Өшпес даңқ • Кеше

Майдангер марапатталды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан көзі тірі ардагерлер санаулы. Солардың бірі – Алматы қаласында тұратын майдангер Василий Фомич Шипилев 23 желтоқсанда 102 жасқа толды.

Майдангер марапатталды

Алматы қаласы Алмалы ауданы­н­ың Қорғаныс істері жөніндегі бас­қарма­сының әскери қызметшілері қарияның шаңырағына арнайы барып, туған күнімен құттықтады. Олар майдангерге Қорғаныс министрінің құттықтау хаты мен сыйлық табыс етті.

«Соғыс ардагерлері ерекше назар мен құрметке лайық. Олардың біздің игілігіміз үшін жасаған еңбегін бағалап, алғыс білдіру өте маңызды», деді Алмалы ауданы Қорғаныс істері жөніндегі басқарманың топ бастығы, капитан Гүлсім Бәкірова.

Егде тартқанына қарамастан, ардагер қонақтарды жақсы көңіл күймен қарсы алып, соғыс жылдарынан естеліктер айтты.

Василий Фомич 1923 жылы 23 желтоқ­санда Алтай өлкесінің Карпово ауылында дүниеге келген. Кіші авиация мамандарын даярлайтын мектепте оқып, әуе атқышы және радист мамандықтарын меңгерген. Жауынгерлік жолын 1944 жылы сәуірде бастаған. Ол кезде жасы небәрі 21-де еді. Жас сарбаз Приморск дербес армиясының барлау полкіне жіберіліп, кейін III Беларусь майданы радиоторабының бастығы болып тағайындалған.

Василий Шипилев әскери қызмет жолында I дәрежелі «Отан соғысы» орде­німен, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Гер­ма­­нияны жеңгені үшін», басқа да ме­даль­дармен марапатталды. Со­ғыс­­тан кейін де әскери қызме­тін жалғас­­­тырып, 1950 жылы запасқа шыққан.

Одан соң бұрғылау қондырғы­сында жұмысшы, кейін шебер болып жұмыс істеген. Макарон фабрикасында барлық мамандықты мең­геріп, VI дәрежелі слесарь атанды. Осы жерде ол әйелі Валентинаны кез­дестіріп, отау құрды. Екеуі 62 жыл бірге өмір сүріп, Римма, Ольга және Ирина атты үш қызды дүниеге әкелді. Олардан алты немере мен шөберелері бар.

Соңғы жаңалықтар