Қоғам • 25 Желтоқсан, 2025

Елімізде полицейлер күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті

50 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Үкімет басшысы Олжас Бектенов құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысын өткізді. Жиында мереке күндеріндегі қауіпсіздік шаралары пысықталды, деп жазады Egemen.kz.

Елімізде полицейлер күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті

Фото: Ашық дереккөзден

Жаңажылдық мереке күндері елімізде қоғамдық тәртіпті қорғау және өрт қауіпсіздігін бақылау күшейтіліп, резервтік күштер әзірленеді. Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха көшелердегі полиция патрульдері көбейіп, стратегиялық нысандар мен азаматтар көп жиналатын орындарда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылатынын айтты. 

Мереке қарсаңында өңірлерде мыңнан астам бұқаралық іс-шара жоспарланған. Олардың басым бөлігі балалардың қатысуымен өтеді. Осыған байланысты Премьер-министр Ішкі істер министрлігіне Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесе отырып, жоспарланған іс-шаралардың қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдауды және тәулік бойы патрульдік, кезекші құрамның жұмысын ұйымдастыруды тапсырды.

«Біздің міндетіміз іс-шаралар өтетін жерлерде құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу жұмыстарын қамтамасыз ету. Көшелер мен қоғамдық орындарда қылмыстардың профилактикасының тиімді жүйесін құрған жөн. Жағдайды бақылауға алып, оның ішінде бейнекамералар арқылы визуалды бақылау ұйымдастыру қажет. Қажет болған жағдайда оқиғаларға шұғыл әрекет ету шараларын қамтамасыз етіңіздер. Сондай-ақ адамдар көп жиналатын нысандарда лаңкестік шабуылдардың алдын алу үшін кешенді профилактикалық шаралар қабылдансын. ІІМ мен ТЖМ-ға күшейтілген режимде жұмыс істеу тәртібіне көшуді тапсырамын», деп тапсырды Премьер-министр.

вв

Мереке күндері өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне де көңіл аударылды. Іс-шаралардың басым бөлігі адамдар көп жиналатын нысандарда, сондай-ақ ойын-сауық және қоғамдық орындарда өтеді. Шараларда пиротехникалық өнімдер де қолданылады. Бүгінде айналымнан 700 бірліктен астам және 97 қорап сертификаты жоқ пиротехника алынған. Мереке қарсаңында тағы бір рет «Құқықтық тәртіп» профилактикалық іс-шараларын өткізу тапсырылып отыр. Оның аясында пиротехникалық өнімдерді сақтау және сату орындарына рейдтер ұйымдастырылады.

ТЖМ мамандары адамдар көп жиналатын 7 мыңнан астам нысанды тексерген. Сондай-ақ мерекелік іс-шаралар өткізілетін орындар тексеріліп, пайдалануға рұқсат берілген. 

Халықтың әлеуметтік осал санатындағы азаматтар тұратын тұрғын үйлерде өртке қарсы датчиктерді монтаждау жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта тұрғын үйлерде 36 мыңнан астам қорғаныс құрылғылары орнатылған. 

Мереке күндері қала ішінде де, шығаберіс жолдарында да автомобиль трафигі артатыны да сөзсіз. Сондықтан автомобиль жолдарында ерекше бақылау орнатылған. Мамандар ауа райы нашарлаған жағдайда құтқару жұмыстарын пысықтады.  Ал автожолдарда жылыту орындары жабдықталған, арнайы техника мен авиация жедел ден қою режиміне ауыстырылған. 

Өңірлерде балаларды тасымалдауда міндетті түрде полиция қызметкерлері бірге еріп жүруге тиіс. Әкімдерге бұл мәселені ерекше бақылауға алу тапсырылды.

«Өңір әкімдіктеріне алдағы мерекелерді қауіпсіз өткізу бойынша кешенді профилактикалық шараларды қабылдауды тапсырамын. Энергетика министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, энергетикалық объектілерде қауіпсіздікті және олардың ақаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз етсін. Жылыту және сумен жабдықтау жүйелерінің барлық параметрлерін сақтап, жедел әрекет ету үшін жөндеу бригадаларының кезекшілік кестесін жасау қажет. Жалпы алғанда барлық мемлекеттік орган мен құрылым мереке күндерін сәтті және тыныш өткізу үшін жан-жақты шаралар қабылдауы керек», деді Олжас Бектенов.

Соңғы жаңалықтар