Жасанды интеллект қарқынды дамығалы IT саласы кез келген адамға қолжетімді, академиялық білімді университетке бармай-ақ меңгеруге болатын салаға айналды. Аз уақыт ішінде осы бағытқа қызығушылық арта түсті. Алайда көбі неден бастаймын, идеяны қалай жүзеге асырамын, стартап құруға не қажет деген сұрақтың айналасында қалып қояды. Осы тұста елімізде қалыптасып келе жатқан стартап экожүйесі, соның ішінде «Astana Hub»-тың «AI Preneurs» акселерациялық бағдарламалары таптырмас көмек.
«Astana Hub» бас директоры Мағжан Мәдиевтің айтуынша, ЖИ-стартап идеядан емес, фаундерден басталады.
– Классикалық акселераторлар стартапты MVP, алғашқы тұтынушы немесе нарықтық өсім сатысында қабылдайды. Ал жасанды интеллект бағытындағы жаңа форматтағы бағдарламаларда қатысушылар жобасыз, тіпті дайын идеясыз да келеді. Себебі жасанды интеллект дәуірінде идея тез ескіреді, ал өзекті мәселеге шешім ұсыну өміршең қағида. Жобаның «Ideation» кезеңінде қатысушылар нақты проблеманы анықтап, оны бірнеше қырынан талдап, тез арада сынақтан өткізуді үйренеді. Бұл кезеңде «ұнайды» деген субъективті бағадан гөрі «жұмыс істей ме?» деген прагматикалық сұрақ алдыңғы орынға шығады. ЖИ-стартап құрудағы ең үлкен қателіктің бірі – нарықты үстірт бағалау. Мысалы, белгілі бір салада жүздеген мың әлеуетті пайдаланушы бар екенін айту нарықтың бар екенін дәлелдемейді. Нарық дегеніміз – сұраныс пен төлем қабілеті. Сондықтан тәжірибелі менторлар стартап иелеріне үнемі бір сұрақ қояды: бұл өнімді бүгін кім, қандай мәселені шешу үшін сатып алуға дайын? Сұрақтарға жауап бере алмаған жоба, қаншалықты керемет болса да, ұзаққа бармайды, – дейді ол.
Сонымен қатар стартап құрудағы келесі маңызды фактор – команда. Жасанды интеллектіге негізделген стартапты бір ғана мамандық иесі құра алмайды. Мұнда технологияны терең түсінетін инженер, нарықты жақсы білетін маман әрі шешім қабылдай алатын фаундер қажет. Сондықтан акселерациялық бағдарламада қатысушылар идея іздеуден бұрын, өзіне серіктес, пікірлес, жауапкершілігі жоғары команда мүшелерін табуға басымдық береді екен.
Финтех және блокчейн саласында тәжірибесі бар кәсіпкер Азат Бекмағамбетовтің айтуынша, жасанды интеллектіге негізделген өнім жасау жеткіліксіз. Маңыздысы нарыққа қажет, табыс әкелетін сервис құру. Көптеген жоба дәл осы жерде қателеседі.
– Жасанды интеллектінің өзі өнім емес, ол – құрал. Өнім дегеніміз – адамның нақты мәселесін шешетін нәтиже. Көптеген стартап «бізде ЖИ бар» деген тұжырыммен шектеліп қалады. Ал табысты жобалар керісінше, алдымен шешілмей жүрген мәселені анықтап, кейін ғана неге дәл осы жерде жасанды интеллект тиімді екенін дәлелдейді. Бұл тәсіл технологияны мақсат емес, құрал ретінде қолдануға мүмкіндік береді. ЖИ-стартап экожүйесіндегі тағы бір ерекшелік – жылдам тестілеу мәдениеті. Идеяны ұзақ уақыт бойы жетілдіремін деп ұстап отыру бұл салада тиімсіз. Нарыққа тез шығу, кері байланыс алу және қажет болса, бағытты өзгерту – дамудың басты шарты. Бұнда ең қауіпті нәрсе сәтсіздік емес, өз-өзіңді алдау. Жасанды интеллектіге негізделген кәсіпкерлік жолын таңдаған адам жеңіл табысқа емес, ұзақ әрі күрделі жолға дайын болуға тиіс. Бұл жолда тұрақсыздық, белгісіздік аз болмайды. Дегенмен дұрыс орта, кәсіби менторлар мен жүйелі жұмыс бар жерде нәтиже де болады, – дейді ол.
Жасанды интеллект бағытындағы стартаптар үшін инфрақұрылым мен сапалы дерекке қол жеткізу шешуші факторлардың бірі саналады. Себебі ЖИ-ге негізделген өнім алгоритмге ғана емес, есептеу қуатына, деректерді өңдеу мүмкіндігіне және тұрақты технологиялық ортаға тәуелді. Мағжан Мадиевтің сөзінше, акселерациялық бағдарламалардың рөлі тек білім берумен шектелмейді, олар стартап иелерінің технологиялық ойлау жүйесін өзгертеді. «Мұндай акселерациялық бағдарламалар қатысушыларға тек теория үйретіп қоймайды. Олар технологиялық ресурстарды қалай пайдалану керек екенін, инфрақұрылымға стратегиялық тұрғыдан қарауды үйретеді. Бұл – бір ғана жобаны іске қосу емес, ұзақмерзімді, тұрақты экожүйе қалыптастыруға бағытталған қадам», дейді.
«AI Preneurs» бағдарламасына жиналған қатысушыларды біріктіретін ортақ себеп те осы экожүйенің бір бөлігі болуға ұмтылыс. Бірі мұнда жаңа идея іздеп келеді, екіншісі сенімді команда құруды мақсат етеді, ал үшіншісі кәсіби орта мен пікірлес адамдарды табуды көздейді.
– Мен бұл бағдарламаға жүзеге асырғым келетін идеяммен келдім. Ол – фаундерлер мен компанияларға жылдам масштабталуға, B2B тұтынушылар мен серіктестер табуға көмектесетін жасанды интеллект платформасы. Стартап ашуға деген ниетім бұрыннан бар еді, алайда қажетті ресурс пен неден бастау керектігін білмедім. Осы бағдарлама туралы естіген сәтте-ақ: «Міне, дәл осы – іздегенім», деген ой келді. Бағдарламаға келудегі басты мақсатым – пікірлес адамдарды табу, сенімді команда құру және бірлесіп нақты стартап жасау. «AI Preneurs» алаңына мен ең алдымен команда жинау үшін келдім. Өйткені идеяны іске асыру үшін жалғыз адамның күші жеткіліксіз. «Бағдарламаға дайын идеямен де, идеясыз да келуге болады. Мұнда ең бастысы – ниет пен жүйелі еңбек. Жұмыс барысында сен жалғыз емес екеніңді, қасыңда дәл сен секілді ізденіп жүрген адамдар бар екенін сезінесің. Бұл сенім стартап жолындағы ең маңызды тіректердің біріне айналады, – дейді ол.
Осылайша, «AI Preneurs» жасанды интеллектіге негізделген стартаптарды ортақ мақсатқа жұмыс істейтін кәсіби қауымдастыққа айналдыруға ықпал етіп отыр.