер ұсынылды.

Бұған қоса қаладағы мектепке дейінгі және орта білім жүйесі қаралды. Салада кадр тапшылығы, басқару сапасына байланысты бірқатар мәселе бар. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың мәліметінше, Алматыда 1 065 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оның 866-сы – жекеменшік. Қамтылған бала саны – 86 мың. Қалаға 2 мыңнан астам маман қажет.  Бұл тапшылықтың 90%-ы жекеменшік ұйымдарда байқалады. Мектептердегі оқушылар саны жыл са­йын 10-13 мыңға артып келеді. Алайда мектептерде 27 мыңға жуық орын жетіспейді. Жиын барысында цифрландыру мәсе­ле­леріне де  ерекше назар аударылды. Цифрлық жүйе енгізілген соң, жекеменшік балабақшалар мен мектептердегі білім беру үдерісін ұйымдастыру барысында заң бұзушылықтар анықталды. Атап айтсақ, жалған есеп пен іс жүзінде жұмыс істемейтін қызметкерлер анықталды. Нәтижесінде, жеті жекеменшік мектеп мемлекеттік білім беру тапсырысына қатыса алмады.

Осыған байланысты Премьер-министрдің орынбасары цифрландыру тәртіп орнатуға әрі жұмыс үдерістерін тиімді етуге қажет құрал екенін атап өтті.

«Еліміз цифрлық мемлекетке айналуға тиіс. Цифрландыру мен жа­санды интеллектінің белгілі бір қиын­дық­тарымен қатар, артықшылықтары да бар. Біз осы артықшылықтарды, ең алдымен, жұмыс үдерістерін оңтайландыруға пайдалануымыз керек. Тіпті кей цифрлық жүйелер мектепке дейінгі және орта білім беру саласындағы жалған тіркелген азаматтар мәселесінің ауқымын көрсетті. Біз барлығын бірдей айыптағымыз келмейді, бірақ жүйеге, сондай-ақ жалпы мұғалімдер қауымына кедергі келтіріп отырған басқарушылар бар», деді А.Балаева.

Бұған қоса ол білім берудің барлық деңгейі бір-бірімен тығыз байланыста болу керек екеніне тоқталды. Мектептің тәрбиелік рөлін күшейтудің маңызына тоқталып,  Мемлекет басшысының «Әді­летті Қазақстан» мен «Таза Қазақстан» қағи­даттарын жүйелі түрде енгізу қажеттігін айтты.

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенованың мәлі­ме­тінше, Алматыда 236 мың студент білім алып жатыр, бұл – елдегі барлық студенттердің шамамен үштен бір бөлігі. 2032 жылға дейін талапкерлер саны жыл сайын 23-24 мың адамға артуы мүмкін. Бұл инфрақұрылымды алдын ала дамытуды әрі жоғары оқу орындарымен өзара байланысты күшейтуді талап етеді.

Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне де ерекше назар ауда­рылды. Көптеген колледжде заманауи инфрақұрылым жеткіліксіз, ал кейбір мамандықтарға еңбек нарығында нақты сұраныс айқындалмаған. Жасанды интеллектінің дамуына байланысты бірқатар мамандық өзектілігін жоғалтып бара жатқаны да айтылды. Қаланың денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығы, инфрақұрылым жағдайы мен көрсетілетін қызметтердің сапасы негізгі мәселе болып қала береді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлім етті.

Алматы қаласында 418 медициналық ұйым жұмыс істейді. Салаға 1 100 маман қажет, оның қатарында 400-ден астамы – дәрігерлер. Халықты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамту деңгейі – 80,3%, ал сақтандырылмаған әрі тұрақты түрде сақтандырылмайтын азаматтар саны 460 мыңнан асады.

Алғашқы медициналық-санитар­лық көмек қызметіне ерекше назар аударылды. Ел бойынша тіркелген 4 млн-нан астам азамат кейінгі екі жылда емха­наларға жүгінбегені анықталды. Бұл профилактика және диспансерлік бақылау жүйесін қайта қарауды қажет етеді.

«Әр медициналық ұйымға толық талдау жүргізілуі қажет. Соның қатарында Алматы қаласы ерекше бақылауда болады. Қалада үш миллионға жуық адам тұрады, медициналық мекеме сапалы қызмет көрсетуге міндетті. Мамандарды жалған тіркеу мен есепті бұрмалауға жол бермес үшін денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру маңызды», деді Премьер-министрдің орынбасары.

