Қаржы • Бүгін, 09:00

Оңтайлысы онлайн төлем бе?

20 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Цифрлық төлемнің күші күннен-күнге артып, халықтың қаржы әдетін түбегейлі өзгертіп жіберді. Бұрын ақша әмиянда жатса, қазір телефондағы батырмаға сыйды. Бір жағы онлайн төлем елдің басты қаржы көзіне айналса, екінші жағынан кәсіпкерлер қолма-қол ақша таппай қиналады. Сауда бар, түсім бар, бірақ айналымда жүретін «жанды ақша» жетіспейді.

Оңтайлысы онлайн төлем бе?

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Ranking.kz дерегінше, елімізде төлем карталарының саны 83 млн-ға жеткен. 10 жыл бұрын адам басына бір карта да жетпейтін, ал қазір әр отандасымызда орта есеппен 4 карта бар. Онлайн төлем бұрынғы әдет емес, күнделікті қаржы мәдениетіне айналды. Карталар көбейген сайын төлем жасау тәсілі де өзгерді. Биыл қаңтар мен қыркүйек аралығында елдегі қолма-қолсыз төлемнің жалпы көлемі 135,2 трлн теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15,5%-ға жоғары. Барлық ақша айналымының 87%-ы – дәл осы онлайн операциялардың үлесінде. Ал қолма-қол ақша шешу 13% ғана болды.

«Онлайн төлем бүгінде бас­ты қаржы арнасына айналды. Барлық операцияның 80%-ы интернет пен мобильді қосымша ар­қы­лы орындалды. Яғни 108,3 трлн теңге онлайн жолмен өткен. QR код арқылы жасалған төлемдер 10,3%, ал POS терминалдар үлесі 9,6% деңгейінде қалды. Бұл – онлайн төлемнің әбден дағдыға айналғанын білдіреді. Халық төлем жасауда телефонға толық сенеді. Төлем жасау мүмкіндігі кеңеюі үшін инфрақұрылым да бірге дамып келеді. 2025 жылғы 1 шілдеде елде 910,7 мың кәсіпкер төлем қабылдаған. Олар 1 мыңнан аса сауда нүктесінде қызмет көрсетеді. Онлайн банкинг те артта қалған жоқ. 2025 жылғы 1 шілдедегі мәлімет бойынша, банктердің онлайн сервистерінде 27,1 млн белсенді қолданушы тіркелген. Бұл бір жыл ішінде 12% өсім берген. Осының бәрі кездейсоқ үдеріс емес. Мемлекет қаржы секторын жаңғырту үшін бірнеше стратегиялық құжат қабылдады. Open API мен Open Banking жүйесін дамытуға арналған тұжырымдама 2023–2025 жылдар аралығын қамтиды», делінген зерттеуде.

Цифрлық технология қаржы саласынан ойып тұрып орын алғаннан кейін елімізде кейінгі кезде бір ерекше жағдай байқалып отыр. Көзбен көріп, қолмен ұстайтын қағаз ақша азайған. Әдеттегі айналымдағы қаражат жоқтың қасы. Кәсіпкерлер бір-біріне қарапайым төлемді де қиындықпен жасайтын болды. Осы құбылысты консалтинг саласының маманы Дамир Мусин анық айтып берді.

 «Қазір кәсіпкерлерді ең көп алаңдататын нәрсе салық емес. Тексеріс емес. Бәсеке де емес. Ең үлкен мәселе – компанияларда ақша таусылып бара жатыр. Ликвидті қаржы жоқ. Соның кесірінен мәмілелер кейінге қалып жатыр. Касса босап қалды. Ең жаманы, бартер қайта оралды. Бұл жағдай елімізде соңғы рет 90-жылдары болған еді», деді ол.

Экономикада ақша азайды. Әсіресе бизнесте, айналымда жүретін қолма-қол ақша, яғни, кэш қатты тапшы. Кәсіпкерлер ақша жоқ болғандықтан мәмілелерді кейінге қалдырып, төлемдерді кешіктіріп отыр. Базарда «қағаз ақша жоқ» деген сөз жиілеп кеткені де сондықтан.

«Базалық мөлшерлеме – 18%, депозиттердің табысы – 16-18%. Яғни адам кәсіп ашқанша, тәуекелге барғанша, ақшасын банкке салып, тыныш жүре берген тиімді. Ал өндірістегі табыс шамамен 10-15% ғана. Зауыт ұстап, 200 адамды жұмыспен қамтып, станок жөндеп әуреленгенше, ақшаңды депозитке салған жеңіл. Қазір кәсіпкерлердің көбі осы жолды таңдады. Сондықтан ақша айналымнан банктерге кетіп, бизнеске жетпей қалды. Осылайша, қолма-қол ақшаның өзі тапшы ресурсқа айналды. Ақшасы бар компания мықты, ақшасы жоқ компания әлсіреп, нарықтан шығып қалуы мүмкін», деп түсіндірді Д.Мусин.

