Айбын • 26 Желтоқсан, 2025

Ұлт батырын ұлықтаған 10 томдық жинақ жарық көрді

340 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Мен отанымды ұлы болғаны үшін сүймеймін, өзімдікі болғаны үшін сүйемін». Бұл халқына шексіз берілген туған елінің айтулы перзенті Бауыржан Момышұлының сөзі еді. Биыл батырдың туғанына 115 жыл толып отыр. Соған орай қаһарман тұлғаның қатпарлы тарихын зерделеген 10 томдық еңбек оқырманға жол тартты.

Ұлт батырын ұлықтаған 10 томдық жинақ жарық көрді

Кітаптың тұсаукесері Алматы қаласындағы «Армия үйінде» өтті. Салтанатты жиынға қаладағы әскери оқу орындарының офицерлері мен курсанттары қатысып, батыр рухына тағзым жасады. Іс-шараға Республикалық «Генералдар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, генерал-лейтенант Бексұлтан Сәрсеков модераторлық етті.

Айта кету керек, бұдан бір күн бұрын генерал-майор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ержан Исақұловтың Бауыржан Момышұлы туралы мақаласы жарық көрген еді. Көп ұзамай Мемлекет басшысының пәрменімен батырға «Халық қаһарманы» атағы ресми түрде берілді. Бұл тарихи әділеттің орнауы, ұлттық жадтың жаңғыруы ретінде қабылданды.

9

Тараздағы әскери мектеп-интернатқа Бауыржан Момышұлының есімі беріледі

10 томдық еңбектің авторы Мамытбек Қалдыбай Бауыржан Момышұлымен жиырма жылдан астам уақыт бойы етене араласып, оның майдан жылдарындағы естеліктерін, қолбасшылар мен замандастары туралы ой-толғамдарын көзбен көріп, құлақпен естіп, көңілге түйген азамат. Автор батырдың ерекше мінезін, турашылдығын, шешендігін, елдік намысты бәрінен биік қоятын қайсар болмысын жан-жақты зерделеген. Соғыс пен бейбіт өмірдегі әрбір оқиғадан ой қорыта білетін терең парасаты да осы еңбекте кеңінен ашылған.

бауыржан

Көптомдықта Бауыржан Момышұлының Константин Рокоссовский, Георгий Жуков, Александр Василевский, Иван Баграмян, Иван Панфилов, Александр Фадеев, Алексей Толстой, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Қаныш Сәтбаев сынды әскери қолбасшылар мен руханият алыптары туралы айтқан әңгімелері қамтылған. Бұл деректердің құндылығы – ресми хроникада емес, батырдың өз көзімен көріп, өз ой елегінен өткізген тірі тарихында жатыр. Сондықтан жинақтың тәрбиелік, танымдық салмағы айрықша.

Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағы ресми түрде берілді

Қаһарман өмірінің қатпарлы жолын арқау еткен 10 томдық жинақ «Бекасыл әулие» жеке қорының демеушілігімен Алматы қаласындағы «Керулен Принт» баспаханасынан жарық көрді. Бұл еңбек бір тұлғаның ғұмырнамасы ғана емес, тұтас дәуірдің рухани шежіресі деуге негіз бар.

9

Бауыржан Момышұлының тағдыры мен тағылымы бүгінгі ұрпаққа әлі талай ой салады. Ал сол рухани мұраны жүйелеп, хатқа түсірген бұл көптомдық ұлт жадында ұзақ сақталары сөзсіз.

9

8

 

Соңғы жаңалықтар

Ақтауда көпқабатты тұрғын үйде өрт шықты

Төтенше жағдай • Бүгін, 09:49