Ол сондай-ақ емханалар азаматтардың өз денсаулығын күтуіне, жауапкершілік алуына  ықпал етуге тиіс екенін атап өтті. Әлеуметтік қолдаудың ашықтығы мен нақты бағытталуы да талқыланды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаевтың мәліметінше, деректерді цифрлық тексеру нәтижесінде Алматыда 10 мың отбасының негізсіз атаулы әлеуметтік көмек алғаны  анықталған. Нәтижесінде, жергілікті бюджеттен 200 млн теңгеден астам қаражат үнемделген. Премьер-министрдің орынбасары қоғаммен ашық диалог пен жүйелі ақпараттық-түсіндіру жұмысының маңызы туралы айтып, заңның баршаға ортақ әрі оны сақтау әділетті әрі құқықтық мемлекет құрудың негізі екенін жеткізді.

Жұмыс сапары барысында ғылым мен жоғары білімді дамыту мәселе­леріне ерекше назар аударылды. Прези­дент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ғалымдарымен кездесу өтті. Жиында академияның арнайы мәртебесі мен мүмкіндіктері бола тұра, оның әлеуеті толық пайдаланылмай отырғаны айтылды. Осыған байланысты Академияның мемлекеттік басқару мен экономика жүйесіндегі рөлін қайта қарау қажет екені ескерілді. Осы орайда Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақыл­­бек Күрішбаев қазіргі ғылыми басым­­дық­тар дұрыс белгіленбеген, салдарынан ресурстар шашырап, маңызды бағыттарға жеткілікті көңіл бөлінбейтінін жеткізді. 

Бұған қоса 2024–2025 жылдары Акаде­мия мемлекет, бизнес пен шетелдік ғалымдардың қатысуымен 70 өңірлік және салалық форсайт-сессия ұйымдастырған. Соның нәтижесінде экономиканың нақты сұранысына бағытталған 220 міндет айқындалып, 65 ғылыми-техникалық тапсырма әзірленген. Сондай-ақ ғылымды дамыту жоғары біліммен тығыз байланыс­ты  екені сөз болды. Алматы қаласында университет ректорлары мен ғылыми зерттеу институттарының басшыларымен өткен кеңесте қаладағы ғылыми және кадрлық әлеует жоғары болғанымен, университет ғылымы мен экономика сұранысы арасында алшақтық бар екені назарға алынды.

Осыған байланысты Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев университетте 8 ғылыми зерттеу институты, 39 ғылыми орталық пен 140-тан астам зертхана жұмыс істейтінін, шамамен 400 ғылыми жоба жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, университет ғылымының басты міндеті – ғылыми әзірлемелерді экономикаға енгізуді жеделдету мен мемлекет және бизнеспен тығыз жұмыс істеу. Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова жоғары оқу орындары, ғылыми ұйымдар мен өңірлер арасындағы тұрақты байланысты жолға қою негізгі міндет екенін атап өтті. Кадр даярлау, қолданбалы зерттеулер мен технологиялық даму елдің нақты қажеттіліктеріне сай, бір жүйеде жұмыс істеуге тиіс.

Алматыдағы жұмыс сапары барысында Аида Балаева бірқатар нақты тапсырма берді. Білім беру саласында кадр құрамының объективті көрінісін алу үшін ауқымды сауалнама жүргізу, білім сапасын арттырудың жоспарын дайындау, бастауыш білім беру мен колледж жүйесіндегі жұмысты күшейту, жасанды интеллектіні енгізудің кезең-кезеңімен жоспарын әзірлеу, оның ішінде мұғалімдерді оқыту мен цифрландыруға жауаптыларды анықтауға тапсырма берілді. Ғылым мен жоғары білім саласы бойынша әртүрлі жеке бастамалардан жүйелі жұмысқа өту қажеттілігі қозғалды. Саланы дамытудың басты міндеттері – ғылыми басымдықтардың жаңа моделін жетілдіру, Ұлттық ғылым академиясының сараптамалық әрі аналитикалық рөлін күшейту, сондай-ақ университеттер мен ғылыми институттардың өңірлерді дамытуға бағытталған қолданбалы жобаларға қатысуын қадағалау.

Әлеуметтік қорғау саласында де­ректерді цифрлық жүйемен салыстыруды жалғастыру мен қолдау шараларының нақты бағытталғанын қамтамасыз етуге тапсырма жүктелді. Сөйтіп, халыққа осы шараларды жүйелі түрде түсіндіру қажеттігі айтылды.

Соңғы жаңалықтар

Доллар 4 теңгеге арзандады

Қаржы • Бүгін, 16:20