Апатты тергеп-тексеру жұмысының комиссиясына Әзербайжан, Ресей, Бразилия уәкілетті өкіл болып, Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) бақылаушысы мүшелік етіп отыр.
Оқиғаға қатысты алдын ала тергеу қорытындысы бұған дейін 4 ақпан күні жарияланған.
Тергеу барысында әуе диспетчерлерінің, ұшуға дайындық, оны орындауға арналған құжаттар мен метеорологиялық ақпарат пен техникалық қызмет көрсету материалдары талданған. Сондай-ақ ұшу деректерін тіркейтін құрылғы мен өзге де маңызды қызметтердің орындалу барысына қатысты мәлімет алынған.
«Тергеу кезінде анықталған бөгде металл заттарға (сыртқы объектілер) кешенді (трасологиялық, баллистикалық, жарылыс-техникалық және өрт) сараптама жүргізілді. Сараптама нәтижелері бойынша жарылғыш заттардың іздері табылған. Зерттеуге ұсынылған үш оттегі баллонында жарылыс іздері жоқ. №2 гидравликалық жүйе түтігінің бір бөлігіне трасологиялық сараптама жүргізілді. Зерттеу нәтижелері бойынша түтікте зақым бар екендігі анықталды», делінген Көлік министрлігінің хабарламасында.
Апатқа әскери қақтығыс әрекеттері себеп болды ма?
Комиссияның екінші тобы қақтығыс аймағынан ұшу кезіндегі тәуекелдерді зерттеуге ден қойған. Бүгінде комиссия Ресей және Әзербайжан авиациалық билігі, «Azerbaijan Airlines» әуекомпаниясы ұсынған ықтимал болжамдарға талдау жүргізіп жатыр. Министрлік мәліметінше, тергеудің осы бөлігінде ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде азаматтық және әскери секторлардың өзара іс-қимылы мәселелері де қарастырылып жатыр.
«Қазір тергеп-тексеру жөніндегі комиссия техникалық қызмет көрсетудің орталық компьютерінің (Central Maintenance Computer) кассетасын зерттеу жұмыстарының аяқталуын, сондай-ақ қақтығыс аймақтарының үстінен немесе олардың маңында ұшуды орындау кезіндегі тәуекелдерді бағалау талдауы бойынша жұмыс тобының есебін күтіп отыр», делінген министрліктің алдын ала тексеру нәтижелері жарияланған құжатта.
Қайғылы оқиғадан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ұшақ апатын зерттеуге бар күш-жігерін салатынын мәлімдеген.
Еске салайық, қаза тапқандардың арасында 3 экипаж мүшесі болған. Апаттан аман қалған азаматтар жергілікті ауруханада ем алды.
Еліміздің құзырлы органдары апаттан қаза тапқан өзге шетел азаматтарының мәйітін еліне жеткізу ісіне белсенді қатысты.
Президент ұшақ апаты кезінде көмектескен әрбір жанға алғыс айтып, 10 құтқарушыға мемлекеттік награда табысталған болатын.