Мәдениет • Бүгін, 10:31

Астанадағы Қуыршақ театрына жаңа ғимарат салынады

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл еліміздегі мәдени нысандардың инфрақұрылымы нығайып, мәдениет қызметкерлерін қолдау мен шығармашылық мүмкіндіктер арта түсті. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда өңірлік театрларды дамыту мәселесіне айрықша назар аударған болатын. Осыған байланысты Астана қаласындағы «Жастар» театры ғимаратын жөндеу жоспарланған. Сондай-ақ Қуыршақ театрына жаңа ғимарат салу жоспары қарастырылып жатыр, деп жазады Egemen.kz.

Астанадағы Қуыршақ театрына жаңа ғимарат салынады

Фото: Қуыршақ театрының баспасөз қызметі

Сонымен қатар алдағы жылдары Семей, Қонаев және Ақтөбе қалаларында жаңа драма театрлар бой көтереді.

Бүгінгі таңда Алматы қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры мен Наталия Сац атындағы Мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театрында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Салалық министрлік мәдени нысандардың инфрақұрылымын жаңарту мәселесіне ден қойып отыр. Биыл Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің бас корпусы қайта жаңарды. Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясына арналған жаңа жатақхана құрылысы басталды. Бұдан бөлек, ірі қалаларда үш жаңа өнер мектебінің инфрақұрылымын жаңарту мәселесі пысықталып жатыр.

Биыл барлығы 61 мәдени нысан салынған. Өңірлерде 251 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ елорда тарихын зерттеудің маңызды орталығына айналатын «Бозоқ» археологиялық паркін құру жұмыстары қарқын алған.

Президент, спортшылар, мәдениет майталмандары: Ел ризашылығына бөленген 2025 жылдың үздіктері кімдер?

Министрлік мәдениет қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсетуге ерекше мән береді. Азаматтық қызметкерлердің кей санаттары бойынша жалақыны кезең-кезеңімен көбейту көзделген. 2022 жылдан 2025 жылға дейін мәдениет және архив ұйымдарында жұмыс істейтін 64 мың қызметкердің жалақысы жыл сайын 20%-ға артты. Мемлекет өнер саласында  қызмет ететін мамандарды стипендиялар мен марапаттар арқылы қолдауды жалғастырады. Жыл басында 75 мәдениет қызметкері мемлекеттік стипендияға ие болды. Президент Жарлығына сәйкес бірқатар азамат Қазақстан мәдениетін дамыту мен насихаттауға қосқан үлесі үшін марапатталды.

Солардың қатарында елімізді әлемге танытып жүрген опера әншісі Мария Мудряк бар. 2025 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен оған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді.

«Мен үшін Қазақстанның марапатқа лайық санағаны – үлкен құрмет. Президентімізге алғыс білдіремін. Биыл шығармашылығыма 28 жыл толды. Мен Қазақстанды әлемнің ең ірі опера сахналарында зор мақтанышпен таныстырып, алдағы уақытта да ел игілігі үшін аянбай қызмет етемін», деді әнші.

Осы өзгерістерден бөлек бірқатар жетекші мәдениет мекемелеріне «Академиялық» мәртебе берілді. Атап айтсақ, Талдықорған қаласындағы Б. Римова атындағы драма театры, Алматы мемлекеттік қуыршақ театры, Жамбыл облыстық А.Тоқпанов атындағы қазақ драма театры, Батыс Қазақстан облыстық Ғ.Құрманғалиев атындағы филармониясының мәртебесі өзгерді.

Соңғы жаңалықтар

Доллар тағы да көтерілді

Қаржы • Бүгін, 16:35