Спорт • 24 Желтоқсан, 2025

Темірлан Анарбеков Еуропаға кете ме? Қазақ қақпашысының қай лигада ойнағаны жөн?

100 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

УЕФА Чемпиондар лигасының биылғы додасы қазақ футболы үшін жай ғана кезекті маусым емес, ұлттық намыстың жаңа деңгейге көтерілгенін паш еткен айтулы оқиғаға айналды. SofaScore деректеріне сүйенсек, әлемдік футболдың алпауыттарымен иық тірескен Темірлан Анарбековтың көрсеткіші бүгінде еуропалық скауттардың назарын аударып отыр, деп жазады Egemen.kz.

Темірлан Анарбеков Еуропаға кете ме? Қазақ қақпашысының қай лигада ойнағаны жөн?

Фото: Ашық дереккөз

Кәсіби кемелдік пен нарық заңы

Футболдағы статистика – жай ғана құрғақ сандар емес, ол ойыншының кәсіби болмысын айқындайтын басты индикатор. Десе де, статистикалық рейтингтің жоғары болуы бірден Еуропаның топ-клубтарына даңғыл жол ашады деу асығыстық. Бұл ретте футбол сарапшысы Әлімжан Асқардың пайымы нақтылық пен кәсіби сақтыққа негізделген:

«Темірлан Анарбековтың Еуропаның клубтарында өнер көрсететініне кәміл сенемін. Тіпті Топ-5 чемпионаттарда да ойнау алуға қауқары жетеді деген ойым бар. Бірақ дәл қазір Анарбековке «Интер» сияқты немесе басқа да чемпиондар лигасының алпауыттары назар аударып жатыр деп ойламаймын. Бір маусымды Темірлан Анарбеков өте сәтті өткізіп жатыр, бірақ қазірдің өзінде оны Еуропаның топ-клубтары жұлып әкетуге дайын деп айтуға ерте деп ойлаймын. Бірақ болашақта бұйырса Темірлан Анарбеков сол ағылшын премьер лигасында ойнап, өзінің арманына қол жеткізеді деген сенімдемін. Осындай деңгейде «Қайратта» 2-3 жыл өнер көрсетсе, одан кейін басқа командаға ауысуға болады деп айта аламыз. Әзірге Анарбеков «Қайратта» қалады деп ойлаймын», деді ол. 

1

Шындығында, Чемпиондар лигасының келер маусымы жас қақпашы үшін шеберлікті шыңдайтын басты полигон болмақ. Әлімжан Асқардың пікірінше, «Қайраттың» чемпиондық атағын қорғап қалуы – Темірланға деген үлкен жауапкершілік.

«Иә, «Қайрат» келер маусымда да УЕФА чемпиондар лигасында өнер көрсетеді. Биыл олар чемпион атағын қорғап қала алды. Сондықтан «Қайрат» футбол клубы Темірлан Анарбековке зор сенім артады деген ойдамын. Жақын уақытта оның Еуропаға көшуін көріп тұрған жоқпын», дейді Әлімжан Асқар.

1

Трансферлік стратегия: «Трамплин» бе, әлде тәуекел ме?

Трансфер нарығының өзіндік жазылмаған заңдары бар. Мұнда тек ойыншының таланты ғана емес, клубтың экономикалық мүддесі мен стратегиялық жоспары қатар жүреді. Танымал спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен Анарбековтың Италия чемпионатына ауысуы ықтимал екенін айтады.

«Темірлан «Интерге» қарсы матчта жақсы тұрды. Негізі Италия чемпионатына ауысуы әбден ықтимал. Италияда командалар қорғаныс арқылы ойнайды. Кез келген клубқа ойнауға дайын екенін нақты бір маусымда өткен 4-5 матчқа қарап олай айта алмаймыз. Әрине ағылшын премьер лигасы деп отыр өзі. Бірақ Еуропаның топ чемпионаттарының ортаңқол командаларына ауысуы мүмкін. Әлбетте «Қайрат» командасы келесі жылы чемпиондар лигасында ойнайды. Александр Заруцкий өзге командаға ауысты, «Қайраттың» негізгі қақпашысы қазір Темірлан болады, Шерхан Қалмұрза екінші қақпашы және үшінші қақпашы «Қайрат» жастар командасынан алынады. Еуропаға кетуін шегеруі де мүмкін. Енді «Қайрат» деген кәсіпқой жеке кәсіпкердің командасы, сондықтан жақсы бір 2-3 млн еуро ұсынатын болса бір командаларға негізі сатуға да болады. «Қайрат» командасы сата салуы мүмкін және орнына басқа қақпашы ала салады ғой. Қазақстанда қазір мықты тұрып жүрген қақпашылар көп қой», дейді ол.

