– Кейінгі кездері экономикалық өсімді сақтау тек қаржылық ресурс пен инвестиция көлеміне ғана емес, адам капиталының сапасына тікелей тәуелді бола бастады. Ерлан Аманжолұлы, қалай ойлайсыз, мұның себебі неде?
– Бүгінде ел экономикасы серпінді өсім көрсетіп келеді. Биылғы нәтижелі инвестициялық ахуал, жаңа жұмыс орындарының ашылуы, инфрақұрылымның жаңғыруы дамудың ұзақмерзімді негізін қалыптастырып отыр. Алайда осы деңгейді тұрақты етіп, одан әрі ілгерілетуде бір ғана ресурс жеткіліксіз, бұл ретте білімді, білікті, бәсекеге қабілетті мамандар да маңызды рөл атқарады. Өйткені бұрын өндіріс қарапайым еңбек күшіне сүйенсе, қазіргі нарық автоматтандырылған жүйелер мен цифрлық технологияларға иек артады. Бұл ретте «Біз қандай мамандарды даярлауымыз қажет?» деген сындарлы сауал туындайды. Егер еліміз айқындаған даму жолында экономикаға басымдық береміз десек, адам капиталына екпін қойып, оған инвестиция салу қажет.
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, дамыған елдерде адам капиталының сапасын көтеруге мемлекет қана жауапты емес, өндіріс орны мен жеке сектор да белсенді қатысады. Мәселен, Германия мен АҚШ-та кәсіпорындар мен оқу орындарының серіктестігі негізінде студенттердің басым бөлігі ерте кезден жұмыс істеп, өндірістік тәжірибеден өтеді. Үндістандағы «Future Right Skills Network», Сингапурдағы «Singapore Cooperation Programme» бастамасы да кәсіптік даярлау жүйесінің сапалы әрі оқу мазмұны еңбек нарығының талаптарына сәйкес болуына ықпал етіп отыр. Осылайша, мемлекетпен қатарласа адам капиталын дамытуға қаржы құйып қатысуы экономикада табысты болуында маңызды рөл атқарып тұр. Өйткені мұндай модель бір жағынан білім беру мен еңбек нарығы арасындағы алшақтықты азайтуға көмектеседі, жастардың кәсіби қарым-қабілетін жедел арттырады, әрі жас буынның оқу мен жұмыс арасындағы өтпелі кезеңді жеңіл өткеруіне мүмкіндік береді. «ҚазМұнайГаз» қолдауымен іске асқан «Жарқын Болашақ» бағдарламасы да осы халықаралық тәжірибелермен үндесіп, еліміздегі адами капиталды дамытудың заманауи моделін қалыптастыруға үлес қосып отыр.
– Нақты қандай үлес қосып отыр? Қазіргі ел экономикасына тигізген оң нәтижелер бар ма?
– Бастама жастардың жарқын болашағын құруға көмектеседі, нақтырақ айтсақ, бағдарлама Маңғыстау өңіріндегі жұмыссыздықты азайту, жастардың қарым-қабілетін шыңдауға ден қойып отыр. Неліктен Маңғыстау өңірі таңдалды? Өйткені статистикалық деректерге сүйенсек, облыстағы бір Жаңаөзен қаласында жұмыссыздық деңгейі 5,1%. Ал NEET санатындағы жастар 11.6%-ды құрайды. Бір жағынан батыс аймақ – мұнай кен орындары көп шоғырланған еліміздің өндірістік аумағы. Алайда әр алуан саладағы мамандар тапшы. Аймақта өндіріске, техникалық бағытқа негізделген колледждер бар. Бірақ жастар тек бірегей бағытты ғана таңдады. Сондықтан біз жасөспірімдерді республиканың әр өңірінде орналасқан, бағдарлама аясында серіктестік орнатқан 60 колледжге бағыттаймыз. Кейін олардың түрлі өндірістік аймақтарда жұмысқа орналасуына да жәрдемдесеміз. Осылайша, жұмыссыздықты азайту, балаларды әлеуметтендіру және елдегі адам капиталының сапасын арттыруға үлес қосамыз.
