– «Едігедей ер қайда» деп қалың ел өзіңнің толағай күшіңе бұйырған орасан жетістіктеріңе қуанады. Оқырманға өзіңді жақынырақ таныстырсақ деген мақсатта әңгімеге тартқалы отырмыз.
– Шымкент қаласында өмірге келіп, бес жасымда отбасым Астана қаласына қоныс аударды. Мектепті елордада тәмамдадым. Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназияда 11 жыл білім алдым. 5-сыныптан бастап ауыр атлетика спортына қызығып, 10 жасымнан бері шұғылданып келемін. 3 жасымнан спортқа жақын болдым. Анам алғашында каратэ үйірмесіне жаздырды. Екі жылдан астам қатыстым, бірақ аса қызықпадым. Тіпті кейін жаттығуға барғым келмей, меселім қайтты. Себебі бапкерлері аяқты керіп жаттығу жасатқанда сіңірім созылып, ауырып шыдатпайтын. 3-сыныптан бастап дзюдо күресіне ауыстым. Бірақ қатарластарымнан жасым кіші, бойым да тапал болғандықтан жарыстарға қоспайтын. Тек жаттығуға қатысамын, сайысқа апармайды. Тұлпарды шыңдайтын бәйге секілді, спортшыны да қайрайтын сайыс. Бірақ мені бапкерлер «жасың кіші» дегенді желеу етіп турнирлерге қатыстырмайтын.
– Зілтемірге қызығушылығың қалай оянды?
– Астанаға қоныс аударған соң әкем дәмханада аспаз болып жұмыс істеді. Дәмхананың күзет қызметіндегі Жәнібек деген кісі ауыр атлетикамен шұғылданады екен. Әкеме келіп жүргенде маған назары ауса керек. «Балаңыздың ауыр атлетикамен шұғылдануына жол көрсетейін, өзіммен бірге жаттығу залына ертіп барайын» депті. Сөйтіп, сол кісіге ілесіп ауыр атлетика спортына жазылдым. Алғашында ауыр соқты. Өйткені Жәнібек аға зілтемірді көтерудің техникасын үйретпейді, өзі жаттығу жүргізеді, мен соны барынша қайталауға тырысамын. Арада бірнеше күн өткенде білікті бапкер Айбек Аманиязовқа аманаттап тапсырды.
– Бұғанаң бекімей жатып зілмауыр темір көтеруге ата-анаң қарсы болмады ма? Ауыр атлетика жарақаттану да жиі орын алатын спорт түрі ғой.
– Анам бастапқыда ауыр атлетика спортын таңдағанымды аса қуаттай қоймады. «Бойың өспейді, мертігесің» деп қарсы да болды. Алайда маған зілтемір көтеру білек күшін сынаудың нағыз алаңы секілді көрінді. Рас, иығымнан жиі жарақаттандым, тоқпан жіліктің жауырынға бітіскен тұсы тайып кетеді. Қақсап ауырғанда темір былай тұрсын, бір жапырақ қағазды көтере алмайсың. Дегенмен ағзамның жастығынан шығар, жарақаттан тез айығып, жаттығуды жалғастыра беремін. Қазір енді анамның да бұған көзі үйренді, бұрынғыдай аса уайымдай бермейді. Ауыр атлетиканың техникасын тереңдеп игерсең, жарақатқа ұрынбайсың. Бұл спорт түрінде көбінесе тізенің сіңірі сөгіліп, белге салмақ түседі. Оқу-жаттығу жиынында, жарыс кезінде жеке бапкерім қасымда жүрсе техниканы, күшті қалай сарқу қажеттігін жіті қадағалайтындықтан, қателікке бой алдырмаймын.
– Сенің есім-сойыңа қалың жанкүйер 2022 жылдан бері қанық. Сол жылы жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атандың. Одан кейін екі жыл қатарынан жастар сапында теңдессіз екеніңді әйгіледің. Ендігі меже Олимпиада додасы ма?
– Жасөспірімдердің әлем чемпионатына 73 кг салмақта қатыссам, 2023 жылы жастар арасында өткен жаһан додасына 81 кг салмақта күш сынастым. Былтыр да жастар аламанында 89 кг салмақ дәрежесінде қайратымды сынап, үздік атандым. Енді ересектер қатарына өттім, солардың ортасында беделімді арттырғым келеді.
– Бала күніңнен өзіңе қарсылас болып келе жатқан өзге елдердің ауыр атлеттерін зерттеп, зерделейсің бе? Олардың аяқ алысы қалай?
