Білім • Бүгін, 08:20

«TALIS»: білім үдерісінің қарқыны қандай?

0 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«TALIS» – мұғалімдердің тәжірибесін, шынайы жағдайын көрсететін ең ауқымды халықаралық зерттеудің бірі. Биыл оған 54 ел қатысты. Қатарында Қазақстан да бар. Жақында зерттеудің нәтижесі жария­ланды. Көптеген елде жұмыс жағдайына қанағаттану деңгейі төмендегенімен, еліміз керісінше көш басына шыққан екен. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Экономикалық ынтымақтас­тық және даму ұйымы директоры Андреас Шляйхер, сала мамандары зерттеу нәти­жесіне қатысты пікір білдірді.

«TALIS»: білім үдерісінің қарқыны қандай?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Зерттеуде жеке фактор­ларға, жұмыстағы қажет­­­тілікке, мұғалімдерге бе­рі­летін ресурсқа, олар­­дың нақты тәжірибесіне тікелей әсер ететін жағ­­дайға назар аударылады. Сон­­дай-ақ бұл фак­тор­­лардың мұ­ға­­лімдердің жұмысқа қана­ғат­­­та­нуына, өз мансабына, бола­ша­ғына қатысты жоспарына қалай ықпал ететінін қарастырады.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова 6 жыл ішінде мұға­лімдердің еңбегін бағалау, олар­дың жалақысы мен жұмыс жағдайын жақсарту бағы­тында нәтижеге қол жеткізуі Мемлекет басшысы бас­таған үздіксіз реформалардың жемісі екенін атап өтті.

– Зерттеу деректеріне көз жү­гіртсек, мұғалімдердің жа­ла­­қыға қанағаттану деңгейі екі есе өсіп, 75 пайызға жеткен. Әсіресе мемлекеттік мек­тептердің ұстаз­дары жа­лақының жақсарғанын анық сезінген. Қалалық мектеп мұ­ғалімдері де бұл пікірді рас­тап отыр. Сонымен бірге мұға­лім мамандығының қоғамдағы беделі артып келеді. Еліміздегі ұс­таздардың 82 пайызы қоғам олар­дың еңбегін бағалайды деп санайды. 73 пайызы БАҚ мұғалімдердің жұмысын оң қырынан көрсетеді деп сенеді, ал 58 пайызы саясаткерлер де ұстаздардың еңбегін лайықты бағалайды деген пікір­де. Оқу­шылардың жоғары же­тістік көрсеткен үлесі де үш есеге арт­қан. Жас мұғалімдердің 78 па­йызы «таңдау мүмкіндігі ­бол­­са, мұғалімдікті қайта таңдар ­едім» деп жауап берген. Бұл – ма­­ман­дықтың жас буын үшін тар­тымды бола түскенінің айқын белгісі. Мұғалімдердің кәсі­би дамуға деген ынтасы да жо­ғары. Бүгінде ұстаздардың 64 па­йы­зы түрлі кәсіби даму бағдар­ла­маларын аяқтап, олардың өз педагогикалық тәжірибесіне үлкен ықпал жасағанын мо­йын­дай­ды. Жасанды интел­лек­тіні қолдану да білім жүйе­сіне кеңінен еніп жатыр. Мұға­лімдердің 59 пайызы ЖИ құрал­дарын өз жұмысында пайдаланады. Бұл көрсеткіш көп­теген елдің орташа деңгейінен жоғары. «TALIS» нәтижелері мұ­ғалімдерді қолдауға бағыт­тал­ған реформалардың шынайы әсерін көрсетеді. «Педа­гог мәр­тебесі туралы» заңнан бас­тап, еңбек жағдайын жақсар­ту­ға дейінгі қадамдар нақты нә­тиже беріп отыр, – деді министр.