Демек, елімізде кэш тапшы­лы­ғы­ның бірнеше себебі бар. Біріншісі – базалық мөлшерлеменің жоғары болуы. Екіншісі – экономикадағы жалпы ақша көлемінің аздығы. Мысалы, біздің экономикадағы ақша деңгейі ІЖӨ-нің 36–39% мөлшерінде тұр. Ал Ресейде бұл көрсеткіш 55–60 %, Еуропада 100%, АҚШ-та 90% шамасында. Үшінші себеп – халықтың қолындағы кэш көбейгенімен, бизнеске жетпей отыр. Адамдар ақшаны депозитте ұстайды немесе үйінде сақтайды. Ал компаниялар қолма-қол қаражатқа мұқтаж.

Түсінгеніміздей, елімізде қолма-қол ақшаны банкке тапсыру кейде ауыр міндет болып кеткен. Сұрыптау, әр номиналды бөлек дайындау, тозығы жеткенін ажырату сияқты талаптар көп уақыт алады. Енді Ұлттық банк осы үрдісті оңтайландыруға кірісті. «Ашық НҚА» порталында жаңа ережелер жобасы талқылауға ұсынылды. Жаңа ұсыныс бойынша бұл талап алынып тасталады. Енді компания­лар ақшаны ешбір сұрыптаусыз, сол күйінде тапсыра алады. Яғни кассадағы түсімді қалай бар, солай өткізеді. Монетаға да жеңілдік жасалады. Бұрын монетаны арнайы тәртіппен орап өткізсе, енді «транспорттық пакет» деген жаңа, қарапайым қаптама енгізіледі. Бұл монетаны жинау, сақтау, жеткізуді оңайлатады. Сонымен бірге құжаттардағы ескі нормалар жаңартылып, қазіргі заңдарға сәйкестендіріледі.

Бұл құбылыс тек бізде ғана болып жатқан жоқ. Шетелдерді әлде­қашан әлекке салған. Халық­аралық есеп айырысу банкі (BIS) жүргізген көлемді зерттеу қолма-қол ақшаның әлі де маңызды рөл атқаратынын анық көрсетеді. Зерттеуде «Цифрлық төлем қанша өссе де, нақты ақша қоғам үшін қауіпсіздік жастығы болып қала береді. Дағдарыс кезінде адамдар қолма-қол қара­жатқа көбірек сүйенеді» деп жазыл­ған. Яғни экономиканың тұрақ­тылығы онлайн жүйеге ғана емес, айналымдағы нақты ақшаға да байланысты.

Зерттеудің тағы бір маңызды тұжырымы бар. BIS мамандары ақшасыз экономиканың шектен тыс дамуы айналымдағы ликвидтілікті азайтып, шағын бизнес пен қызмет көрсету саласында қиындық туғызатынын айтады. Мұндай елдерде төлем тізбегі баяулап, мәмілелердің уақтылы орындалуы қиындай түскен. Зерттеудегі нақты дерекке сүйенсек, ақшасыз жүйе толық басым елдерде транзакциялық кешігулер 15 пайызға дейін ұлғайған.

ResearchGate порталында жарияланған «Adoption of Cashless Economy in the World» атты халықаралық шолуда да осы мәселе көтерілген.

«Қолма-қол ақшаның тым азаюы нарықтағы ақшаның айналымын тежейді. Цифрлық төлем өскенімен, нақты ақшаға сұраныс ешқашан нөлге түспейді. Тіпті ең дамыған елдерде де қолма-қол қаржы экономикадағы тепе-теңдіктің бір бөлігі. Мәселен, Скандинавияда онлайн төлем 95 пайыздан асқанымен, дағдарыс кезеңінде халық пен бизнес қолма-қол ақшаға қайта жүгінген», деп жазылған зерттеуде.

Осы зерттеулерден түйгеніміз, қолма-қол ақшаның азаюы – табиғи үдеріс, бірақ оның шектен тыс төмендеуі экономикалық тынысты тарылтып жіберуі мүмкін. Ғалымдар мұны «цифрлық ыңғай­лылықтың көлеңкесі» деп атайды. «Енді не істемек керек?» деген сұрақтың тууы да заңды.

Халықаралық тәжірибе үш бағытты көрсетеді. Біріншісі, цифрлық төлемді дамыту тоқ­тамауы керек, бірақ онымен қатар қолма-қол ақшаға қолжетімділікті сақтау қажет. Бұл банкомат желісін ұлғайту, қолма-қол қызметтерді жеңілдету сияқты шаралар. Екіншісі, шағын бизнеске айналымдық капиталды қолдау бағдарламалары ұсынылуға тиіс. Әлемдік зерттеулер қысқа мерзімді микрокредиттер мен жеңілдетілген айналым несиелері нарықтың тынысын ашатынын көрсетеді. Үшінші бағыт – қаржы саласындағы теңгерім. Ақша тек цифрлық жүйеде жиналып қалмай, нақты секторда еркін қозғалуына жағдай жасалғанда ғана экономика қалыпты жұмыс істейді.

Соңғы жаңалықтар

Egov Chatgpt сияқты жұмыс істейді

Технология • Бүгін, 22:48

Бішкекте бес жүлде бұйырды

Спорт • Бүгін, 19:18