9

Ермұхамед Мәуленнің пайымынша, бірден алпауыт клубтың қосалқы құрамында қалып қоймай, Португалия немесе Нидерланды секілді «бейімделу лигалары» арқылы өсу – Темірлан үшін ең ұтымды жол.

«Топ-5 чемпионаттан да бөлек мықты командалар бар. Үнемі чемпиондар лигасында ойнайтын, үнемі Еурокубокта ойнайтын мысалға «Славия прага», «Виктория пльзень», «Аякс», «Фейеноорд», ПСВ немесе Францияның кейбір командалары. Еуропадағы мықты қақпашылардың көбісі Португалия чемпионатына шығады. Оны да ұмытпаған жөн. Мысалы «Спортинг», «Бенфика», «Порту», «Брага», «Эштрела Амадора» деген сияқты командалар бар. Сол лигалардың біріне ауысып біртіндеп көтеруге болады. Еуропалық менталитетті, футболды ішкі жағдайына кіру үшін бірінші осындай лигалардан барып өскен дұрыс. Бірден «Ливерпульге» ауысып немесе «Интерге» ауысып кетіп Ян Зоммердің мәңгі бақи қосалқы құрамында отырғаннан пайда жоқ», деді Ермұхамед Мәулен.

Темірлан Анарбеков «Қайрат» – «Олимпиакос» матчында үздік ойыншы атанған еді. Сонымен қатар Чемпиондар лигасы матчында MVP атағын иеленген алғашқы қазақ футболшысы болды.

2

Темірлан Анарбеков сеңді бұза ала ма?

Сарапшылардың пікірінше, Темірлан Анарбековтың Еуропаға аттануы – тек жеке мансаптың табысы емес, бұл – бүкіл отандық футбол мектебінің абыройы мен болашағына салынған инвестиция. Бұл ретте Әлімжан Асқар қазақ баласының ең биік шыңнан көрінуін ұлттық мақтанышқа балайды.

«Темірлан Анарбеков бірден сол топ-5 чемпионат лигасына ауысып, дайын барса деген тілегім бар. Оған ағылшын премьер лигасында ойнау жарасады деген сенімдемін. Егер «Челсиге» ауысып жатса, шабуыл шебінде Дастан Сәтпаев, қақпаны Темірлан Анарбеков қорғап жатса – бұдан асқан біз үшін бақыт болар ма, шіркін! Кез келген футболшының жеке жетістігі түбі сол Қазақстандағы футболдың дамуына жетелейді. Сондықтан бүгін Анарбеков Еуропаға кетсе, ертең басқа футболшылар ізін жалғаса, сөйтіп ұлттық құрамамыздың 5-6 ойыншысы Еуропаның белді клубтарында өнер көрсеткенде – түбі сол Еуропа Чемпионатына алып шығады. Нәтижесінде Қазақ футболы орасан зор дамып кете алады. Темірланның ішкі мінезі және шеберлігі кез келген бәсекеге төтеп беруге дайын деп ойлаймын», деді Әлімжан Асқар.

3

Бұл ойды Ермұхамед Мәулен де жалғай отырып, Анарбековтың кәсіби даярлығы отандық академиялардың сапасын көрсететінін алға тартады.

«Қазір қақпашылардың шетелге шығуы енді-енді басталып жатыр. Иә, Анарбеков топ командалаға ауысып бұл сеңді бұзады деп ойлаймын. Әйтпесе Темірлан Анарбековтен кем емес Қазақстанда қақпашылар болған расын айтқанда. Темірланның мінезі де бар, ішкі дайындығы да жаман емес. «Қайрат» деген бұл еуропалық «Лейпциг» академиясының стилінде дайындалған балалар ғой. Дайындығы келіп тұр, ешқандай қиналмастан Португалия чемпионатына ауысса, негізгі құрам қақпашысына айналып кетуі мүмкін», деді Ермұхамед Мәулен.

4

Сарапшылардың пайымына сүйенсек, жас таланттың алдындағы таңдау тек спорттық емес, ұлттық брендті қалыптастырудың жауапты кезеңі. Еуропаның жасыл алаңында қазақ қақпашысының сенімді ойынын көру — тек уақыттың еншісіндегі дүние. Ал сол уақыттың ауқымы Анарбековтың бүгінгі батыл қадамына тікелей байланысты болып қалмақ.

«Қайрат» қақпашысы Темірлан Анарбеков UEFA рейтингінде көш бастады

Соңғы жаңалықтар