Үш жыл уақыт шеңберінде бастама 12–22 жас аралығындағы азаматтардың еліміздің үздік колледждерінде тегін білім алып, кәсіби дағдыларды меңгеруіне мүмкіндік берді. Күні бүгінге дейін 1 400-ге жуық жас оқуға түсті. Былтыр алғашқы түлектерді аттандырдық. Оның 118-і, яғни 97%-ы жұмысқа орналасты немесе жоғары оқу орындарына түсті. 2026 жылы бұл көрсеткіш 300-ге тартады. Өйткені біздегі басты құндылық, жобаға қатысқандардың 90%-дан астамы еңбек нарығында өз орнын табады немесе жоғары оқу орындарына түседі.
Жалпы, мұндай жобамен айналысу барысында біз тікелей нарыққа үлкен серпін береміз. Олай дейтініміз, есепке шақсақ, бір ғана өндірісте жұмыс істейтін маман жылына кем дегенде 3,5-4,5 миллион теңге көлемінде ішкі жалпы өнімге үлес қосады. Ал мыңға жуық түлек ұзақмерзімді келешекте ел экономикасына кемінде 150 млрд теңгеге жуық пайда әкеледі.
«Жарқын Болашақ» – тек білім беру жобасы емес, экономикалық және әлеуметтік мәселені қатар шешетін жүйелі бағдарлама. Ол жастарға мүмкіндік беріп қана қоймай, болашаққа инвестиция жасап отыр.
– Бағдарламаның еліміздегі басқа білім беру жобаларынан басты ерекшелігін атап өтсеңіз.
– Ең басты айырмашылығы – бұл бағдарлама «оқытып, өз бетімен жіберу» тәсілімен жұмыс істемейді. Біз баланы оқуға түсірген сәттен бастап, еңбекке араласқанға дейінгі кезеңді бірге жүріп өтеміз. Себебі бағдарлама жұмыс берушілермен тікелей байланысқа негізделген. Оқу ақысы, жол шығыны, жатын орны, шәкіртақы – барлығы толық қамтылады. Студенттер екінші курстан бастап өндірістік тәжірибеге жіберіледі. Көп жағдайда сол тәжірибеден өткен кәсіпорындарына тұрақты жұмысқа орналасып жатады. Мысалы, кеше ғана Қостанайға барып, сол өңірдегі ірі «Allur» компаниясымен меморандумға қол қойдық. Олар Қостанай колледждеріндегі студенттерді машина жасау зауыттарына кәсіби практикаға қабылдауда. Сол сияқты еліміздің басқа өңірлерінде – Ақтөбе, Қарағанды, Өскемен, Павлодар секілді қалаларда да металл өңдеу, ауыр индустрия салаларындағы кәсіпорындар бар және осы өндірістер мамандарды тартуда белсенді жұмыс жасауға тиіс. Егер әр компания өз аймағындағы жас буынның әлеуетін арттырып, кәсіби даярлауға өзінше үлес қосса, бұл жастардың кәсіби өсуіне және экономикалық даму деңгейіне оң әсер етеді.
Алайда елімізде бизнес секторы арасында мұндай тәжірибе әлі кеңінен таралған жоқ. Сол үшін «ҚазМұнайГаз» тәжірибесін басқа ірі компаниялар мен өнеркәсіп субъектілеріне үлгі ету қажет. Алысқа көз жүгіртсек, кәсіпорындар мен бизнестің «Жарқын Болашақ» секілді жобаларға қатысуының не атсалысуының екі негізгі пайдасы бар: бірі ақшамен өлшенетін тиімділік, яғни адам капиталын дамытуға салған инвестиция нәтижесіндегі табыс пен экономикалық көрсеткіштердің өсуіне әкелсе, екіншісі – жастардың әлеуметтік мобильділігіне ықпалдасу, білімге, тұлғалық дамуға деген ынтасын арттыру. Сондықтан еліміздегі бизнес қауымдастығын, ірі өндіріс орындарын дүйім Алаш жұртының болашағы үшін бірлесе жұмыс істеуге шақырамыз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Зейін ЕРҒАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»