Заң мен Тәртіп • Бүгін, 07:55

Шырша балталағанға батпан жаза бар

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Үйіңізге жаңажылдық мейрам сыйламақ оймен өсіп тұрған жасыл шыршаны кесіп алсаңыз, ол жөнінде «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексте жауапкершілік қарастырылғанын ұмытпаңыз. Әр заңсыз кесілген шыршаға келтірілген залал мөлшері 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде есептеледі.

Шырша балталағанға батпан жаза бар

Суретті түсірген – автор

Жасыл шыршаны кесу – табиғи ортаға айтарлықтай залал келтіру. Оталған ағаш саны көп болған сайын оның жауапкершілігі де арта түседі. Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жа­нуарлар дүниесі аумақтық инс­пекциясының мәліметінше, жауапкершілік кесілген ағаштың жергілікті орман қорына кіретін немесе кірмейтін ерекшелігіне қарай өзгеруі мүмкін.

«Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе бүл­діргені үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 381-1-бабында әкімшілік жауап­кер­шілік қарастырылған. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында жеке тұрғын егер орманға барып немесе көшеде өсіп тұрған жерінен бір тал шыршаны кесіп алса, оған 15 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады. Бұған қоса заңсыз кесілген ағашты, құралдарды, көлік құралдарын міндетті түрде тәркілеу, келтірілген залалды толық өтеу жүргізіледі», деп түсіндірді өңірлік инспекция басшысы Исатай Абдразахов.

Жалпы аталған, Кодексте мынадай заң талаптары жа­зылған. Орман қорына кірмейтін ағаштарды заңсыз кескені үшін жеке тұлғаларға – 50 АЕК мөлшерінде айыппұл, лауа­зымды тұлғаларға, шағын кәсіп­керлік және коммерциялық емес ұйымдарға – 150 АЕК, орта кәсіп­керлік субъектілеріне – 200 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 500 АЕК (заңсыз кесілген ағаш­тарды, көлік құралдарын және құқық бұзушылық жасау құрал­дары тәркіленеді). Орман қорының құрамына кіретін ағаштарды заңсыз кескені үшін: жеке тұлғаларға – 100 АЕК, лауазымды тұлғаларға, шағын кә­сіпкерлік және коммерциялық емес ұйымдарға – 300 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 400 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 1000 АЕК (заңсыз дайындалған ағаш өнімін, көлік құралдарын және өзге де құралдарды міндетті түрде тәркілеу). Бұл әрекеттер ерекше қорғалатын табиғи аумақ­тарда немесе бір жыл ішінде қайта жасалған жағдайда жеке тұлғаларға – 150 АЕК, лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне және КеҰ-ға – 450 АЕК, орта кәсіпкерлік субъек­тілеріне – 600 АЕК, ірі кәсіп­керлік субъектілеріне – 1500 АЕК (міндетті тәркілеумен, залалдың толық өтелуімен).

Қылмыстық іс заңсыз кесу салдарынан табиғатқа келтірілген залал мөлшері 50 АЕК-тен асқан жағдайда қозғалады. Бұл жағ­дайда айыппұлдан бөлек, түзету іс-шаралары мен қоғамдық жұ­мысқа тарту, бас бостандығын шек­теу немесе одан айыру, сондай-ақ мүлікті тәркілеу жазалары қарастырылған.

Ресми статистикаға сүйенсек, Ертіс-Баян өңірінде қылқан жа­­пырақты ағаштар 5 орман шаруашылығы мекемесінің жер­лерінде өседі. Оның ішінде екі мекеме ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесіне ие. Біріншісі – «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты, жалпы аумағы 278 мың гектар, оның ішінде 194,3 мың гектары орманмен көмкерілген. Екіншісі – Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, жалпы аумағы 68 мың га, оның ішінде 19 мыңы – орманды алқаптар.

Мереке қарсаңында облыс аумағында Ресейден жеткізілетін табиғи шыршалар толып кетеді. Табиғат қорғау инспекторлары полицейлермен бірлесіп, олар­дың заңдылығын тексеріп әлекке түседі. Тұрақты жүргізілген мо­ниторинг нәтижесінде өңір­де өткен жылы Жаңа жыл мерекесі қарсаңында қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кесу дерегі тіркелмеген.

Жалпы, Павлодар облысы аума­ғында орманды заңсыз отауға қатысты қылмыстардың был­тырғыға қарағанда өскені байқалып отыр. Өткен жылы 13 заңсыз ағаш кесу дерегі анық­талып, 5 қылмыстық іс қозғалған. Жалпы сомасы 1 млн 163 мың теңге айыппұл салынған. Биыл жыл басынан 18 заңсыздық орын алып, 11 қылмыстық іс тіркелген.

 

Павлодар облысы

Соңғы жаңалықтар