«Бостандық аралы бас иген Батыр» атты эсседе КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Сыртқы-құпия барлау комитетінің ардагер-полковнигі Александр Пепелев баяндаған бұған дейін тарихи құжаттарда тіркелмеген қызықты деректерге тап боласыз.
– Мен сол кезде атқарып жүрген әскери құпиялық қызметіме сәйкес Мәскеуден Гаванаға аттанатын кеңестік делегацияның құрамына кәсіпорынның қатардағы инженері (Новосібір) санатында енгізілдім. Атқаратын міндетім айқын, ол – Бауыржан... – дейді қарт агент-полковник. – Бауыржан Момышұлын кубалықтар әуежайда тайлы-таяғы қалмай тік тұрып, ерекше қошеметпен қарсы алды. Кеңестік делегацияның құрамында КСРО-ға танымал кісілер көп. Бірақ азаттық аралы жұртының Момышұлына деген ықыласын сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Гагаринге ғана осындай құрмет көрсетілген. Ерекше салтанатпен он күннің өткенін білмей қалыппыз. Кубаның әскерилері елдің қорғаныс министрі Рауль Кастро бас болып, даңқты қолбасшының Бостандық аралында тағы да 20 күнге алып қалып, дәрісін тыңдау жөнінде мәселе көтерді. Халықаралық дипломатиялық хаттама бұзылмауға тиіс, «елге қайтамыз» деп оған алғашында мән бермегенбіз.
КСРО мен АҚШ арасындағы Кубаға қатысты 1962 жылғы қазандағы «Кариб дағдарысына» жыл толған. «Бақылауымдағы» Момышұлын сондай әлемдік дағдарыс тұрақтанбай жатқанда шетелде қалдырып, делегациямен елге қайттым. Мәскеудегі комитеттегілер маған шүйлігіп қатты «қиғылық» салды. Менің қолымнан не келеді: Хрущев пен Фидель Кастро солай шешіпті. Кейін естігенім, Момышұлы: «20 күн қала алмаймын, он күн қоссаңыздар жетеді, аяқталмай қалған дәрісімді оқып, тәжірибемді командирлермен бөлісіп үлгеремін» деп табандап тұрып алыпты, кубалықтар көніпті.
Құпия-барлаушы полковник Пепелев өзі қатысқан, ұлт батыры Бауыржан Момышұлының Куба сапары оқиғаларын осылай түйіндейді.
Бауыржан Момышұлы 1963 жылы «Бостандық аралына» аяқ басқанда 53-те, Фидель Кастро – 37-де, Че Гевара – 35-те, Рауль Кастро 33 жаста екен. Даңқты әскери қолбасшыдан дәріс тыңдап, нағыз соғыс тактикасына қанығып, қанағаттанған кубалық әскерилер сол жолы Кеңестің атақты коронелін (полковнигін) – Бауыржан Момышұлын Куба Революциялық Қарулы Күштерінің 53-дивизиясына құрметті командир етіп сайлайды...
Кітапта аты аңызға айналған Халық батырының бейбіт қоғамдағы, сұрапыл соғыстағы, жеке өміріндегі оқырманға бұған дейін беймәлім болып келген алуан-алуан өте қызықты тың деректер баршылық.
Айтпақшы, кітаптың аңдатпасы Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың «Бәукеңнің есімі халқымыз үшін қашанда батырлықтың, қайсарлықтың және ержүректіліктің символы болып саналады... Біз ұлтымыздың айбыны мен айбарын асқақтатқан Қаһарманның рухына тағзым етіп, есімін ел жадында мәңгі сақтауымыз керек. Бұл – бүгінгі буынның да, болашақ ұрпақтың да перзенттік борышы» деген алғысөзімен басталады.
Кітап авторы «Egemen Qazaqstan» газетінің ардагер-журналисі Талғат Сүйінбай, редакторы – «егемендік» ардагер, жазушы-журналист Гүлзейнеп Сәдірқызы.