Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
«Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Жаһан жұрты елімізді, ең алдымен, өнеріміз арқылы танып-біледі. Біз – Ұлы далада тамыр жайған бірегей мәдениеттің заңды мұрагеріміз. Қазақ жерінен шыққан қайталанбас өнер иелерінің теңдессіз туындылары тұтас ұлтты тәрбиеледі. Қазір төл мәдениетіміз дүние жүзіне танылып жатыр. Талантты музыканттарымыз әлемдік сахналарда табысты өнер көрсетіп жүр. Қазақ киногерлері түрлі халықаралық байқауларға қатысып, сарапшылардың жоғары бағасына ие болуда», деген еді Президент.
Еске салсақ, елімізде былтырдың өзінде 45 жаңа мәдениет нысаны салынған еді. Президенттің тапсырмасымен, бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Бурабайда өткен отырысында аймақтағы театрларды дамыту туралы нақты тапсырма берді. Театрлардың көпшілігі толық жаңғыртуды қажет ететіні рас. Осы орайда «Жастар» театрының ғимаратын жөндеу жоспарланып, сондай-ақ Астана қаласында Қуыршақ театры үшін жаңа ғимарат салу мәселесі қарастырылып отыр. Ал алдағы жылдары Семей, Қонаев және Ақтөбе қалаларында жаңа драма театр ғимараттарын салу көзделген. Бұған қоса, республикалық театрлардың ғимараттарын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Алматы қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры мен Наталия Сац атындағы Мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театрының ғимараттары реконструкцияланып жатыр. Бұл бағытта басқа да мәдени орындар бар.
Айта кетейік, биыл барлығы 61 мәдениет нысанының құрылысы аяқталды. Өңірлерде 251 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ елорданың тарихын зерттеудің маңызды орталығына айналатын «Бозоқ» археологиялық паркін құру жұмыстары жалғасып келеді.
Мәдениет саласы қызметкерлерін әлеуметтік қолдау – басым бағыттардың бірі. Азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысы кезең-кезеңімен арттырылды. Мәселен, 2022–2025 жылдар аралығында мәдениет және архив ұйымдарында еңбек ететін 64 мың қызметкердің жалақысы жыл сайын 20 пайызға өсті. Мемлекет сондай-ақ өнер саласындағы көрнекті тұлғаларды стипендиялар мен марапаттар арқылы ынталандыруда. Жыл басында мәдениет саласының 75 өкіліне мемлекеттік стипендия тағайындалды. Президент Жарлығына сәйкес бірқатар азамат Қазақстан мәдениетін дамытуға және насихаттауға қосқан үлесі үшін марапатталды.
Сонымен қатар бірқатар жетекші мәдениет мекемелері ресми түрде «академиялық» мәртебе алды. Олардың қатарында Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры, Алматы мемлекеттік қуыршақ театры, А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры, Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясы бар.
Биыл Ақтау қаласы түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды. Бұл мәртебені Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы берді. Ақтау жиырмадан астам елдің мәдениет майталмандарын қабылдап, фестиваль, көрмелер, конференциялар мен шығармашылық жобалар ұйымдастырды.
Рухани мұраларымыз цифрлық форматқа көшіріле бастады. Таяуда ұлтымыздың бір жарым мың ән-күйі мен фольклорлық мұрасы ең танымал халықаралық платформаларға салынды. Төл өнеріміз креативті өндіріс арқылы барынша насихатталады.
Иә, аталған саладағы биылғы жетістіктерге жекелей тоқталғанымыз жөн болар. Бейжің қаласында Қазақстанның мәдениет орталығы ашылғаны есте. Рухани орта өнер, тіл және мәдени алмасуға, еліміздің мұрасын таныстыруға арналған ауқымды алаңға айналды. Орталық бүгінде 2000-нан астам адамды қабылдап үлгерді. Мәдениет алаңы көрме, білім беру және ағартушылық бағытта жұмыс істейді. Бұл Мемлекет басшысының Қазақстанның мәдени дипломатиясын нығайту жөніндегі тапсырмаларына толық сай келеді.
Сондай-ақ биылғы мәдени оқиғалардың ішінен Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойын ерекше атап өтеміз. Атаулы күн ЮНЕСКО-ның 2024–2025 жылдарға арналған халықаралық деңгейде аталып өтетін мерейтойлар тізіміне енді. Бұл – композитордың әлемдік музыка мәдениетіне қосқан үлесін айқындайтын айтулы оқиға. ЮНЕСКО композитордың қазақ дәстүрін, фольклорлық мұра мен заманауи музыканы үйлестіре білген кәсіби шеберлігін жоғары бағалады.
Хакім Абайдың 180 жылдығы да кең көлемде өткерілді. Бірқатар нәтижелі жобалар жемісін беріп, елге пайдалы жұмыс атқарылды. Осы орайда Рим қаласында ақынның ескерткіші орнатылды. Бұл маңызды оқиға Италия халқының назарын аударып, Қазақстан мен Еуропа арасындағы мәдени байланысты нығайтты. Ал Қырғызстанның Ош қаласында Абай атындағы көше, ескерткіш және музей ашылды. Бұл екі ел арасындағы бауырластық қарым-қатынастың рәмізіне айналды. Сондай-ақ Армениядағы Қазақстанның мәдени күндері аясында Ереван қаласында Абай Құнанбайұлы атындағы саябақ ашылды. Бұл оқиға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ереванға ресми сапары барысында екі ел басшыларының келісімдері нәтижесінде жүзеге асты.
Қазақстан мен Қырғызстан президенттері қатысқан Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовқа арналған ескерткіш ашылғанына да ерекше қуандық.
Бұдан бөлек, биыл Армения мен Ресейде Қазақстанның мәдени күндері өтті. Ал Қазақстанда Вьетнам халқының мәдени күндері ұйымдастырылды. Мұндай іс-шаралар халықаралық мәдени коммуникацияны нығайтып, елдің шығармашылық жобаларға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Биыл ел театрлары да айтарлықтай жетістіктерге жетті. «Астана Опера» театрының шетелдегі гастрольдері
аншлагпен өтіп, театр әртістерінің өнері әлемнің жетекші сахналарында жоғары бағаланды. Атап айтқанда, Нұрсұлтан Әнуарбек әлемдік операдағы ең беделді жобалардың бірі – Үлкен театрдың Жастар бағдарламасына конкурс арқылы қабылданды.
Ұлтты өрге бастайтын ғадеттердің бірі – оқу мен білімге құштарлық екені сөзсіз. «Біз озық ойлы ел боламыз десек, ең алдымен, кітап оқитын ел болуымыз керек» деген сөз бүгінде идеологиялық құралға айналып үлгерді. Биыл алғаш рет «Ұлттық кітап күнін» атап өткеніміз осының айқын дәлелі. Игі бастамаға халық та барынша қолдау білдірді. Әсіресе жастар ерекше белсенділік танытты. Яғни бұл осындай рухани мазмұнды жобалардың нәтижелі жалғасатынын білдірсе керек.