Ал Экономикалық ынты­мақ­­тастық және даму ұйымы директоры Андреас Шляйхер жалақы маңызды фактор бол­ғанымен, ең бастысы емес еке­нін айтады. Мұғалімдер­дің жұ­мысқа қана­ғаттануына шешу­ші әсер ететін мектептегі қа­рым-қатынас, бас­шы­лық­пен бай­ланыс, ортадағы кә­сі­би мәдениет. Ал зерттеу нәти­­же­сінде, мұғалімдер ең басты қиын­­дық ретінде қағаз­бастылықты атаған.

– Білім беру – коммерция­лық транзакция емес, бұл ұстаз бен оқушы арасындағы тірі байланыс, бірге жүретін жол. Сол себепті мұғалімдерден «Неліктен ұстаз болуды таң­да­дыңыз?» деп сұраған­да, қазақ­стандық педагогтердің көп­шілігі: «Жасөспірімдердің өмі­рін жақсартқым келеді» деп жауап берген. Бұл – өте ма­ңызды мотивация. Ал стресс тудыратын факторларға кел­сек, Қазақстан мұғалімдерін­дегі негізгі қиындық – жұмыс кестесі немесе сабақ саны емес. Олар үшін ең ауыр жүктің бірі – қағазбастылық, әкімшілік жұмыс, құжат толтыру. Бола­шақта жасанды интеллект осы жұмысты жеңілдетіп, мұға­лімдерді артық бюрократиядан босатады деген сенім бар. Бүгінгі күрделі білім беру контексінде мұғалімдердің кәсі­би дайындығы мен оларға қойылатын талаптардың ара­­сын­дағы алшақтық бай­қа­лады. Та­лап­тар тез өзгереді, тех­нология жылдам дамиды, ал университет­тегі дайын­дық бұл өзгеріске ілесе бер­мейді. Сондықтан мектеп мұға­лімдерге тек сабақ өтетін жер ғана емес, күнделікті дамып, ма­шықтанатын кәсіби орталыққа айналуы қажет. Жаңа дағдыларға, жаңа әдіс­терге дайын болу – қазіргі за­манның талабы. Қазақстан бұл тұрғыда да жақсы жағынан кө­рінді. Мұғалімдердің басым көп­шілігі магистрлік деңгейде білім алған. Алайда үздіксіз кәсіби даму әлі де өзекті, – деді ол.

Андреас Шляйхер бұрын­ғы кеңестік елдерде сөзбен істің арасы алшақ болады деген ойын да ашық жеткізді. Оның айтуынша, мұғалімдер көбіне сауалдарға «бәрі жақсы» деп жауап беруге бейім. Ал шын мәнінде жағдай басқаша болады. «Мұғалімдер сауалнамада «бәрі жақсы» деп айтуы мүмкін, бірақ шынайы оқу нәтижесі бұған сәйкес келмей жатады. Себебі олар көбіне қалай болуы керек деп ойлағанын айтады, ал сыныптағы жағдай басқаша. Кәсіби еркіндік аз, жүйеге бейімделу көп. Оның үстіне бұрынғы кеңестік елдерде «бәрі жақсы» деу бұрыннан қалыптасқан дағды. Сондықтан сөз бен шындықтың арасында ал­шақтық пайда болады», дейді ол.

Ғылым және жоғары білім ми­нистрі Саясат Нұрбек мұға­лім бо­луға ынталы жастар қа­тары арт­қанын атап өтті. Министрдің сө­зінше, педагогика саласына грантқа түсу шарттары да қатаңдай түскен.