– Диорбек Эрматов деген өзбекстандық ауыр атлет бар. Жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатында жұлқа көтеруден де, серпе көтеру сынынан да Ирматовтан басым түстім. Арада бір ай уақыт өткенде Ташкентте Азия чемпионаты жалауын желбіретті. Диорбек бірінші жаттығу – жұлқа көтеруден өте әбжіл. Құрлық біріншілігінде жұлқа көтеруден 1 кг артық игеріп озғанымен, серпе көтеруде шаң қаптырдым. Эрматов серпе көтеруде 165 кг зілтемірді әрең еңсерсе, мен 173 кг салмақты төбемде ұстап, әлемнің һәм Азия құрлығының рекордын жаңарттым. Былтыр жастар арасындағы әлем чемпионаты Испанияда өткенде колумбиялық спортшы Хоксер Альбернос бұла күштің иесі екенін көрсетті. Осы қарсыласымды да қадағалап жүремін. Хоксер биыл Норвегияда ересектер арасындағы әлем біріншілігінде жастығына қарамай ересектермен тайталасып, қола медаль еншіледі.
– Бұл сайысқа сен де қатыстың ғой...
– Сұрағыңыз келгенін түсіндім. Тіземнің жарақаты көлденең кесір болды. Серпе көтеруде 199 кг зілтемірді еңсеремін деп сырқатымды асқындырып алдым. Одан бұрын әлем чемпионатына күшімізді сарқығаннан гөрі Ислам ынтымақтастығы ойындарында жүлде алуға баса көңіл бөлдік. Алтын медаль олжалауды көздеп едік, Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында қола медаль бұйырды. Жастардың сапынан ересектер қатарына жаңа қосылғандықтан, ортаға бой үйрету де жеңіл тимейді екен.
– Өз бауырымыздан өрбіген жергілікті спортшыларымыз да зілтемірді қалай көтере алатынын Илья Ильин, Алмас Өтешов, Жасұлан Қыдырбаев, Владимир Седов сынды толағай күштің иелері дәлелдеді. Ауыр атлетикадан Олимпиада жүлдесін алу жолында легионерге арқа сүйемей-ақ баптай білсе, өзіміздің ұландарымыз да олжа салатынын Анна Нұрмұхамбетова, Жазира Жаппарқұл сынды бұрымды аруларымыз да әйгіледі. Сол саңлақтардың ізі жалғасатыны белгілі ғой.
– Ауыр атлетиканың айналасында орасан дау туып, қаншама спортшыны допинг дауылы үйіріп әкетті. Өкініштісі, бұл спортқа деген жанкүйердің көзқарасы да әрқилы. Мысалы, әлеуметтік желіге жаттығу сәтінен не болмаса сайыс кезіндегі бейне, фото жариялап пост салсаң, пікір жазушылардың басым көпшілігі күмәнмен қарайды. «Бұл да ертең допингке ұрынады, әйтпесе мұндай жетістікке жету қайда» дейді қаралап. Жүрегіңе ине шаншығандай күйге түсесің. Тыйым салынған препаратты қолдану бүгінде маңызды емес. Спортшыға атақтан абырой қымбат. Сондықтан да ол жетістікке жетудің жеңіл жолын іздемейді. Шүмектеп төккен тердің өтеуіне жүлде бұйыратынын сезеді.
Тағы бір көңіліңді ортайтатын жайт, ауыр атлеттерге басқа спорт түрлеріне қарағанда құрмет, қошемет әлі де аз. Өзге спортшылардың бәйгесін қызғанбайсың. Дегенмен пенде болған соң біз де сондай марапатқа, елдің алқауына ілінсек деп күтесің. Мысалы, өзге спорт түрлерінен қатарластарым жастар арасында әлем чемпионы атанса, демеушілер, атымтай жомарт азаматтар оқалы шапанын жауып, автокөліктің кілтін ұстатады, тіпті пәтер сыйлағандарды да көріп жүрміз. Бізге де бұйыратын шығар мұндай құрмет. Ендігі межеміз – 2028 жылы өтетін Лос Анджелес Олимпиадасы. Сол додада топ жарып олжамен оралуға барымызды саламыз. Олимпиада асуына жеткізетін тынымсыз еңбек. Тынбай әзірлік жүргізіп, жарақаттан аман болсақ еліміздің мерейін асырып, жанкүйерлерімізді қуантуға тырысамыз.
Ауыр атлетикадан әлемде бәсекелестік өте жоғары. Жаңағы өзбек Эрматовтан бөлек, орта салмақта Индонезияның бағына туған Ризки Жуниансья бар. Былтыр 20 жасында Париж Олимпиадасының чемпионы атанды. Индонезия спортының тарихында ауыр атлетикадан Олимпиада алтынын алғаш алған талантты спортшы. Ол да қос алақанын ысқылап, екі дүркін чемпион атануға барын салатыны сөзсіз. Қытай елінің ауыр атлеттері тегеурінді. Солтүстік Корея елінде де алып күш иелері жетерлік. Еуропа құрлығында да бәсекелестік қызып тұр. Осындай оғландардың арасынан озып шығу оңай соқпайтыны мәлім. Десе де анамыз да бізді туғанда «ер баланы өмірге әкелдім» деп қалжа жеді. Сондықтан аянып қалмаймыз.
– Сәттілік тілеймін.
Әңгімелескен –
Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»