– Бес жыл бұрын ғана педа­го­гикалық бағытқа түсу көп­шіліктің ойында «диплом алудың ең оңай жолы» ретінде қабылданып кел­гені рас. Бірақ бүгінде жағдай өзгерді, тіпті толық өзгерді деуге негіз бар. Ең алдымен, педагог даяр­лау­дың барлық талабы қайта қаралды. Талаптар күшейтілді, жауапкершілік артты. Ұлттық бір­ыңғай тестілеу бойынша шекті ұпай көтерілді, әсіресе математика, физика сияқты маңызды пәндер бойынша талаптар жоғарылады. Біз та­лапкерлердің неліктен мұға­лім болуды таңдағанына да ерекше мән бердік. Бұрын «алтын белгі» иегерлерінің үштен бірі ғана педагогиканы таңдаса, қазір бұл үрдіс өзгеріп келеді. 2021 жылмен салыстырғанда талапкердің қа­зіргі кәсіби дайындық деңгейі мен қажетті білім көлемі 75 па­йызға арт­қан. Сонымен бірге жаңа міндетті кәсіби емтихан ен­гізілді. Бұл – талапкердің балалармен жұмыс істеу қабіле­тін, педагогикалық дайындық­ты тек­серетін арнайы тест. Биыл осы ем­тиханнан 43 мың талапкер өтті, оның тек 21 мыңы ғана грант­қа, яғни шәкіртақы алатын пе­дагогикалық бағдарламаға қабылданды. Осы шаралар­дың арқа­сында талапкерлердің білім сапасы да айтарлықтай өзгерді. Мысалы, 2019 жылы педагогикалық бағытқа түсу үшін орташа есеппен 95 ұпай жеткілікті болса, бүгінде бұл көрсеткіш 115–120 ұпайға дейін көтерілді. Яғни ең жоғары ұпай жинаған жастар педагог болу­ға таласып жатыр. Алдағы жыл­дары мектепке ынтасы жоға­ры, сапалы жаңа буын ұстаз­дар келетінін күмәнсіз айта ала­мыз, – деді ол.

«Сәби» қорының негізін қа­лаушы, Ш.Уәлиханов атын­дағы мек­тептің мұғалімі Әсел ­Тасма­ғам­бетованың айтуын­ша, егер әр оқушының қажетті­лігіне негіз­делген жеке оқу траекториясы ­болса, олардың барлығы да же­тістікке жете алады.

– Жекеменшік мектептер ке­йінгі жылдары басқа білім ұйым­дарына қарағанда әлде­қайда қарқынды дамып ке­леді. Біздің мектебіміздің мақ­саты тек жеке­меншік секторда өсу емес. Нәти­желі білім мо­делін жасап, оны бола­шақ­­та мемлекеттік мектеп­тер­ге ұсыну. Мектепті дәл осы мақ­сат­та құрдық. Біздің ең үл­кен артықшылығымыз жеке­лен­дірілген – білім моделі. Әр бала­­ның оқу деңгейі, қабілеті, қа­жет­тілігі әртүрлі. Сол себеп­ті оқу­шы­ларды «мықты», «әл­сіз» деп жа­санды топтарға бөліп тастау дұ­рыс емес. Бастысы әр оқушының жеке мүмкінді­гін анықтау, оған жеке қолдау көрсету. Бұл тәсілдің нәтижесін қазірдің өзінде көріп отырмыз. Оқушыларымыз әлем­дегі ең үздік ондыққа кіретін Гарвард, Чикаго, Беркли, UCLA сияқты әйгілі оқу орындарында оқып жүр. Бұл – дұрыс құрылған методологияның, нақ­ты диаг­ностика мен жеке оқу жоспары­ның, бейімделетін платформа­ның, кеңейтілген оқу кеңістіктігі­­нің және оқушының жеке портфо­­лио­сын жүйелі жүргізудің нәти­­жесі. Бұның бәрі мұғалімдерді ар­тық әкім­шілік жұмыстан боса­тып, уақытын оқушыға бөлуге мүм­кіндік береді, –дейді ол.

Жалпы, «TALIS» нәтижесі мұ­­ға­лімдердің әлеуметтік жағ­дайы мен беделінің арт­қанын аңғар­тады. Алайда шығар­машылық ер­кіндіктің шекте­луі мен қағаз­бастылықтың қолбайлау болуы мәселесі шешілмеген түйін қал­пында қалғанын көрсетеді. 

Соңғы жаңалықтар

Ішкі нарықты қорғау міндеті

Саясат • Бүгін, 09:05

Оңтайлысы онлайн төлем бе?

Қаржы • Бүгін, 09:00

Несие мен несібе

Қаржы • Бүгін, 08:55

Құқыққа – сенім, тәртіпке – құрмет

Заң мен Тәртіп • Бүгін, 08:35